2024 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық жерлердегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,9 трлн теңгені құрады, ауыл шаруашылығы саласындағы 1 жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі соңғы бес жылда 2 есеге өсіп, 4,2 млн теңгеге жетті.Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков хабарлады.

Сурет: telegram.org
Оның сөзінше, 2019 жылдан бастап түрлі елді мекендер, оның ішінде шалғайдағы ауылдан бастап, республикалық маңызы бар қалаларға дейін қамтитын инфрақұрылымды дамыту мақсатында Өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) іске асырылуда. Бұл жүйе әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінің нақты көрсеткіштерін, халықты көліктік, мәдени, спорттық, іскерлік, өндірістік, цифрлық және басқа да көрсеткіштермен, басқа да қызметтермен қамтамасыз ету деңгейін көрсетеді.
«Аталған жүйенің нәтижесіне сәйкес, 2024 жылы орташа қамтамасыз ету деңгейі ел бойынша 65,8%-ды құрады, ол 2022 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтамасыз ету деңгейі жоғары немесе қамтамасыз ету деңгейі орташа ауылдардың саны артуда», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.