Еліміз үлкен өзгерістердің алдында тұр. Оған жаңа Конституция жобасы көп әсерін тигізбекші. Егер бұл құжат қабылданса, оның республикамыздың алдағы уақытта орнықты дамуы мен қоғамды ұйыстырудағы тарихи маңызы зор болмақ.

Бұл туралы Достық ауылында өткен аудандық коалиция мүшелерімен болған кездесу кезінде айтылды. Саяси науқанның маңыздылығы кеңінен түсіндірілген жиынға ауылдың зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, жастар, жұртшылық өкілдері қатысты.
Кездесуде аудандық коалиция төрағасы Нұрлыбек Хайруллин ҚР жаңа Конституциясының жобасы ел дамуының қазіргі кезеңіне сай келетін, әділетті, жауапты және орнықты мемлекет құруға бағытталған атап өтті. Құжатта ұлттық бірегейлік, мемлекеттік тұрақтылық, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік айқын көрініс тапқан.


Таяуда ауданымызда құрылған 31 адамнан тұратын коалицияның жұмысына тоқталған «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова жаңа Конституция мәтіні қоғаммен бірлесіп әзірленгенін айтты. Бұл құжат Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ауқымды реформалар бағытының заңды жалғасы екенін жеткізді.
-Жаңа Конституцияға байланысты өткен 12 кеңестің талқылауларын көріп, тыңдадық. Сонда жаңа Конституция халықпен ашық диалог жүргізу барысында қалыптасып, жұртшылықтың шынайы мүддесін айшықтайтына көзім жетті. Сондықтан жаңа Ата заңның жобасын «Халық Конституциясы» деп атауға толық негіз бар,-деді өз сөзінде Бибігүл Меңдіғалиқызы.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев қазіргі қолданыстағы Конституция өз миссиясын толықтай атқарғанын тілге тиек етті. «Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қабылдаған бүгінгі Ата Заңымыз Қазақстан Республикасының мемлекет болып қалыптасудағы өзінің функциясын толықтай атқарды,-деді Мәлік Сейсенбайұлы.-Мемлекет болып қалыптастық деп бір орында тұрып қалмаймыз ғой. Еліміз әрі қарай дамуы керек. Ол үшін заң заңдар қабылдануы қажет. Сондықтан да жаңа Конституция жобасы дайындалды».
Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар ауқымды конституциялық өзгерістердің маңызы жөнінде айтып, жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді. Жиын соңында коалиция мүшелері ауыл тұрғындарын ел болашағына бейжай қарамай, маңызды шешімдер қабылдауда белсенділік танытуға шақырды.
Серік МАРАТҰЛЫ