23.10.2025, 10:15
Оқылды: 354

Ел дегенде жүрегі елжірейтін Элгун

Облыстық ассамблея жанындағы «Бірлік» әзербайжан мәдени-ағарту қоғамы» бірлестігі төрағасының орынбасары Элгун Джаналиев – ер мінезді, жайдары, қарапайым азамат.

77b8985d-d2ff-46a8-9224-fe27b06994c0

Элгун Ахмадұлы 1993 жылы Әзербайжан Республикасының Джаллилабад ауданына қарасты Байханлы ауылында өмірге келген. Тағдыр жолы оны сегіз жасында ата-анасымен бірге Қазақстанға алып келді. Сол күннен бастап қазақ жері оның болашағын, өмірлік ұстанымын айқындаған Отанға айналды.

«Қазақстан – менің екінші Отаным, жүрегіме жақын, туған елімдей қадірлі ел. Қазақ елінің азаматы болып, оның өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосып келе жатқаныма мақтанамын», – деген азамат қазақ халқының кеңпейілдігі мен бауырластығын сезініп өскенін айтты. Бала кезінде ата-анасы ұлдарын осы елге құрметпен қарауға, тілін үйренуге, мәдениетін бағалауға баулыды. Қазақ тілін меңгеру оның өмірінің маңызды белесі болды.

Оның айтуынша, алғашқы кезде Бәйтерек ауданының Чувашин ауылында тұрған. Ауылдағы жалпы білім беретін орта мектепте екі жыл оқыған. Одан кейін отбасы Орал қаласына көшіп, №32 мектепте білім алады.

«Қазақ тілін еркін меңгеру – мен үшін жай ғана қажеттілік емес, бұл – менің азаматтық әрі адами борышым. Қазақ жерінде тұрып, осы елдің ауасын жұтып, нанын жеп отырып, мемлекеттік тілді білмеу – үлкен сын. Сондықтан оның маңызын терең түйсініп өстім.

Тіл үйренуге ең алғаш бағыт берген – ата-анам. Әсіресе әкемнің тәрбиесі, айтқан сөздері мен үшін өмірлік ұстанымға айналды. Дастарқан басында әркез айтып отыратын: «Бұл жер бізге құшағын ашты, бізді жатсынбай қарсы алды. Қазақ еліне деген құрметіміз – оның тілі мен мәдениетін терең білуімізбен өлшенеді», – деп бізді тәрбиеледі. Әкемнің осы сөздері мені терең ойға жетелеп, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігімді арттырды», – дейді Элгун.

Элгун Ахмадұлы дос-жараны, өмір сүрген ортасы бауырмал болғанын, бұл өзіне жақсы әсер еткенін айтады.

«Әрине, мектептің, мұғалімдердің де ықпалы зор болды. Ал қазақ тілінде еркін сөйлеуіме үлкен әсер еткен – менің ортам, қазақ достарым және іскерлік байланыс. Қазақ тілі арқылы мен қазақ халқының бай мәдениеті мен терең дәстүрін таныдым. Тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ол – бір ұлттың тұтас болмысы. Сондықтан қазақ тіліне деген құрметім шесіз», – дейді Элгун Джаналиев.

Білімге құштар жас Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы гуманитарлық кәсіподақтар университетінде экономика мамандығын меңгеріп, 2017 жылы жоғары білім алып шықты.

Элгун үшін тіл үйрену – елге құрметтің өлшемі, ал осы елдің азаматы атану – ең үлкен жауапкершілік. Ол – қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақ мәдениетін терең білетін жаңа буын  өкілдерінің  бірі.

Ізгілікке іңкәр

Бүгінде Элгун Ахмадұлы табысты кәсіпкер, құрылыс пен қонақүй бизнесінде іскер басшы, сонымен қатар ел мен қоғам үшін аянбай еңбек етіп жүрген азамат. Ол үшін кәсіп – тек табыс көзі емес, елге пайда әкелудің жолы. Сондықтан да оның әр ісінің түп негізінде адамгершілік пен адалдық ұстанымы жатыр.

Элгун Ахмадұлының өмір жолындағы басты ұстаным – қайырымдылықты өмір салтына айналдыру. Ол мұны адамдық борыш деп біледі. Қоғам оны көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созатын мейірімді жан ретінде таниды.

2024 жылы өңірде су тасқыны болған кезде гуманитарлық көмек ұйымдастыруға белсене атсалысты. Облыстық штаб құрамында жұмыс істеп, тасқынға қарсы күрескен бригадаларды көлікпен және материалдық ресурстармен қамтуға себеп болды. Осы ретте материалдық және қаржылай көмегінің жалпы көлемі 10 миллион теңгеден асты. Оның бұл әрекеті қарапайым адамгершіліктің, елге деген жанашырлықтың көрінісі еді.

Белсенді азамат жыл сайын «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, қала тазалығына, жасыл желекті көбейтуге үлес қосады. «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына оқу құралдарын, киім-кешек алып береді.

Бәйтерек ауданының Чувашин ауылында үйі өртеніп кеткен отбасыға құрылыс материалдары мен тұрмыстық жабдықтар жеткізіп, жаңа баспана тұрғызуға көмектескені де оның азаматтық биік қасиетін көрсететін іс. Элгун облыстағы арнайы мектеп-интернаттарға, қарттар үйіне, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мекемелерге тұрақты түрде демеушілік  көрсетеді.

«Халыққа сапалы қызмет көрсетуге күш салып келемін. Қайырымдылықты өмірлік ұстанымымның бір бөлігі деп білемін. Қайырымдылық акцияларына үнемі қатысып  отырамын. Қайырымдылық – бұл тек көмек емес, ол – жүректен шыққан ізгі ниет», – дейді кәсіпкер.

Қоғамға қызмет

Элгун Ахмадұлы – облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі. Жас жігіт жастардың белсенділігін арттыру, сапалы білім мен еңбекке деген ынтасын көтеру бағытында жұмыс жүргізеді. Оның айтуынша, ел дамуының негізі жас ұрпақтың рухани және азаматтық кемелдігіне байланысты.

Қоғамдық жұмыс пен кәсіпкерлікті қатар алып жүру – қажырлы еңбекті талап етсе де, ол мұны адами парыз деп біледі.

«Қазіргі кезде облыстық қоғамдық кеңестің мүшесімін. Осы кеңес құрамында қоғам­дық бақылауды ұйымдастыру және жастар мәселесі бойынша комиссияның төрағасы қызметін атқарамын. Бұл – үлкен жауапкершілік пен сенім жүктейтін қоғамдық қызмет.

Қоғамдық кеңестің көт­ріп жүрген басты мәселелерінің бірі – жастардың белсенділігін арттыру, сапалы білім мен жұмысқа қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қоғамдық бақылау аясында мемлекеттік қызмет сапасына мониторинг жүргізіп, ашықтық қағидаты аясында халықтың ұсыныс-пікірін билікке жеткізуге атсалысып келемін», – дейді қоғамдық кеңес мүшесі.

Достастық дәнекері

Элгун Ахмадұлы 2020 жылдан бері Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Бірлік» әзербайжан мәдени-ағарту қоғамы» бірлестігінің төраға орынбасары. Бұл ұйым – этностар арасындағы ынтымақ пен достықтың дәнекері. Бірлестік бастамасымен жыл сайын Алғыс айту күні, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқы бірлігі күні және Республика күні қарсаңында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Әзербайжан халқының ұлттық тағамдары дайындалып, көрмелер, концерттер, қайырымдылық жәрмеңкелері өткізіледі. Мұндай іс-шаралар арқылы этностар арасындағы сыйластық пен достық нығая түседі.

Элгун Ахмадұлының пікірінше, Қазақстанның басты байлығы – көпэтносты халқының бірлігі. Қазақстанда әрбір этнос өкілі өз мәдениетін сақтай отырып, ортақ мақсатқа – елдің дамуына қызмет етуге мүмкіндік алған. Ассамблея – осы мүмкіндіктің кепілі.

Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы байланыс кейіпкер назарынан тыс қалмайды. Ол екі елдің бауырлас қатынасын рухани, мәдени және экономикалық бағытта нығайтуға атсалысып жүр. «Әзербайжан мен Қазақстан – түркі тамырлас мемлекеттер. Біздің мәдениетіміз, дініміз, дүниетанымымыз ұқсас. Сондықтан екі ел арасындағы достық пен әріптестік жылдан жылға артып келеді. Бұл бауырластықты сақтауға ұмтылу – әрбір азаматтың міндеті», – дейді ол.

Қоғам белсендісі Элгун Джаналиевтің пікірінше, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясаты – тұрақтылық пен даму жолындағы маңызды бағдар.

f5b77b06-12d5-4533-8d39-95b57418b073

«Ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті сақтап, әрбір азаматқа тең мүмкіндік беру – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Осы саясаттың арқасында көпэтносты халқымыз алға адымдап келеді. Бұл – болашағымыздың кепілі», – дейді кейіпкеріміз.

Элгун бауырымыздың өмір жолына көз жүгірткенде, оның ісі мен сөзі бір жерден шығатыны анық байқалады. Ол туған елінен алысқа кетсе де, таңдаған Отанын жүрекпен сүйген азамат. Оның өмірлік ұстанымы да ерекше: елге қызмет ету – ең үлкен бақыт.

«Республика күні – еліміздің мемлекеттігі мен егемендігін айқындайтын ерекше мереке. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін мақтаныш пен жауапкершіліктің символы. Барша отандастарымды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» – дейді Элгун Джаналиев.

Нұртай Текебаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале