24.11.2020, 8:59
Оқылды: 62

Екінші тоқсан басталды

Оқушылар арасында COVID-ке шалдығу оқиғалары кездесуде. Бүгінгі таңда осындай 83 жағдай тіркелген. Оның ішінде 72-сі мектеп оқушылары, тоғыз балабақша тәрбиеленушілері, екі колледж студенті бар. 24 оқушы сауығып шығып, қазіргі күнде сабақтарын жалғастыруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева баяндап берді.

E0CA10AE-26E0-4AD2-8AD5-F6F8DD678BA5

– Облыс бойынша оқу жылының екінші тоқсаны басталды, оқыту бірінші тоқсанның форматы бойынша жүргізіледі. Қазіргі таңда 379 мемлекеттік мектеп болса, олардың 251-і штаттық және 128-і қашықтан жұмыс жасайды. Жалпы, мемлекеттік мектептердергі оқушылар саны 111 мыңнан астам болса, олардың 20%-ы (22 868 оқушы) штаттық режімде, ал 48%-ы (53640 оқушы) қашықтан оқытылса, қалғандары кезекші сыныптар. Облыста бастауыш сынып оқушыларының 57%-ы (34 684 оқушы), мектепалды даярлық сыныптарының 54%-ы (4 286 оқушы) кезекші сыныптармен қамтылған. Барлық штаттық режімдегі және кезекші сыныптары бар мектептердің, колледждердің, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылуда. Білім беру ұйымдарында санитарлық нормалардың сақталуы облыс, аудан (қала) әкімдіктері және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қатаң бақылауында, – деп атап өтті Светлана Ибрагимқызы.

Білім басқармасы өкілінің айтуынша, қашықтан оқитын мектеп оқушыларын қажетті құрылғылар мен интернетпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілген. Қашықтан оқитын оқушылардың 17959-ы қайтарымды негізде мектептердің иелігіндегі компьютерлермен қамтылған. Компьютер, интернетпен қамтуда бірінші кезекте жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білімді қажет ететін балалар және табыс-кірісі аз отбасының балалары басты назарға алынған.

Сондай-ақ педагогтермен жұмыс жоспары аясында “PISA халықаралық зерттеуі, оқушылардың математикалық сауаттылығын дамыту”, "Оқушыларды ОЖСБ және PIZA, PIRLS, TIMSS халықаралық зерттеулеріне қашықтан дайындауда қолданылатын құралдар” тақырыптарында вебинарлар, семинар-тренингтер, тәжірибе алмасу алаңдары, ҰБТ дайындығын жетілдіру мен білім сапасын арттыру мақсатында жекелеген пәндерден On-line консультациялар жүргізілуде. Педагогтердің белсенділігін дамыту мақсатында «Білім беруді дамыту» орталығының Facebook парақшасында «Әдістемелік алаң» ұйымдастырылуда.

– Екінші тоқсанда 2-11-сыныптарда бөлімге 1 жиынтық жұмыс және тоқсанға 1 жиынтық жұмыс өтеді. Бөлім бойынша жиынтық бағалау 2-11-сыныптарда биылғы жылдың 3-15 желтоқсан аралығында, тоқсан бойынша жиынтық бағалауды  2-11-сыныптарда  21 желтоқсаннан бастап өткізу ұсынылады. Tабиғи және техногендік, әлеуметтік, карантин сипаттағы төтенше жағдайлар жағдайында формативті бағалау үшін орташа балл есепке алынады. Формативті бағалау үшін ең жоғары балл 2-11-сыныптарда 10 балдан аспауы тиіс. Педагог орындалған жұмыс көлемін, оқу тапсырмаларын ескере отырып, білім алушылардың оқу жетістіктері үшін балл қою кезеңін өзі анықтайды, – деді Светлана Темірғалиева.

Айта кетейік, туындаған түрлі сұрақтар бойынша Call-орталықтың жұмысы ұйымдастырылды (1301 нөмірі бойынша), онда білім басқармасының жауапты қызметкерлері оқу процесін ұйымдастыру бойынша келіп түскен сұрақтарға жауап береді.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектептер бас санитарлық дәрігердің ұйғарымы негізінде ғана мектептердің оқу форматын өзгерту туралы шешімдер қабылданады.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале