Қазақстанның орман шаруашылығын дамытып, жануарлар дүниесін байытуда қандай мәселелер бар? Бұл сұраққа Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді.
«Елде ормандарды молықтыру көлемінің артуы байқалады - 2018 жылы 52,7 мың гектарды құраса, өткен жылы 64 мың гектарға жетті. 4,6 мың гектар алаңда елорданың жасыл аймағын құру бойынша жұмыстар жүргізілген болатын. Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістанның, облыс орталықтарының айналасында ұқсас аймақтар құруды жоспарлаудамыз. Қазірдің өзінде жұмыс жобалары әзірленді. 2030 жылға қарай жасыл аймақтардың алаңын 68,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда», - деді Мағзұм Мырзағалиев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халыққа онлайн есеп беру барысында.
Министр сонымен қатар орман өрттерінің алдын алу жұмыстары жалғасып жатқанын айтады. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, жыл басынан бері 16 мың гектардан астам аумақта 191 орман өрті тіркелген. Келген шығын 1,8 млрд. теңгені құрады. «Орман алқаптарының жағдайына қоғамдық бақылау жүргізуге ел тұрғындарын барынша тарту үшін арнайы веб-сайт іске қосылды. Сексеуіл екпелерін сақтау да біз үшін маңызды сұрақ. 2019 жылы Арал теңізінің құрғаған түбінде Корей орман қызметімен өзара іс-қимыл жасау аясында 5 мың гектарға егілді. Осы жылы 2,5 мың гектарға отырғызылады. Сондай-ақ 2019 жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 165,6 мың сексеуіл екпелері және 23,5 мың гектар сексеуіл тұқымы отырғызылды. Тұтастай алғанда, биыл «Өсімдік әлемі туралы» заң жобасын және 2030 жылға дейінгі Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау тұжырымдамасын дайындаймыз», - деді ол.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер