Ақ Жайық өңірі негізінен төрт түлік мал өсіреді. Халықтың тіршілік көзі, күнелтісі осы мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Соңғы жылдары төрт түліктің басы өскені қуантады. Дегенмен климаты күрт құбылмалы біздің өңірде соңғы жылдары қуаңшылық жиілеген кездер аз емес. Одан басқа сайын даланы еркін кезген ақбөкендердің де тұяғы желкілдей шыққан көк шөпті желкесінен қиып, шаруаларды әбігерге салады. Содан кейін оталған шабындықтардан қыстық мал азығын дайындау мүмкін емес. Осындай себептерге байланысты біздің өңірде малды азықпен қамтуда екпе шөп өсірудің мән-маңызы арта түскендей сезіледі.
Облыста егіс алқаптарының аумағы 650 мың гектарды құрайды. Биыл 208,8 мың гектарға малазықтық дақылдар егіліп, өсірілді. Соның ішінде
2,1 мың гектарға сүрлем салуға жүгері, 40,6 мың гектарға біржылдық және 166 мың гектар көпжылдық шөп егілді. Сонымен қатар осы көрсеткіштің ішінде алдыңғы жылдары егілген 147,9 мың гектар көпжылдық шөп алқабы бар. Көпжылдық шөптің агротехникалық шараларын уақтылы алып тұрса, ондай шөп 10 жылға дейін өнім береді. Биыл өңірде 209 мың гектар екпе шөп егіліп, орылды. Былтыр 198 мың гектар алқапқа өсірілді. Сонда бір жылда 10 мың гектарға екпе шөп өсіру алқабы ұлғайған, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, астық және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Кеңес Қайдашев.
Екпе шөп егуге құлшыныс бар
Өңірде екпе шөп егуге ынталы шаруашылықтар қатары жыл санап толығып келеді. Екпе шөп өсіруде су үнемдейтін технологиялар қолданылады. Негізінен жаңбырлатқыш жабдықтар орнатылады. Қазіргі кезде мал ұстамайтын шаруашылықтар да екпе шөп өсірумен айналысады. Олар өздерінің жұмысшыларының малын баптауға сұраныс бойынша өсіреді.
«Оңтүстік аудандарда 5 млн гектардан шөп шабылады.
Жайылымдардан да мал азығы дайындалады. Одан әрі кеткенде гектарына 1-2 центнерден өнім алынады. Өңірдегі төрт түлік малға қысқа мал азығы негізінен табиғи шабындықтардан дайындалады. Бірақ мал басы көбейген сайын және қуаңшылықтың кесірінен табиғи шабындықтардан мал азығын жеткілікті дайындау қиын. Сол себептен де шаруашылықтар екпе шөп егуге екпін түсіре бастады.
«Облыс аумағында жыл сайын егін өсірумен 700-ге тарта шаруашылық айналысады, соның 300-дейі аздаған көлемде екпе шөп те егеді. Оңтүстік аудандарда екпе шөпке қызығушылық енді ояна бастады. Мысалға, Ақжайық ауданындағы «Сәбит», «Мұқадес», «Нығмет» және Казталов ауданындағы Самат Хасановтың шаруа қожалықтарын айтуға болады. Биыл Жәнібек ауданындағы Өнеге елді мекеніндегі ағайынды Танкишевтар 300 гектарға судан шөбін екен. Шыңғырлау ауданында «Эверест», «Жаңа жер» шаруашылықтары екпе шөп өсіреді», – деді Кеңес Баянұлы.
Бөкей ордасы ауданындағы Т. Масин ауылдық округіне қарасты «М. Боранбаев» шаруа қожалығы жайылымдарды түбегейлі жақсарту, малды сапалы мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында
2021 жылдан бастап егін егеді. Алдымен 500 гектар жерге малазықтық дақылдар егіп байқаған. Оның 160 гектарына көпжылдық шөп, 200 гектарға арпа, еркекшөп, 140 гектарына судан шөбін өсірген. Нәтижесін көрген соң шаруагер тағы 160 гектар жер алып, егіс көлемін 660 гектарға жеткізді. 2024 жылы көктемде судан шөбін егіп, өнімділігіне қарай 1300 орамашөп алса, көпжылдық шөптен 200 орамашөп жинаған. Биылғы 100 гектарға еркекшөп, 5 гектарға изен, 7 гектарға екпе шөп, бір гектарға жоңышқа, 550 гектарға судан шөбін егіп, күзде шауып алды. Шаруашылыққа Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетов пен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының бөлім меңгерушісі Төлеген Бөлеков екпе шөп өсіруге ғылыми тұрғыда қолдау көрсетеді.
Суармалы егістікке қолдау бар
Мамандардың пікірін малдансақ, екпе шөп өсіру үшін жердің сапасы да үлкен маңызға ие. Оңтүстік аудандардың жерінің топырағы тұзды болып келеді. Сол себептен де егістік ауқымды емес. Жерді қопарып екпе шөп егіп тастағанмен, қылт еткен өскіннің шықпауы да ықтимал. Әрі қопарылған жерге мал да жая алмайсыз. Ондай жердің қайтадан жайылымға айналуы үшін де біраз уақыт керек. Сондықтан әуелі жердің топырағын арнайы орындарға зерттетіп, екпе шөп егуге жарайтынын білген де дұрыс. Облыс аумағында судан шөбі, жоңышқа, еркек шөп, эспарцет, түйежоңышқа, аққұмай және басқа да шөп түрлері өсіріледі. Мал бордақылау алаңдарында екпе шөпті малдың қоңын арттыру үшін пайдаланады. Соның ішінде – жүгері. Бірақ жүгері суармалы жерде ғана мол өнім береді.
Мемлекет екпе шөптің элита 1-репродукция дақылдарын сатып алу шығындарын өтеуге субсидия береді. Ол егілген алқап көлеміне қарай 30-50% шамасында төленеді. Суармалы жерде екпе шөп егетіндер жаңбырлатқыш жабдық сатып алған жағдайда, оған да (жер көлемі 50 га жоғары болуы керек) 80%-ға дейін демеуқаржы бөлінеді. Бұл қаржы шаруаның қолына берілмейді, 50%-ы техника сатушы компанияға тікелей аударылады. Егер егістік жері су көзінен қашықта орналасып, оған ирригациялық жүйе тартылатын болса, соған да демеуқаржы төленеді. Өңірде екпе шөп өсіріп, тиісті талапқа сай келетін бірқатар шаруашылық мемлекеттен субсидия алуда. Суландыруға қатысты ірі жобаларға жергілікті бюджеттен несие бөлу қарастырылған. Ал жаңбырлатқыш қондырғыны орнату шығындарын жабуға субсидия алады. Ол қаржы жылда берілмейді, жабдық алғанда бір рет беріледі.
Озық тәжірибе көпке ортақ
Мамандардың айтуынша, мал шаруашылығы саласында жем-шөп мәселесін шешу аса маңызды. Біздің өңірде ғана емес, күллі елімізде жем-шөп өндірісінің дамуы мал шаруашылығының даму қарқынына ілесе алмай, өгізаяңдап қалды. Мемлекет басшысы айтқандай, жем-шөп проблемасын шешпейінше, мал өнімдерін өндіруде өнімділікті арттыра түсеміз деу бекер. Бұл тұрғыдан келген-де «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-да егін және жайылымдарды зерттеу бағытында жобалар қолға алынып, өсімдіктердің өнімділігін анықтау, егін мен жайылымдардың жай-күйін бағамдау жұмыстары жүргізілуде. Негізі, шөп-дәнді ауыспалы жеті танапты егісті зерттеу жұмыстары 2015 жылдан бастап қолға алынған. Стансадағы суарылмайтын егін шаруашылығы және малазықтық өндіріс бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Бөлеков зерттеу жұмыстары арқылы малазықтық және дәнді дақылдарды араластырып немесе кезектестіре егу жүйесінің тиімділігін анықтағанын айтады. «Көпжылдық шөптермен дәнді дақылдарды кезектестіре егуге келсек, онда пардың рөлін көпжылдық шөптер атқарады. Біздегі көпжылдық шөптер алқабын қалыптасқан әдіс бойынша бастапқы екі жылда шабындық ретінде пайдаланып, одан кейінгі жылдары жайылымға айналдырамыз. Мұндай алқапқа бірнеше шөп дақылды, соның ішінде еркекшөп, эспарцет, түйежоңышқа немесе жоңышқа араластырып егетіндіктен, табиғи жайылыммен салыстырғанда шөбінің өнімділігі және сапасы жоғары болады. Жыл сайын осылайша көпжылдық шөпті егеміз. Бес жылдан соң сол алқапты қопсытып жырту арқылы дәнді дақылдар егуге дайындаймыз. Алтыншы, жетінші жылдары мысалға, арпа, сұлы, бидай, судан шөбі, ақмай, жүгері секілді дәнді дақылдар егіледі», – дейді ғалым.
Төлеген Ахметұлының әңгімесіне сүйенсек, Бөкей ордасы ауданында судан шөбінен гектарына 18 центнерден өнім алынды. Алдыңғы жылдары 23 центнерден алынып, алқап екі рет шабылды. Егістік алқабы электр бақташы қоршауымен қоршалған. 2022 жылы 160 гектарға арпа егіп байқаған. Оны киік отап кетіпті. Қалғанын комбайнмен жинағанда гектарына 5 центнерден арпа жиналды. «Аққұмайды Орал қаласының маңындағы егістікке егіп жүрміз. Оны жүгерінің орнына сүрлемге пайдалануға болады. Қант және азықтық құмай түрлерін сүрлем жасауға өсірген тиімді. Өйткені бұл шөп түрлері жергілікті климатқа төзімді. Бірақ оның тұқымы елімізде жоқ, шетелден әкелінеді. Гибрид болған соң жылда сатып алуға тура келеді. Франция, Канада, АҚШ-тан тұқым аламыз. Былтыр Шыңғырлау ауданында «Аманкелді-Агро» шаруашылығы құмайдан (гибрид) гектарына 24 центнерден дән алды.
Оның сабағын да шөп ретінде пайдалануға болады», – деді Т. Бөлеков.
Тұқым шаруашылығын құру маңызды
Өңірдегі шаруашылықтарға жаппай көпжылдық шөптерді егуге көшіңіздер деу қиын. Төлеген Ахметұлының сөзінше, қожалық, шаруашылық иелеріне мал азығын молайтуға, жем-шөп өндірісі базасын жасақтауға жоғары технологиялы құрал-жабдық, техника қажет. Өкініштісі сол, ондай жабдықтар Қазақстандағы ешбір зауытта өндірілмейді. Ал шетелден сатып алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Мысалға, қарапайым тұқым сепкіштің өзі елімізде шығарылмайды, оны сырттан аламыз. Көптеген шаруашылықтың қаржылық мүмкіндіктері шектеулі.
Екінші мәселе – өңірдегі көпжылдық шөп тұқымдарының жетіспеушілігі. Ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы облысты көпжылдық шөп тұқымдарымен қамтамасыз етпейді. Өйткені ондағы тұқым шаруашылығындағы алқаптың аумағы тар. Әрі кеткенде 50 гектарға жоңышқа, 50 гектарға түйежоңышқа және еркек шөп 50 гектарға ғана аз көлемде егіледі. Биыл шаруаларға еркек шөптің тұқымын Қарағандыдағы ҒЗИ-дан алдырды. Алайда басқа жердің тұқымы өңіріміздің аумалы-төкпелі табиғат жағдайына бейімделмегендіктен, әр жылдары түрліше өнім береді. Мысалға, ылғал мол жылдары өнімді жақсы берсе, құрғақшылық жылдары өнім нашар болады.
Т. Бөлековтің жетекшілігімен бөкейордалық шаруашылық биылдан бастап бір көпжылдық және біржылдық шөп тұқым шаруашылығын құруға қарекет жасауда. Тұқым сатып алуға да қомақты қаржы болуы тиіс. Мұндай ілкімді шаруаға мемлекеттен қолдау, гранттық қаржы бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді. Облыс басшылығы да бұл мәселені назардан тыс қалдырмас. Жалпы тұқым шаруашылығы – өңірге аса қажет сала. Малазықтық дақылдар егіп, одан мол өнім алуға да сапалы тұқым керек екендігі айдан анық. Малазықтық дақыл ретінде көпжылдық шөптің құрамындағы азықтық бірлікке келсек, түйежоңышқа, эспарцет, жоңышқа тұқымдары араласқандықтан, оның азықтық құнарлылығын арттыруға болады. Бұл – малдың жалпы күйін жақсартатын көрсеткіш. Бұрындары Кеңес заманында облысымыздың кейбір аудандарында суармалы жерлерде, өзен жайылмаларында көпжылдық шөптерді өсіргені мәлім. Оны егіп-өсіруге білікті агроном-мелиораторлар керек. Суды молынан шығарып, көбірек ұстаған жағдайда арнайы шөп түрлері қажет. Ел Президенті қыркүйектегі Жолдауында салалық министрлікке ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті күшейту жөнінде тапсырма берді. Осы тұрғыдан алғанда мал бордақылау алаңдары үшін де сапалы жем-шөп дайындауда мал-азықтық дақылдар, яғни жемшөп базасын жасақтау маңызды.
Тобықтай түйін
Өңірдегі сала мамандары облыстың климаттық ерекшелігіне қарай суармалы және суарылмайтын жерлерде көпжылдық шөп өсірген тиімді екеніне сенімді. Мамандар түсіне білген кісіге көпжылдық шөптер егісін жайылымға да, шабындыққа да қолдануға болатынын айтады. Табиғи шабындықтан әрі кеткенде 2-3 центнерден шөп орылса, көпжылдық шөп алқабынан кем дегенде 15 центнерге дейін өнім алуға болады. Көпжылдық шөптер егу үшін ылғал сақтау керек, алдымен топырақты тырмамен өңдеп, содан соң сәуір айында қысқа уақыт аралығында 7-10 күн аралығында егу керек. Одан кейін бес жылдан кейін дәнді дақылдар егілсе, олардың өнімділігі жоғары болмақ. Осыны шаруалар ескере бермейді. Станса ғалымдарымен бірлесіп, ғылыми негізде жұмыс істеп жүргендер қатары аз емес. Жалпы стансамен, мамандармен малазықтық өндіріс базасын жасаймын деген мал өсірушілерге, шаруашылық иелеріне әріптестік негізде ғылыми бағдар бере алады.
Ерболат Құрманғалиев, Ақжайық ауданындағы «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Малазықтық дақылдарын егуді бастағаныма төрт жыл толды. Суармалы жерде 160 гектарға судан шөбі мен жоңышқа өсіремін. Биыл екпе шөп бітік шықты. Судан шөбін үш рет шауып, нәтижесінде 7 мың 500 центр өнім алдым.
Жоңышқаны бірінші рет ектім, оны екі мәрте шауып, 2 мың 500 центнер жинадым. Былтыр шөп шабатын «КСУ» комбайнын, «ДжонДир», «Беларусь-82» техникасын алып, жаңарттым. Біздің шаруашылық етті тұқым –қазақтың ақбас сиырын, жылқы, қой, аздаған түйе өсіреміз. Осы төрт түлік малға қысқы азыққа өсірген екпе шөпті және лиман, қырдан шапқан шөбімізді дайындадық.
Мүмкіндік және су көзі болса, мал азығы дақылдарын өсіруді қолға алған дұрыс. Өйткені мемлекеттің өзі қолдау көрсетеді. Осыдан төрт жыл бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі арқылы несие алдым. Әрине, шөп егуге техникаң сайлы болу керек.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияны енгізуді тапсырғаны мәлім. Президент шаруаларды қолдау шаралары күшейетінін айтты. Бірақ жасанды интеллект, цифрлық жүйе деген ұғымдар тек мемлекеттік құрылымдарға қатысты деген қасаң түсініктен арылып, мал баққан ағайын да, жер емген диқан да уақыт талабына сай тың технологияларды, жаңашылдықтарды енгізуге ұмтылуы қажеттігін қаперге салды. Біз де заман көшінен қалыспаймыз. «AQJAIYQ» ӘКК» АҚ арқылы 160 гектарға екі жаңбырлатқыш техникасын 2,5%-бен несиеге алдық. Жаңбырлатқыш жабдық сатып алған жағдайда, 80%-ға дейін демеуқаржы бөлінеді. Міне, мемлекет мал өсірсін, оның өнімін өңдесін деп шаруа адамдарына қамқорлық жасап отыр. Сондықтан еңбек етіп, тер төксек, оның өтеуі болатынын айтқым келеді.
Зайдок Өтеғалиев, Ақжайық ауданындағы «Нығмет» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Біздің қожалық 2016 жылдан бастап асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алды. Оған дейін де төрт түлік жайын мал өсіретінбіз. Зайыбым Ардақ Өтеғалиеваның мал бордақылайтын алаңы бар. Мал шаруашылығы саласында жем-шөп мәселесін шешу маңызды.
Өйткені өңіріміздің табиғаты күрт құбылмалы, қуаңшылық жылдары болады. Содан өзімізді мал азығымен қамту мақсатында екпе шөп өсіруді қолға алудамын.
Жалпы 570 гектар егістік жерімнің 420 гектарына екпе шөп өсірмекпін. Қазіргі кезде жердің құнарлылығын анықтау үшін екі зертханаға сынама тапсырдық. Содан кейін қандай шөп егетініміз анықталады.
Жүгері, жоңышқа басқа да дақылдарды өсіргім келеді.
Бұл күндері Тайпақ каналынан 5 шақырымға су құбырын тартып, 20 шақырымға электр желісін тарту жұмыстарын бастадық. Мердігер компаниялармен келісімшарт жасалды. Бұл жоба 650 млн теңге тұрады. Қытай елінен бес жаңбырлатқыш техника сатып алдым. Ол құрылғылар жолда келеді. Қытайлық «Девонд» компаниясының мамандары техниканы орнатуға көмектеседі және бес жылға дейін қолдау көрсетеді. «AQJAIYQ» ӘКК» АҚ -дан 525 млн теңге 2,5%-бен несие алдым. Суландыру жобасын мемлекет қолдап, 80%-ға дейін субсидия береді. Одан басқа жобаны жүзеге асыру үшін өзімнің жинағымнан 120 млн теңге қостым. Тағы бір қуаныштысы, электр желісі тартылар жолда 4-5 шаруашылық мал өсіреді. Олар да осы желіге қосылып, шаңырақтарына жарық кірмей ме?! Отыз жыл бойы қараңғыда отыру оңай емес. Жобамның арқасында өзге әріптестеріме көмегім тиіп жатса, неге қуанбайын?!
Самат Хасанов, Казталов ауданындағы «Ерқожа» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Шаруашылықтың екпе шөп егуді қолға алғанына үшінші жыл болды. 160 гектар алқаптың 140 гектарына судан шөбін егіп, жерімізді темір тормен қоршадық. Қыркүйектің ортасында судан шөбіне екінші рет шалғы салып, 2,5 мың орама шөп алдық. Қысқа дейін тағы бір оруым керек еді, күн күрт суытып шөбім үсікке ұрынды. Оған мал кіргізіп жайдым. Қосымша 193 гектарды трансформация жасап, соған жоба жасақтаудамын. Болашақта Қытай компаниясынан тағы үш жаңбырлатқыш сатып алып, орнатуды көздеп отырмын. Олардың біреуінің құны 40 млн теңгеге шығады. Мемлекет те қолдау көрсетеді. Бұрын біздер алғанда 50%-ға дейін субсидия берілетін. Ал қазіргі кезде 80% көлемінде демеуқаржы беріледі. Одан басқа Қараөзеннен су құбырын және бір шақырымға электр желісі тартылды. Бұл шаруаға 46 млн теңге жұмсалып, оның шығынының 50%-ы мемлекет есебінен өтелді. Осының өзі үлкен көмек. 2020 жылы қуаңшылық болды. Сол жылы шөпті Қаратөбе, Жымпитыдан тасып, қиындық көрдік. Сонау 400 шақырым жерден шөп тасу оңай емес. Сол қиындықтан кейін суармалы егістікпен айналысуға бет бұрдық.
Кеңес Қайдашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, астық және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Екпе шөп тұқымы – шаруалардың басындағы түйткілді мәселе. Өйткені ондай шөп түрлерінің тұқымы тек Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында өндіріледі. Ол стансаның да қаржылық жағдайы мәз емес. Екпе шөп тұқымын молайту үшін техника паркін заман талабына сай жаңартқан жөн. Осындай себептерден станса шаруашылықтарды қажет тұқыммен толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан шөп өсіретін шаруашылықтар көршілес Ресейден, еліміздің өзге өңірлерінен тұқым тасымалдайды. Екпе шөп тұқымын өсіретін шаруашылықтар бар болғанымен, олардың ешқайсысы аттестациядан өтпеген, тұқым шаруашылығы ретінде ресми тіркелмеген. Сондай шаруашылықтардың басшыларына ресми тіркеуден, аттестациядан өту қажеттігін ескертудеміз. Өйткені аттестациядан өтпеген шаруашылықтардан тұқым алғандарға мемлекет тарапынан субсидия берілмейді.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»