Елімізде киік саны 2 млн 600 мыңға жетті. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Фотоға түсірген: Қайырбек Сариев
«Бүгінде киіктердің саны тарихи көрсеткіштен асып кетті. Сол себепті киік санын реттеу қолға алынып отыр. 2003 жылы киік саны бар-жоғы 21 мың болды. Ал 1993 жылы 1 млн 200 мың бас бар еді. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында киік санын 1 млн 900 басқа жетті. Мұның ішіне биылғы көктемгі төлін қоспадық. Жалпы, киік өсімтал мал. Келесі көктемде санақ өтеді. Бірақ, қазірдің өзінде ең төменгі 30 пайыздық болжамды алғанның өзінде бүгінде 600 мың бас киік қосылып отыр. Бүгінде киік саны 2 млн 600 мыңның үстінде болады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның дерегінше, Батыс Қазақстан облысында Орал популяциясының 300 мыңы ғана тіршілік ете алады. Жалпы тарихи тұрғыда Орал популяциясы өте аз болған. Ал бүгінде 1 млн 130 мың басқа жетіп отыр. Бетпақдала популяциясы 800 мыңнан асады.
«Сол себепті биологиялық негіздемеге сәйкес 337 мың бас киікті реттеуіміз керек», - деді Ерлан Нысанбаев.