Бүгін Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті.
Сағат таңғы тоғыз болмай-ақ базардағы халық ығы-жығы екен. Жағалай тұрған сатушылардың әрқайсына бір жолыққан жәрмеңкешілер көкөністі көп алуда. Сонымен бірге ет алушылардың да қарасы мол. «Ел ырысы» базарының директоры Иса Жүсіпқалидің сөзінше, жәрмеңкеге 150-200 шақты кәсіпкер келген. Көтерме сауда жасап тұрғандар осы базарда бұрыннан сауда жасайтындар.
– Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының қолдауымен ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлер де жиналды. Тауар өндірушілерге сауда орындары тегін берілді. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі тиімді тауар бағаларын ұсынған болатын. Сатушылар өнім бағасын сол бағадан асырған жоқ. «Ел ырысында» жәрмеңке әр сенбіде өткізіледі. Бірақ біз жексенбі күні де ұйымдастырғымыз келеді. Қазір бақша өнімдерінің пісіп, жиналатын уақыты. Сол үшін шаруалардың тауарын өткізуіне жағдай жасасақ, халыққа да тиімді болар еді, – дейді Иса Жұмажанұлы.
Орал каласының кәсіпкерлік жане ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Самал Есқалиеваның айтуынша, жәрмеңкеге Теректі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласының тауар өндірушілері, қайта өңдеу кәсіпорындары да қатысты. Мұнда барлығы 2 бас жылқы еті, 4 бас сиыр еті, 3 тонна картоп, 0,1 тонна қызанақ, 0,3 тонна қырыққабат, 0,5 тонна сәбіз, 1,5 тонна пияз, 0,2 тонна балық, сондай-ақ жеміс-жидектер сатылды. Өнім бағалары нарықтағы бағадан 10-15%-ға төмен болды.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz