15.12.2022, 10:01
Оқылды: 61

Екіжақты сенім нығая түссін!

Жақында он шақты жыл еленбей қалған Республика күнін атап өттік. Мұны Егемендігіміз бен Тәуелсіздігіміздің символы деп түсіндік. Алда келе жатқан 16 желтоқсан – азаттық жолында құрбан болған ата-бабамызды, ағаларымызды, іні-қарындастарымызды еске алу, тағзым ету күні деп жарияланды. Өте орынды. Әлі де кейбіреулер егемендікті бізге біреу сыйлағандай, кенеттен тап болғандай көреді.

SONY DSC

SONY DSC

Жоқ! Еліміздің егемендігі – ата-бабаларымыздың осы жолда жан беріп, жан алысқан сан  ғасырлық  күресінің заңды нәтижесі.

Тәуелсіздік туралы көп айтылды, айтыла да береді. Егемендік туралы соңғы кезде айтылмай жүрді. Екеуі екі бөлек нәрсе сияқты немесе екеуінің мағынасы бір сияқты. Әрине, егемендік пен тәуелсіздік – егіз ұғымдар, бірін-бірі толықтырады, бірінсіз бірі мәнін жояды.

Егемендік (французша «sowerainete» – «сувернитет») – мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында, басқа мемлекеттермен қарым-қатынасында толық тәуелсіздігі, әрбір ұлттың (халықтың) өзінің әлеуметтік және саяси құрылымын таңдауына, экономикалық дербестігіне, аумағының тұтастығына еріктілігі.

Тәуелсіздік бір сәтте пайда болмайды. Тәуелсіздік – бірте-бірте іске асатын, нығаятын, осы жолда талай қиындықты жеңуге тура келетін, ұзақ мерзімді қамтитын үдеріс. Бұған жол ашатын елдің өзінің егемендігін жариялауы.

Тәуелсіздік туралы аз айтылған жоқ. Енді егемендік туралы да айта берерміз. Мәселе сөзде емес. Әңгіме егемендікке ие болғалы 30 жылда не істелінді, не тындырдық дегенге саяды. Әйтеуір, еліміз әлемге танылды. Шекарамызды тап-тұйнақтай етіп бекіттік. Қазіргі Украинада болып жатқан соғысқа назар аударсақ, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау қандай маңызды саясат екенін бағамдаймыз. 30 жыл босқа өтіпті деп ешкім айта алмас. Бірақ өкінерлік жайттар да жеткілікті.

Ең бастысы, осындай ұлан-байтақ жерге, сан-алуан байлыққа ие бола отырып,  халқымыздың басым көпшілігінің қалт-құлт етіп өмір сүріп жүргені, дүкендегі тауарлардың күн сайын қымбаттауының салдарынан тұрмыс тауқыметіне тап болуы барлық жетістікті жоққа шығарғандай болады. Ел байлығының тең жартысына 162 адамның ие болуы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының ең жағымсыз көрсеткіші болып табылады.

Герольд Бельгер деген қазақты өз ұлтындай жақсы көрген, жақында марқұм болған жазушы: «Қазақстанда бәрінен бұрын қазақтар кедейлене түсуде. Барлық жерде қазақтар басқарады, барлық жерде қазақтар басымдыққа ие. Сөйте тұра, қазақтардың халі мүшкіл», – деп айтқан еді.

Қазақтар басқа ұлттардан жақсы тұруы керек деген сөз емес. Олардан кем болмауы керек қой деген түсінік.

Ұлтшылдықтың мәнісін бір кезде Міржақып Дулатов былай түсіндіріп еді: «Өз ұлтын сүю, өз ұлтының бақытты болуын тілеу, өз ұлтын өзгелерге жем қылмау».

Қазақтар ешқашан шовинист болып көрген жоқ, шовинист болмайды да. Қаншама ұлттың өкілдері Қазақстанда өз үйіндегідей өмір  сүрді, өмір  сүре  береді.

Егемендікті іске асыратын, тәуелсіздікті баянды ететін – халықтың ар-намысы, рухы. Кеңес заманында қазақтардың рухы, намысы аяққа басылып еді. Соған шыдамаған жастарымыз 1986 жылғы желтоқсанда көтеріліске шықты. Егемендік алғасын қазақтар оянуы керек еді. Бірақ өріс алған теңсіздік, әділетсіздік бұған жол бермеді.

Н.Назарбаев тұсындағы билікке қойылар басты кінә – әділетсіздіктің, жемқорлықтың, көзбояушылықтың, құр мақтанның, жағымпаздықтың белең алуы.

Қымбатты Баукең – Бауыржан Момышұлы Жазушылар одағының бір кеңесінде: «Осы бізде, мына сендерде, секретарь жолдастар, намыс деген бар ма өзі, қашан оянады соларың. Жұртқа қарасаң, жоғын бар қылады. Біз барды жоқ қыламыз», – деген екен. Батырдың сөзін бұрынғы және қазіргі билік басындағыларға да қаратып айтуымызға болады.

Тағы бір данышпанның – Махатма Гандидің ұлағатты сөзін оқырмандардың есіне салғым келеді: «Біздің түбімізге принципсіз саясат, ар-ұятсыз ләззат, еңбексіз келген байлық, тәлім-тәрбиесіз білім және қайырымсыз кәсіпкерлік жетеді», – деген еді. «Махатма» деген сөз хинди тілінде кемел адам дегенді білдіреді. Махатма Ганди, шынында  да, таңғажайып  тұлға  еді.

Біздің түбімізге де Махатма Ганди атап көрсеткен осы қас дұшпандар жете жаздады. Жаңа, әділетті Қазақстан құру үшін біз осы кеселдерден арылып, оларға болашақта жол бермеуіміз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келгеннен бері көптен күткен сөздер де, нақты іс-шаралар да қолға алына бастады.

Билік халыққа бет бұрды. Халық үніне құлақ аса бастады. Аманат, ар-ұят, әділеттілік сияқты құндылықтар назарға ілікті. Үмітіміз оянды. Тағы да сене бастадық.

Кешегі өткен сайлауда халықтың басым көпшілігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдірді. Сенім деген, халықтың билеушіге сенімі деген – аса маңызды саяси капитал, жаңа мандат.

Қытай ғұламасы Конфуцийдің халықтың билікке сенімі туралы өз пікірін айтқаны бар. «Мемлекетте жеткілікті дәрежеде азық-түлік және қару-жарақ болуы керек. Халық әміршілеріне қалтқысыз сенуі керек. Егер де қажеттілік пайда болса, неден бас тартуға болады?»  деген сұраққа Конфуций былай деп жауап береді: «Тамақтан бас тартуға болады. Қару-жарақтан бас тартуға болады. Бірақ елде билікке сенім болмаса, ол мемлекет ұзақ өмір сүре алмайды».

Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма бағасы, алдағы жоспарыма батасы деп қабылдаймын!», – деді.

Мемлекет басшысының сайлау алдында Алматы қаласының жұртшылығымен кездесу кезінде айтқан сөзіне мен риза болдым. «Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайды. Азаматтардың еркін таңдауының нәтижесінде елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адам миллиондаған отандасының дауысымен бекітілген келісімшартқа қол қояды. Сондықтан Президенттің лауазымы – артықшылықтан бұрын зор жауапкершілік. Бұл қызметті атқарған және атқаратын әрбір адам ең қатал үш соттың – халықтың, тарихтың және өз ар-ұжданының алдында жауап береді», – деді.

Міне, бұл – кәнігі саясаткердің, тәжірибелі дипломаттың, адал адамның айтар сөзі. Жүректен шығып, жүрекке жетті деп ойлаймын. Біздің  де  күткеніміз  осы  еді.

Бір ғана тілек айтарым, халықтың үміті ақталып, Президенттің барлық жоспары іске ассын.

Халықтың билікке сенім артқаны маңызды. Сонымен бірге биліктің жоспары іске асу үшін азаматтар билік алға қойған міндеттерді атқаруға әзір болуы керек. Бұл – екіжақты жауапкершілік. Билік пен азаматтық қоғамның арасындағы әріптестік осыны талап етеді.

Тілекжан Рысқалиев,

философия ғылымдарының докторы, 

профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале