23.09.2025, 15:30
Оқылды: 110

«Ел бірігіп еңбек етсе ғана өркендейді»

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Ақжайық ауданына жұмыс сапарымен барып, Жайықтың жағасын жайлаған ауданның халқымен кездесті. Басқосу барысында өңір басшысы тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, мәселелерін білді. 

1628d205-835e-4016-b01b-bd13ebe12107

Облыс басшысының сапары Коловертный ауылындағы «Ауыл. Шаңырақ» кооперативінің жұмысымен танысудан басталды. Аталмыш кооператив иелері «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, кәсіп бастаған. Бірігіп техника алып, сүтті ірі қара өсіруді қолға алған. Тіпті арболит блоктары мен профлист шығаратын шағын цех ашып, аудан халқын құрылыс материалдарымен қамтуға маңызды қадам жасаған.

3e8b4c60-555c-4596-afc0-d5954648fd14

«Ауыл. Шаңырақ» кооперативінің төрағасы Тілекқабыл Шаяхметовтың айтуынша, олар өз жұмысын сауын сиырлар сатып алудан бастаған.

– Біздің кооперативке 25 адам тіркелген. Қазір солардың 15-і жұмыс жасауда.  «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, бірінші сауын сиырлар алдық. Содан соң қажетті құралдар сатып алып, профлист, тақтай, арболит тас шығаратын цехты іске қостық. Аталмыш бағдарлама бойынша кооператив мүшелерінің бірі техника да сатып алды. Бүгінгі күнде мал шаруашылығында алты адам, цехта алты адам еңбек етуде. Шығарған өнімдерімізді жергілікті тұрғындарға сатамыз деген жоспарымыз бар, – дейді кооператив төрағасы Тілекқабыл Шаяхметов.

b6b67973-2b6e-45b7-b4f4-2459229946e4

«Ел бірігіп еңбек етсе ғана өркендейді» деген облыс басшысы кәсібін енді жандандырып жатқан кәсіпкерлерге сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді.

Іссапар аясында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мерген ауылына дейінгі құрылысы аяқталған кірме жолды көріп, ауыл тұрғындарымен кездесті. Бұл жол – бес шақырым ғана болғанымен, бүтін бір ауылдың тынысын ашқан маңызды күре жол. Бұрын шұрық-тесік, батпаққа айналған жол бүгінде тегіс асфальтпен көмкерілген. Бес шақырымдық жол елді мекеннің ішінен өтіп, «Орал-Атырау» тасжолына шығады.

Ақжайық аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі басшысы Айбек Замеровтың айтуынша, бүгінгі таңда аудандағы жолдардың тек шамамен 40%-ы ғана талапқа сай келеді. Бүгінде Жаңажол, Қамыстыкөл, Үштөбе, Томпақ, Тінәлі, Қабылқазақ ауылдарындағы кіреберіс жолдарды жөндеуге жобалар дайында­луда. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленген соң, қаржыландыру мәселесі шешіледі.

95b67f3e-8f1a-4ac9-824c-bd7298d7f392

Мерген ауылында өткен Ақжайық ауданы тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі өңірде атқарылып жатқан іргелі жұмыстар туралы атап өтті. Өз кезегінде аудан әкімі Мұрат Сердалин аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде баяндама жасады. Аудан әкімінің айтуынша, ауданда малдың санына емес, сапасына сұраныс жылдан жылға артып келеді. Аудандағы 7 бордақылау алаңы жылына 11 мың басқа дейін мал бордақылауға қауқарлы. Жақын болашақта олардың саны онға жетіп, қуаттылығы 24 мың басқа дейін артпақ. Бұл – тек ішкі нарықты ғана емес, экспортты да қамтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, биылдың өзінде Өзбекстан мен Тәжікстанға мал экспортталған.

Тұрғындармен кездесуде Ақжайық ауданында әлі күнге дейін ауыз су тапшылығына тап болып отырған ауылдардың бар екені ашық айтылды. Жазда құдық суы тартылып, кей ауылдарға су тасымалданып беріледі. Бұл – бүгінгі күннің ащы да болса шындығы. Осы түйткілді шешу үшін облыс, аудан әкімдігі тарапынан нақты жоспар жасалған. Бұл бағытта Қарауылтөбе, Тайпақ, Алғабас, Алмалы, Ілбішін, Бударин, Есенсай, Жаңабұлақ ауылдарында су желілері толықтай жаңартылмақ. Қазіргі күнде жобалар жасалып, қаржы бөлінген. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев: «Су мәселесі – басты назарда. Ауылдағы әрбір отбасы таза ауыз суға қол жеткізуі тиіс. Бұл – мемлекеттің міндеті. Сондықтан ауыз су тасымалдап отырған ауылдар әркез біздің назарымызда. Бұл мәселенің шешімін табамыз», – деді.

Ақжайық ауданындағы мектепте 6325 оқушы білім алуда. 52 мектеп пен 41 балабақша жұмыс істейді. Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары мен материалдық-техникалық әлеуетті жаңарту мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Мәселен, Үштөбе ауылында жаңа модульдік мектептің құрылысы басталды. Бұл – ауыл балаларының сапалы білім алуына жол ашатын маңызды бастама. Жас мамандарды жұмысқа тарту, оларға үй беру, жалақыдан тыс қолдау – бүгінгі білім саласындағы басты бағыттардың бірі.

– Аудан орталығында жыл санап халық санының өсуіне байланысты мектеп жасындағы балалардың да саны артып, мектептердің үш ауысымға көшу мәселесі туындап отыр. Осыған орай Чапаев ауылынан жаңа білім ошағын салу қажеттілігі бар. Сонымен қатар осы сала бойынша тоқталып кететін тағы бір мәселе – шағын елді мекендердегі мектептердегі оқушы санының азаюы себебінен жабылып қалу қаупі туындады. Былтыр аудан бойынша мектептерде оқушы санының азаюы анықталған Ақбұлақ, Тінәлі, Битілеу және Сайқұдық ауылдарын «Қаладан ауылға» жобасына енгіздік. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында аудан бюджеті қаражатымен Битілеу ауылында екі пәтерлік тұрғын үй салынса, Тінәлі ауылында екі тұрғын үй сатып алынды.  Жоба аясында жалпы ауданға құрамында 32 адамы бар 5 отбасы көшіп келсе, соның 20-сы – мектеп жасындағы балалар. Ағымдағы жылы 14 елді мекен аталған жобаға енгізіліп, қазіргі таңда 5 елді мекенге 9 отбасы қоныс аударды, соның 21-і – мектеп жасындағы балалар. Бағдарлама аясында Сайқұдық ауылында 3 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазан айында пайдалануға беріледі. Қоныс аударған отбасылар тұрғын үймен қамтылып, жұмысқа орналасу мәселесі өз шешімін тауып, жергілікті қожалық иелерінің демеушілігімен мал басымен қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде. «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде аудан бойынша бірде-бір мектептің жабылуына жол берілмеді, – деді аудан әкімі Мұрат Сердалин.

0d6391ea-25df-4455-a30c-44df408349ee

Жиында белгілі болғандай, ауданда медицина саласы да жіті назарда. Бірнеше ауылда медициналық пункттер салу және жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Жаңабұлақ, Бударин, Тайпақ, Қарауылтөбе, Жаңажол секілді ауылдарда тиісті жобалар дайын. Сонымен қатар дәрігер тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалмады. Ауданға қажет дәрігер мамандар бойынша Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарының басшылықтарымен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде биыл 4 дәрігер қызметке орналасқан. Соның өзінде қазіргі таңда ауданда 11 дәрігер маманға қажеттілік бар.

Кездесу соңында облыс әкімі ел-жұрттың талап-тілегін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Сұрақ-жауап кезінде тұрғындар жол, ауыз су мәселесін көтерді. Облыс басшысы барлық сұрақты мұқият тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале