24.12.2018, 16:12
Оқылды: 20

Елбасы сыйлаған ерекше шырша тойы (СУРЕТ)

Бүгін Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан балаларға арналған «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» жаңа жылдық шырша салтанаты өтті.

 jana jyl (18)

Мерекелік шараға Батыс Қазақстан облысы бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған, даму мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан балалар санатынан 9 бен 13 жас аралығындағы оқу озаттары мен дарынды ұл-қыздар қатысты.

Ерекше әлеміне шақырып, сиқырымен баурайтын әдемі мереке барысында балақайлар өздерінің сүйікті ертегі және мультфильм кейіпкерлерімен жүздесіп, қызықты ойындар ойнады. Сонымен қатар олардың назарына лазерлік шоу мен сиқыршылар орындаған айрықша көріністер ұсынылды.

Жасыл шырша жанына жиналған жас өрендерге сиқырлы экран арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ізгі лебізін жолдады. «Қымбатты балалар! Бүгінгі Жаңа жыл шыршасына еліміздегі бүкіл өңірдің үздік өрендері жиналып отыр. Бәріңізді мерейлі мерекемен шын жүрегімнен құттықтаймын! Бұл – өздеріңді жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мейрам. Осы мерекелік басқосуды бүкіл баланың жыл бойы асыға күтетінін білеміз. Кез келген перзенттің аппақ көңілі бұл күні айтылатын ақжолтай тілектердің орындалатынына сенеді. Шырша тойында өнер көрсетіп, сыйлық алатын бүлдіршіннің қуанышынан артық ештеңе жоқ. Балалардың алаңсыз әрі бақытты өмір сүруі үшін біз барлық жағдайды жасап келеміз. Сондықтан бәрің де саналы тәрбие мен сапалы білім алуға ұмтылғандарың жөн.

Бүгінде дүние жүзі тәуелсіз Қазақстанның жарқын жетістіктеріне құрметпен қарайды. Осындай мәртебелі мемлекетте, еркін елде өмір сүріп жатқан сендер бақытты балаларсыңдар!

Біздің болашағымыз сендерсіңдер, бүгінгі жас өрен! Жыл бойы талмай-тынбай білім алып, спорттық жарыстарда, түрлі байқаулар мен білім сайыстарында жеңіске жеттіңдер. Еңбекқорлық, ынта-талап, қайрат-жігерлерің әр бастамада серік болсын! Денсаулықтарың мықты болып, жаңа білім игеруге талпыныңдар, шетел тілдерін меңгеріңдер. Ең бастысы, ата-аналарың мен ұстаздарыңның қамқорлығын бағалай білгейсіңдер. Тек олар ғана емес, бүкіл ел сендерге зор үміт артатындығын ұмытпаңдар.

Айналайын, балалар!

«Бетеге, жусан – бел көркі,

Білімді ұл-қыз – ел көркі» деген мағыналы сөз бар.  Өзгеге үлгі болатын өнегелі өреннің болашағы зор екенін әрдайым естен шығармаңдар. Балдәурен балалықтың бақыты мен шаттығына бөленіп өсіп, өркендей беріңдер. Жаңа жылдарың құтты болсын!» - деді Мемлекет басшысы бейнеүндеуінде.

Балалардың жүзі бал-бұл жанып, баршаны шаттыққа бөлеген шырша тойына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасының атынан құттықтау тілегін білдірді.

- Қадірменді балалар, құрметті оқушылар мен ұстаздар! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сіздерді шын жүректен Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мемлекеттің әрдайым қолдау білдіріп, бар жағдай жасалып жатқандығын айтып өтті. Алдағы уақытта сіздерді зор арман, көптеген жетістік күтіп тұр. Сол армандарың орындалсын. Сабақты жақсы оқып, тәртіпті қатаң сақтап, спорт, музыка, мәдениеттің сан саласына үлес қоса отырып мақсаттарыңа қол жеткізіңдер. Жаңа жыл құтты болсын! Жаңа жылда жаңа биіктерден көрініп, аңсаған армандарыңа қол жеткізіңдер. Жаңа жылдан жаңа жылға шексіз қуаныш, мол жетістікпен жете берейік, - деді Алтай Сейдірұлы.

jana jyl (11)

 

БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Габдушевтің айтуынша, жаңа жылдық ертеңгілікке қатысқан 180 баланың 120-сы ауылдық мектептерден келсе, 30 бала облыстық мектептердің, ал 24-і – қалалық білім ошақтарының шәкірті. Шараны ұйымдастыруға жалпы сомасы 16,6 млн. теңге қаражат қарастырылған. Әр балаға 85 300 теңгеге қысқы күрте, бас киім, мойынорағыш, қолғап, қысқы және спорттық аяқ киім, спорттық костюм, шалбар, жейде, жемпір, сөмке және тәтті толы қоржын салынған сыйлық топтамасы беріледі.

jana jyl (30)

Мерекелік кеш соңында әр балаға сыйлық табысталып, жүздері бал-бұл жанған ұл-қыз риза көңілмен тарқасты.

Жаңа жылдық жасыл шырша жанындағы шарадан бөлек, балаларды «Айдана» қонақүйінде мерекелік дастарқан, қаламыздағы «Magic Land», «Funky Town» ойын-сауық орталықтарына қызықты саяхат, «Musical fireworks» караоке-саз кеші күтеді.

Аяужан Кереева,

Суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

© zhaikpress.kz

 jana jyl (26) jana jyl (23) jana jyl (32) jana jyl (15) jana jyl (14) jana jyl (13) jana jyl (12) jana jyl (9) jana jyl (10) jana jyl (7) jana jyl (4) jana jyl (1) jana jyl (6) jana jyl (21)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале