Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев баяндама жасап, өңірдегі қоршаған ортаның сапасын жақсарту және аймақтың экологиялық мәселелерін шешу тақырыптарына кеңірек тоқталды.
Фото: БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі
Былтыр еліміз бойынша ауаға шығарылған зиянды заттардың барлық көлемі 2,0 млн тонна болса, облыстағы көрсеткіш – 38,4 мың тонна (1,9%). Атмосфералық ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың басым көпшілігі мұнай-газ секторы мен энерго-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорындарына тиесілі. Десе де, былтыр атмосфераның жоғары және экстремалды жоғары ластану деректері тіркелмеген.
Өңірімізде зиянды заттардың шығындыларының ең үлкен үлесін «ҚПО б. в.» (14,8%), «Жайық-мұнай» ЖШС (11,5%), «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Орал» магистральды газ құбырлары басқармасы (30,5%), «ICM Recycling» ЖШС (12%), «Жайықжылуқуат» АҚ (6,4%) кәсіпорындары шығарады екен.
– Облыс кәсіпорындарының ластаушы заттар төгінділерінің нормативтік көлемі былтыр 130 мың тоннаны, ал олардың нақты көлемі 74,8 мың тоннаны немесе 57%-ды құрады (2022 жылы – 82 мың тонна). Оның ішінде жерүсті нысандарға ағынды сумен төгілген ластаушы заттардың көлемі – 5,5 мың тонна («Батыс су арнасы» және «Ақсайжылуқуат»), жерасты горизонттарына (су қабаты) айдалғаны – 69 мың тонна («ҚПО» мен «Жайықмұнай»). Бұл арқылы қоршаған ортаға зиянды әсер көрсеткіші төмендейді. Облыс бойынша пайда болған өндірістік қалдықтардың нақты көлемі – 118,8 мың тонна, көмілген қалдықтардың көлемі – 149,1 мың тонна. Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үлесі 18,6% болса, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу үлесі – 71,3%, – деді Мұрат Шыманғалиұлы.
Бұдан кейін баяндамашы департамент жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып, көрсетілген мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік экологиялық бақылау жөнінде ақпарат берді. Спикердің сөзінше, былтыр департаментке 305 өтініш келіп түс-кен. Оның 33-і кері қайтарылып, 117-сіне мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал 150 өтініш мақұлданбаған. Өтініштердің басым бөлігі «Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындылар беру», «1-санаттағы нысандарға әсер етуге экологиялық рұқсат беру» «Қоршаған ортаға әсерді бағалауды және көзделіп отырған қызметтің әсерін скринингті қамту саласын айқындау туралы қорытындылар беру» бойынша келген. Бұған қоса былтыр департамент жоспардан тыс, профилактикалық, сондай-ақ біліктілік талаптары және өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері бойынша 114 тексеріс жүргізді. Инспекторлық тексерулер аясында экологиялық нормалар мен қағидалардың талаптарын бұзудың 113 дерегі анықталды және оларды жою бойынша 22 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 176 млн теңгеге 21 айыппұл салынып, оның 173 млн теңгесі немесе 98%-ы өндірілген.
– Департаменттің негізгі жұмысының бірі – Батыс Қазақстан облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша Жол картасының іске асырылуын бақылау. Ол 17 іс-шараны қамтиды және облыстың табиғат пайдаланушыларының шығарындыларын азайту, көгалдандыру, аутокөлік шығарындыларын азайту, қалдықтарды басқару саласы және жер ресурстарының ластануын болдырмау сынды 5 бағыттан тұрады. Бүгінде 17 іс-шараның 9-ы шешімін тапты. Оның алтауы іске асырылды. Олар облыстың орман қорын, соның ішінде Бөкей ордасы ауданының қарағайлы орманын қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып қалпына келтіру, қалалық жолаушылар аутокөлігі мен облыстың табиғат пайдаланушыларына дизельді отынды пайдалануға кезең-кезеңімен тыйым салу, бейне байланыс арқылы мемлекеттік құрылым мамандарының қатысуымен «Экологиялық әдеттер», «Жасыл кеңсе» оқыту тренингін өткізу. Бұған қоса Орал қаласының кәріз тазарту қондырғыларының коллекторын ауыстыру, облыстың оңтүстік аудандарындағы сумен қамтамасыз ету нысандарын қайта қалпына келтіру және қайта құру, «Жайықжылуқуат» АҚ Орал ЖЭО-ны айналымды сумен қамтамасыз етуді енгізу бойынша шаралар. Ал озық технологияларды енгізе отырып, қоршаған ортаға нақты эмиссияларды азайту, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді, тарихи ластануларды жою, эко патрульді жүргізу аясындағы іс-шаралар тұрақты бақылауға алынды, – деді департамент басшысы.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»