8.12.2021, 9:30
Оқылды: 69

Ел жадынан өшпес ерлік

Жуырда Волоколамск және Мәскеу қалаларында «Бессмертная память: вспомнить всех поименно!» атты халықаралық қоғамдық форумының ІХ-шы сессиясы өтті. 

1

Аталмыш жиынға Еуразия халықтары ассамблеясы Бас хатшысының орынбасары, Еуразиялық телерадио академиясының президенті, философия ғылымдарының кандидаты Валерий Рузин мен Әл-Фараби тындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, панфиловшылар ұрпақтары халықаралық қауымдастығының төрағасы Ләйлә Ахметова басшылық жасады.

2

Айта кетелік, форум генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы ерлігінің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында  өтті. Шынында, 1941 жылғы қазан-қараша айларында Волоколамск маңында болған алапат шайқаста неміс-фашистерінің бетін қайтарған біздің жерлестеріміз еді. Қазақ және Қырғыз республикасында құрылған аталмыш дивизия құрамында 30-дан астам ұлт өкілдері болған.  Бұл күнгі «Ұрпақтарға сөз» атты бөлімнен аңғарғанымыз, қазіргі уақытта қауымдастық құрамында әлемнің 12 елінде тұратын 150-ден астам адам бар көрінеді. Аталған дивизия ұрпақтары негізінен Ресейде, Қазақстанда, Қырғызстанда, басқа да көршілес елдер мен АҚШ-та, Германияда, Израильде, Болгарияда, Кубада тұрады екен. Конференцияға Ресейдің 7 қаласы мен Қазақстан, Қырғызстан және Латвиядан келген батырлардың 17 ұрпағы панфиловшылардың ерлік жолы туралы баяндап, шешімін күткен кейбір мәселелерге де көпшілік назарын аударды.

Жалпы 316-атқыштар дивизиясында болған жауынгерлердің ұрпақтарының кездесуі өте әсерлі болды. Кеңес Одағының Батыры атағын алған 28 панфиловшының қатарындағы аға сержант Г. Митиннің қызы Любовь Гавриловна Сәтімбекова Алматы қаласынан қызы Гүлнар Әбуованы бірге ілестіре келіпті. Ал енді Орал қаласынан жеткен мен өзім ерлігі еленбей қалған ақын Абдолла Жұмағалиев туралы баяндап, 2020 жылы оған Халық Қаһарманы атағын беру жөнінде жерлестері ұсыныс түсіргенін айттым. Бұл мәселенің шешімін табуына кедергі болып отырған Қорғаныс министрлігінің ұстанымы екен.  Яғни шайқастан кейін марапаттау жөнінде командирдің жазбаша ұсынысы болмаса, соғыстан соң атақ берілмейтін көрінеді. Осы жерде айта кетер бір нәрсе, 316-атқыштар дивизиясының ерлігін лайықты бағалауға үндеген маршал Георгий Жуков өз естелігінде дивизияға «Гвардейская» атағын беру жөніндегі ұсыныс жасағанын жазады. Ал жауынгерлерді жеке-жеке марапаттау туралы ұсыныс болмаған сияқты. Сондықтан форумды ұйымдастырушылар Абдолла Жұмағалиевтің ерлігі туралы қолда бар деректерімізді жолдауды өтінді. Жасыратыны жоқ, Нұр-Сұлтан қаласындағы іссапарым аяқталысымен, өз қаражатыма Мәскеу және Волоколамск қалаларына барудағы мақсатым – аңыз ақын, хас батыр Абдолла Жұмағалиевтің ерлігі тарихи бағасын алғанын барша жерлестері қалайтынын жиынға қатысушыларға жеткізу еді. Ол ойым жүзеге асқанына қуаныштымын.

Сөз түйінінде аталған форум жұмысына қолдау көрсетіп, ерекше белсенділік танытқан Волоколамск қалалық округі басшысы Михаил Сылка, Еуразия халықтары ассамблеясының Бас хатшысы Андрей Бельянинов пен Иван Васильевич Панфиловтың немересі Айгүл Байқадамова екенін айта кеткен артық болмас.

Нұржан  Төлепов, 

Жәңгір хан атындағы тарихи-

этнографиялық  музейдің  меңгерушісі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале