8.04.2025, 11:30
Оқылды: 178

Экологиялық тәрбие  бойынша 1-орында

Өткен жолы Бөрлі ауданына іссапармен барғанымызда аудандық білім бөліміне арнайы соққан едік. Мамандармен жолығып, аудан  мектептерінде  тәрбие  жұмысының  қалай,  қай  бағытта  жүріп  жатқанын  сұрадық. Мамандардың  айтуынша, аудан  мектептерінде  ұлттық  құндылықтарды  бойына  сіңірген  еңбекқор,  адал,  саналы,  жасампаз  азаматты  тәрбиелеу  мақсатында  «Біртұтас  тәрбие»  бағдарламасы  іске  асырылуда.   

Қоңырау  орнына  күй  ойнайды

Бөрлі ауданы бойынша жалпы білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі 32 орынбасары, 24 мектеп тәлімгері және 600-ден астам сынып жетекшілері  жүргізеді.

21b293ef-ebd8-44b2-8777-7190f73cb72d

Аудан мектептерінде оқыту мен тәрбиенің тұтастығын қамтамасыз ету жолға қойылған. Атап өтер болсақ, пәндік мазмұн, сынып сағаттары, сыныптан тыс іс-әрекеттер, отбасымен ынтымақтастық,  үкіметтік емес ұйымдармен тығыз  байланыста  болу  басты  назарда.

– Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асырудың ең табысты бағыттарының бірі – оқушылардың үзіліс кезінде ұйымдастырылған бос уақытын өткізу. Үзілісте балалар асық және тоғызқұмалақ сияқты дәстүрлі ұлттық ойындар ойнайды. Бұл ойындар логикалық ойлау мен стратегиялық дағдыларды дамытып қана қоймай, оқушылар арасында серіктестік пен командалық рух сезімін нығайтады. Үзілісте ұлттық ойын ұйымдастыру уақыты қызықты және пайдалы етумен қатар мектеп ұжымында достық ахуал қалыптастырады. Бағдарламаның тағы да бір маңызды бөлігі – бұл ата-аналардың баламен күн сайын 15 минуттық жеке әңгімелесуі. Осы әңгіме кезінде отбасындағы мінезқұлық, адамгершілік және қарым-қатынас мәселелері талқыланады. Әңгіме барысында балалар өз алаңдаушылықтары мен проблемаларымен ашық бөлiсе алады. Бұл отбасындағы моральдық ахуалды жақсартып қана қоймай, анағұрлым тиімді тәрбиеге ықпал етеді. Сондай-ақ мектептерде қазір қоңырау орнына күй ойналады. Бұл оқушыларға өз халқының ұлттық құндылықтарын сезінуге мүмкіндік береді.  Әр оқу аптасының басында бірінші сабақта оқушылар Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды, бұл да оқушылардың патриоттық сезімінің артуына зор ықпал етеді, – деп атап өтті Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің тәрбие жұмысы және тарих пәні  бойынша  әдіскері  Сәуле  Әділкенова.

Оқушылар қағаз, пластиктерді  бөлек  сұрыптайды

Бөрлі ауданындағы білім ошақтары облыстық экологиялық-биологиялық орталықпен тығыз жұмыстануда. Жыл сайын облыстық экологиялық-биологиялық орталық оқушылар және білім беру ұйымдары арасында  негізгі 14 байқау өткізеді. Осы байқаулардың барлығының аудандық кезеңдері ұйымдастырылып, жеңімпаздар облыстық кезеңге белсене қатысады екен. Білім беру мекемелері арасында «Жер иесі», «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы» ұлттық конкурсы, облыстық «Үздік экомектеп және экобалабақша» байқауы, облыстық «Менің эко ізім» байқаулары  ұйымдастырылған.

ccd6f74b-62a3-438b-80b3-c3f593eb37f0

Облыстық экологиялық-биологиялық орталықтың жыл сайынғы рейтингісі бойынша Бөрлі ауданы 2022 жылдан бері бірінші орын биігінен көрініп келеді.

–    Экологиялық бағыт бойынша түрлі байқаулар, акциялар, челлендждер жиі ұйымдастырылады. Облыстық «Экобалабақша», «Экомектеп» жобасы аясында  2020 жылдан бері ауданның 3  балабақшасы   және  4  мектебі  жұмыстануда.

Жоба аясында облыстық «Үздік экомектеп және экобалабақша» байқауында экобалабақша бойынша Ақсай қаласының №9 «Наурыз» бөбекжайы ІІІ орын алса, №6 «Шаңырақ» бөбекжайы алғысхатпен марапатталды. Экомектептер бойынша Бөрлі, Ақсай қаласының №4, №6 мектеп лицейлері алғысхат иеленді. 2024-2025 оқу жылы бойынша «Жас натуралист» байқауынан Ақсай қаласының №4 орта мектеп оқушысы Екатерина Костюкова І орын, №6 мектеп-лицей оқушысы Нұрай Қуанәлі ІІ орын, «Қызықты жануарлар әлемі» брейнрингінде Ақсай қаласының №4 орта мектеп оқушысы Владислав Мешков ІІ орын, республикалық «Декарбонизация және Мен» зерттеу жобаларының байқауында  Гүлім Спорт  ІІІ орын иеленді. Облыстық «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы» ұлттық байқауында  Ақсай қаласындағы №3 орта мектеп және №4 орта мектеп бірінші орынға ие болып жүр,  – дейді  Бөрлі аудандық білім  бөлімінің  әдіскері  Гүлжанат  Сағынғалиева.

Экологиялық бағытта тәрбиелеуде мектептерде мектеп жанындағы оқу-тәжірибе үлескілері жұмыс істейді. Көктемнен бастап мектеп үлескісін дайындау, көкөністердің тұқымдарын өндіру, егу жұмыстары басталып, күзде өнім жинап, мектеп асханасына өткізумен тәмамдалады. Оқушылар оқу-тәжірибе үлескісінде ғылыми жобаларға дайындалып, тәжірибелік жұмыстарды істейді.

9b1f2495-d706-48ac-9dd3-25a038ceb7d5

Экологиялық мәдениет қалыптастыру үшін мектептерге қоқыс сұрыптағыш жәшіктер қойылған. Оқушылар қағаз, пластиктерді бөлек сұрыптап салады. Макулатура жинау да мектептерде жолға қойылған. Әр сыныпта макулатура жинау бойынша акция ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлерге тапсырылады. Түскен қаржыға мектептер  тұқымдар  мен  көшеттер  сатып  алады.

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданның 44  білім беру мекемесі сенбілік ұйымдастырады және көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді. Мекеме айналасын тазалау, ағаш егу жұмыстарына мектеп оқушылары, түлектер, мекеме қызметкерлері, ата-аналар мен ардагерлер қатысады. Өткен жылы акция барысында түлектердің ағаш егу челленджі, сенбілік, көгалдандыру, әктеу, қарияларға  көмек  жұмыстары  ұйымдастырылды.

Ақсай қаласындағы  №1, 3, 6 мектептердің жоғары сынып оқушылары Шыңғырлау өзенінің жағалауын, Бөрлі орта мектебінің оқушылары Бөрлі өзенінің жағалауын тазалады. Акция аясында  мекеме ауласына  жеміс ағаштары, декоративті-бұталы  ағаштар  егілді.

Мамандардың берген мәліметіне сүйенсек, Бөрлі ауданындағы білім ошақтарында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тиянақты атқарылуда. Аудан мектептеріндегі педагогтер  «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы  бойынша суды, тамақты, энергияны және басқа да табиғи ресурстарды ұтымды тұтынуды қалыптастыруға да назар аударады. Мектептерде аумақтарды тазалау мен экология сабақтарын қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар  белсенді  жүргізілуде.

Мектеп пен отбасы арасындағы байланысты қалай  нығайтамыз?

Бұл сұрақ бөрлілік педагогтерді де жиі ойлантады екен. Осы мақсатта Бөрлі  ауданындағы білім ошақтарында балалардың шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Шабыт», «Smart bala», «Балалар кітапханасы»   әлеуметтік  жобаларын іске асыруға баса назар аударылған. Мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, «Даналық мектептері» жұмыс істейді, онда олар балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру бойынша кеңестер мен ұсынымдар ала алады. Бұл өз кезегінде мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтады. Ата-аналар қоғамдастығымен тығыз байланыс орнату мақсатында әр мектепте «Әкелер», «Аналар», «Ата-әжелер», «Ағалар», «Жеңгелер» клубтарының жұмыстары жақсы жолға қойылған.  2024 жылы  ҚР Оқу-ағарту министрлігі  «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты өткізген «Педагогтер мен ата-аналар: балалардың қызығушылығы негізінде ынтымақтастық» республикалық байқауында Ақсай қаласындағы №3 орта мектептің  мұғалімі   Айдана Куньязова «Ата-аналармен  жұмыс жасаудағы  мұғалімнің  шығармашылық көзқарасы» аталымы  бойынша  марапатталды. 6bd3b72e-221c-4ad7-b003-ae0c0ef92b08

Бөрлі ауданының мектептерінде бағдарламаны жүзеге асыруға мектеп Парламенті мен «Жас ұлан» ұйымы өз үлесін қосуда. Аудан бойынша «Жас ұлан» қатарында 9000-нан  астам оқушы  қамтылса, мектеп парламентінде 916 оқушы  бар. Мәселен, 9-сынып оқушысы Асқар Айым республикалық «Қазақстан – алтын ұям, бесігім» патриоттар слетіне қатысып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен дөңгелек үстелде кездесті. «Ел болашағы – біздің қолымызда» патриоттар трибунасында сөз сөйлеп, бір жыл бойына атқарған жұмыстары  туралы  жоба  қорғады.

472584b6-39e7-42ea-8e82-3947c011c0f4

Аудан бойынша пікірсайыс қозғалысын дамыту, насихаттау мақсатында 28 пікірсайыс клубы ашылып, онда  600-ден астам оқушы қамтылған. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде 2024-2025 оқу жылы 220 үйірме  мен  спорттық секциялар  жұмыс   істейді.

Жуырда Ақсай  қаласының  №3  орта  мектебі  республикалық  «Экологиялық  білім  берудің  үздік  ұйымы»  ұлттық  байқауында  «Табиғатқа  жанашыр  ұйым»  аталымы  бойынша  ІІ  орын  алғаны  жөнінде  хабар  келді.

Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале