Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқу залында «ЭКСПО-2017» - елдіктің ерен жеңісі» атты кітап көрмесі ашылды.
Бұған облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен «Гермес-ТУР» туристік компаниясының қызметкерлері, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің студенттері мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты.
Үш бөлімнен тұратын кітап көрмесінде «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің тарихын айшықтайтын әдебиеттер мен мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар, фотосуреттер жинақтары қойылыпты.
Көрмеге келгендер жергілікті студенттер мен оқушылар даярлаған инновациялық жобаларға да қызыға қарап, тамашалады.
Жиын басталысымен осы шараға арнайы келген облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының маманы Ерлан Әдиев сөйлеп, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің маңызына тоқталды. Оның сөзінше, Астанадағы бүкіләлемдік көрме үш айға дейін жалғаспақ. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және он халықаралық ұйым, барлығы 5 миллионнан астам адам қатысады деп күтілуде. Оның сөзінше, аталмыш көрмеге біздің облыстан 65 мың адам қатыспақ.
Ерлан Әдиевтің сөзін жалғастырған «Гермес-ТУР» туристік компаниясының өкілі Әйгерім Ізімғали жиналғандарды Астанада өтетін халықаралық көрменің бағдарламасымен таныстырды.
Бұдан соң оқу залының кітапханашысы Ләззат Жаңабергенова жиналғандарды «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жөнінде кітапхана қорында бар әдебиеттермен таныстырды.
Содан кейін ортаға ҚазИИТУ ғылыми білім кешенінің студенттері мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары шығып, жиналғандарға өз қолдарымен даярлаған жаңа жобаларын таныстырды. Олардың айтуынша, бұл жобалардың барлығы да Күн және Жел қуатын пайдалануға арналған. Электр қуатын осындай баламалы қуат көздерін пайдалану арқылы үнемдеуге болады. Көрермендерді, әсіресе, Күн мен Желдің қуатын пайдалану арқылы мал шаруашылығымен айналысатын ферманың жұмысын жеңілдетуге арналған жоба қызықтырды. Өнертапқыш өрен қыза келе малдың табиғи қалдығын да пайдаға жаратуға болатынын айтты. Сондай-ақ сотталушыларға кететін шығынды азайтуға бағытталған жоба да көпшіліктің көңілінен шықты.
Бұдан соң көрмеге қатысушылар өңіріміздің танымал әншісі Серік Әбдірахмановтың орындауындағы қазақтың халық әнін ұйып тыңдады.
Жиынды қорытындылаған Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Сара Кенжебаева жиынға керемет жобаларымен қатысып, шараның шырайын кіргізген ҚазИИТУ ғылыми білім кешенінің студенттері мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына ризашылығын білдіріп, оларға шығармашылық табыс тіледі.
Айша ӨТЕБӘЛІ
zhaikpress.kz