10.10.2024, 16:45
Оқылды: 105

Елде «Цифрлық нотариат» жобасы іске қосылды

Облыстық Әділет департаментінің құрамында қазіргі уақытта құрылымдық алты бөлімшелері және Орал қаласы, Ақжайық, Бөрлі және Казталов ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімдері бар. Штаттық кестеге сәйкес 43 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Бұл туралы және әділет құрылымдарындағы жаңа бастамалар жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Естай Рашқалиев айтып берді.

рашкалиев

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында әділет құрылымдары көрсететін мемлекеттік қызмет толықтай аутоматтандырылған. Сонымен қатар заңды тұлғаларды, филиалдар мен өкілдіктерді, жылжымайтын мүліктерді мемлекеттік тіркеу, қажетті анықтамаларды алу, нотариат, мәжбүрлеп орындату саласында оңтайландыру жұмыстары жалғасуда. Мәселен, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі 2023 жылы азаматтарға нотариаттық қызметтер алуды айтарлықтай жеңілдететін «Цифрлық нотариат» жобасын іске қосты.

– Қазіргі уақытта азаматтар онлайн режімде, яғни нотариустың кеңсесіне бармай-ақ, нотариалды куәландырылған: өкілеттілік ету туралы сенімхат беруге (мүлікке билік ету сенімхаттарды қоспағанда), жұбайлардың біреуімен жұбайлардың ортақ мүлкіне билік ету жөніндегі мәмілеге келісім беруге, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау мәселелері бойынша нотариустан ақылы түрде құқықтық кеңес алуға мүмкіндігі бар.  Аталған  нотариаттық іс-әрекеттер «eGovMobile» қосымшасы арқылы онлайн режімде клиенттің нотариуспен бейнебайланысы арқылы рәсімделеді. Ол үшін азамат «eGovMobile» қосымшасын ұялы телефонына немесе компьютеріне жүктеп, қосымшаға тіркеледі. Одан кейін «Е-notary» бөлігінде өтінім толтырып, оған электронды цифрлық қолтаңба көмегімен қол қояды. Кейін  жеке басын растау үшін қосымша арқылы нотариусқа бейнебайланыс арқылы қоңырау шалады. Нотариаттық  іс-әрекет жасау үшін  заңнамамен бекітілген нотариустың қызметтеріне ақы төленеді, ал дайын цифрлық  құжат-сенімхат немесе келісім беру «Цифрлық құжаттар» бөлімінен жүктеп алынады. Сонымен қатар ҚР Әділет министрлігінің кәсіби қызметпен айналысу құқығына үміткер азаматтарды аттестаттаудан өткізу және біліктілік беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерді аутоматтандырылған режімде көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылды. 2023 жылдың желтоқсан айынан бері нотариус, адвокат және жеке сот орындаушы қызметімен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу аутоматтандырылған режімге ауыстырылды. Бұрынғы Әділет департаменттері жанынан құрылған аттестаттау комиссиялары өз жұмысын тоқтатып, аттестаттаудың екі кезеңі де тестілеу түрінде өткізіледі.

Аттестаттау толығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалдарында  өткізіледі. Осы жылдың 9 айы ішінде пилоттық жоба аясында нотариаттық қызмет бойынша 95 үміткер, адвокаттық қызмет бойынша 61 үміткер өтініш тапсырып, өз құқықтарын жүзеге асырды, – деп атап өтті Естай Рашқалиев.

Спикердің берген мәліметі бойынша, биылғы жылдың 20 тамызынан бастап Әділет министрлігі ел аумағында жаңа цифрлық құрал – аутоматтандырылған сот орындаушысын қолданысқа енгізді. Егер сізге айыппұл негізінде шектеулер қойылса, енді оларды алып тастау үшін жеке сот орындаушысының қызметі үшін айыппұл сомасының 25%-ын төлеудің қажеті жоқ. Барлық рәсімдер онлайн және тегін орындалады. Бұл мүмкіндік Әділет министрлігі бастамашы болған оңайлатылған іс жүргізу институты аясында ұсынылады.

– Оңайлатылған іс жүргізу дегеніміз – аумақтық  құрылым  атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік аутоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асыратын атқарушылық құжаттардың аутоматтандырылған орындалуы.

Егер борышкердің берешек сомасы 20 АЕК-тен аспаса, оңайлатылған іс жүргізудің қозғалғаны туралы азаматтардың мобильді азаматтар дерекқорына тіркелген байланыс телефонына 1414 нөмірінен «SMS» немесе «eGovMobile» қосымшасы арқылы push-хабарламалар келіп түседі. Хабарламадағы сілтемені пайдаланып, борышкер өзіне қатысты оңайлатылған іс жүргізудің қозғалғаны және берешегін аутоматты түрде қалай төлеу қажеттілігі туралы толық ақпарат алады. Қолайлылық үшін қарызды онлайн төлеу мүмкіндігі қарастырылған, бұл барлық мәжбүрлеу шараларын, соның ішінде банк есепшоттарына және белгілі бір әрекеттерді жасауға салынған тыйымдарды аутоматты түрде жояды. Сот орындаушылармен байланыс енді талап етілмейді, барлық операциялар онлайн жүзеге асады және өндірісті тоқтату мен тыйым салуларды жою үшін түбіртектер мен басқа да растайтын құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. Дегенмен, бұл жеке сот орындаушылары қарызды өндіріп алуды тоқтатады дегенді білдірмейді. Цифрлы сот орындаушысы тек оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде, яғни  қарыз сомасы 20 АЕК-тен аспайтын әкімшілік  айыппұлдар мен салық төлемдері бойынша жұмыс істейтін болады. Егер борышкер оңайлатылған іс жүргізу қозғалған күннен бастап 30 күн ішінде атқарушылық құжаттың талаптарын орындамаса немесе орындаудан бас тартса, іс жеке сот орындаушысына беріледі. Әрі  қарайғы әрекеттер заңмен белгіленген жалпы тәртіпте, соның ішінде жеке орындаушының қызметі үшін төлем өндіріліп, мәжбүрлі түрде жүргізіледі.  Жаңа жүйе қазақстандықтарға шамамен 5,5 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде, – дейді спикер.

«Отбасының цифрлық картасына» қатысты іс-шараларды орындауға бағытталған азаматтардың акт жазбаларын өзектендіру және түзетулер енгізу қарастырылған. Бұл ретте, қайтыс болған азаматтарға қатысты мәліметтерді нақтылау барысында АХАЖ, жергілікті атқарушы, көші-қон құрылымдарымен, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Акт жазбаларына түзету енгізілетін азаматтар санаттарға бөлініп, бөлек тізімдер қалыптастырылып, АХАЖ құрылымдары мәліметтері негізінде тиісті талдаулар  жүргізілуде.

Тұрғындармен қарым-қатынаста ашықтықты қамтамасыз ету, қоғаммен тұрақты байланыс орнату мақсатында департаменттің «Instagram» «Facebook», «Tik-Tok» әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары, мемлекеттік құрылымның ресми сайты, 51-50-77 сенім телефоны, 119 құқықтық ақпараттық орталық жұмыс істейді. Әділет құрылымдарына қатысты сұрақтарыңыз болса, жоғарыда аталған нөмірлерге  және департамент басшылығымен жеке хабарласу үшін 51-35-45 нөміріне хабарласуларыңызға болады.

Гүлжамал Кенжеғалиева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале