23.07.2021, 10:17
Оқылды: 36

Экстрасенске жақындай көрмеңдер!

(әзіл әңгіме)

Соңғы кездері «біртүрлі» болып жүрмін. Не айтып, не қойғанымды білмеймін. Айтайын. Жақында бір ағайынның баласы үйленіп, соған бардым. Тілек кезегі келді. Бір 200 грамның буы ма, білмеймін, екі жасқа қарап тұрып, «Қа..а..а..т... то есть, «Әйелді бастан» дегендей, тыңдамаса, ақшаңды шашса, басынан бір соқ та, түріп айдап қуып шық», – деп айтып жіберіппін. Қақ төрде жардай болып отырған қара құдағай шап ете түсті. «Не оттап тұрсың? Ішке сыйған балам, сыртыма да сыяды. Жүр, кеттік қызым!», – деп жұлқына орнынан көтерілгенде тойға келгендердің бәрі жабылып, құдағайдан кешірім сұрап, әупіремдеп ашуын әзер басты.

Экстрасенске жакындай кормендер-Амангали саркулов

Тағы бірде ауылдағы дөкейлер шақырып алып, «Қаугеке, өмір тәжірибең көп қой, жаңадан қызметке келген жастарға ақыл-кеңесіңді берсейші», – деп өтінгесін жастармен кездесуге бардым. «Ақылымды» айтып-айтып келе жатып, «Шама келгенше жеп қалуды, қарпып қалуды үйреніңдер. Бұл «кресло» қайта айналып келмейді», – деп айтып жіберіппін. Жиналыс жүргізіп отырған төраға «Ағасы, сіз демалғаныңыз дұрыс, енді мазаламаспыз», – деп арқамнан қағып-қағып шығарып жіберді.

Айта берсем көп... Содан бір күні әйелім «Сені қаратпаса болмайды. Жұрттың бәрі «Қауғабай «қуып» кетіпті» деп шулап жүр. Менің де әптәритетімді түсіріп болдың. Қой болмас, сені экстрасенске қаратып, емдетем», – деді. Амал жоқ, келістім.

Экстрасенске қаралу да пәле екен. Мен сияқты «қуып» жүргендер көп-ау шамасы. Шұбатылған кезекке тұр- дым. Әрбір сеанстың өзі қып-қызыл ақша көрінеді. Бірінші сеанс басталып кетті. «Расслабься, расслабься... Вспомните прошлое, вспомните прошлое. Отвечайте на мои вопросы, вопросы»... Экстрасенстің сұрағы кұлағыма күңгір-күңгір естілуде. Жауап беріп жатырмын.

– Мектепте жүргенде «кличкам» «Лох» болды. Кітап бетін ашып көрген жоқпын. Әрмияға барғанда ас- ханада ыдыс-аяқ жуушы болдым... Әйелімнің «Мәссаған! Мына қақпас менімен танысқанда «Мектепті «Алтын белгімен» бітірдім, Ауғанда болып, дұшпандармен соғыстым» дегесін, осы «батырды» таңдап едім, алдаған екен ғой...» деген дауысы құлағыма келіп жатыр...

Әке-шешемнің бүкіл малын салып, диплом сатып алдым. Фирмаға бастық болдым. Нәлөк төлемей, барды жым- қырып, ақыры «ана жаққа» бес жылға кетіп тындым. Әйелім «Бұл оңбаған маған «Бес жыл Африкада келі- сімшартпен жұмыс жасап келдім. Қара түсті ағайындар осында түпкілікті қал, үйлендіреміз, котедж салып береміз деп үгіттегенде, қалып қоймай келдім. Мені жолықтырған сен бақыттысың!» деген сөзіне сеніп қалған басым-ай, басым-ай!», – деп өкінген үні құлағыма жетіп жатыр, жетіп жатыр...

Мына тұрып жатқан үйімді, көлігімді, бәрін «крутойлардан» қарызға алдым ғой... Қазір «косякта» жүрмін, счетчик «айналып» жатыр... Бәрінен айырылатын уақыт та жақындады... Әйелімнің «Бұл жүзіқара «Тапқан ақшамды қайырымдылық қорына аударып жүрмін. Ертең аты-жөнім ауыл-дың Құрмет кітабына жазылады» деп менің «мозгамды» қырық жыл бойы айналдырып келген екен ғой, қайтейін, қайтейін?!.. Мырс-мырс жылаған дауысы естілуде... «Сегодня сеанс заканчивается! Проснитесь! Завтра начнем лечение» деген экстрасенстің дауысы естілді. Уһ-һ-һ! Қара терге малынып тұр екенмін. Әйелім тайып тұрыпты. Қырық жыл айтпай жүрген өтірігім ашылып қалды. Мұндай емі құрысын! Айтар ақылым, экстрасенске жақындамаңдар!

Серік Жұмағалиев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале