Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке кіруді және одан шығуды жеңілдету, дарынды басқарушыларды және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, стратегиялық адам ресурстарын дамыту шараларын жүзеге асыру үшін тиісті заңнамаға бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті хабарлады.
«Өзгерістердің бірі – мемлекеттік қызметке іріктеуді цифрландыру мақсатында онлайн режимде конкурстық іріктеуді өткізу қарастырылды. Аталған жоба өткен 2023 жылы бірқатар мекемелерде пилоттық сынақтан өтіп, нәтижесінде конкурсқа қатысушылардың саны бір бос лауазымға үш жарым есеге артып, 5,8 адамды құрады.
Ықпалдастырылған ақпараттық жүйеде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға іріктеу және конкурс өткізудің уақытша қағидалары Агенттік төрағасымен (2017 жылғы 21 ақпандағы № 40 бұйырығы) бекітіліп, іріктеудің жаңа тәсілдері 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап 2025 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен барлық мемлекеттік органдарға өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарлануда.
Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы және өкілді органдары, тексеру комиссиясы конкурстың аталған форматына осы жылдың 1 шілдесінен бастап көшеді. Енді азаматтарымыз әлемнің кез келген нүктесінен және қалаған уақытында «eqyzmet.gov.kz» сілтемесі арқылы сыртқы интернет-порталға тіркеліп, конкурсқа онлайн форматта қатыса алады.
Үміткерлерге мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде анонимділікті қамтамасыз ету мақсатында ID-нөмір беру көзделген (конкурсқа қатысушылар мен мемлекеттік орган үміткердің аты-жөнін көре алмайды).
«Е-қызметте» барлық маңызды ақпараттық жүйелермен интеграция жасалды. Ол мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау –автоматты түрде жүйе өзі жасайтын болады.
Сондай-ақ «адами фактордың» ықпалын болдырмау үшін конкурс рәсімнің ашықтығын тәуелсіз прокторинг (жүйенің автоматты бақылау функциясы арқылы байқау кезеңдерін бақылау және қадағалау рәсімі) жүйесі қамтамасыз етеді.
Осылайша, жаңа іріктеу форматына сәйкес конкурстың қорытындылары ақпараттық жүйемен дербес шығарылады.
Іріктеуге қатысу үшін үміткер өзінің техникалық жабдықтарын (компьютердің, ннтернеттің тұрақты жылдамдығы кемінде 5 мб/сек, жұмыс істеп тұрған веб-камера, микрофон және жеткілікті көрінуді қамтамасыз ететін жарықтандыру) пайдаланады.
Тестілеу жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің саны екі есеге, 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Өз кезегінде, тестілеуде шекті мәнді еңсермеген қатысушылар тестілеуге үш күннен кейін және тестілеу тәртібін бұзған жағдайда бір айдан кейін қайта жіберіледі.
Ұлт зиялысы Ә.Бөкейхановтың «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп атап өткендей, қазіргі таңда мемлекеттік қызметке қоғамның талабына сәйкес келетін кәсіби мамандарды тарту аса маңызды саналады.
Осы орайда, қатысушылардың құзыреттері мен қабілеттерін бағалауына басымдық беретін жаңа іріктеу жүйесі жеке қасиеттерді бағалау, сондай-ақ, осы кезеңнен сәтті өткен үміткерлер мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңдерді қамтиды. Осы кезеңнен кейін үміткерлердің жалпы санының жартысы, бірақ кемінде үшеуі эссе жазу кезеңіне жіберіледі. Бұл басшылық лауазымдар үшінміндетті кезең.
Соңғы кезең – ол мемлекеттік органның конкурстық комиссиясында әңгімелесу. Үміткерге бос лауазым бойынша және алдыңғы жұмыс орындарының қызметтік функционалдық бағыттарына сәйкес жеке қасиеттері тұрғысынан жалпы сипаттағы сұрақтар қойылады. Яғни, заңнамада көрсетілген нақты талаптар бойынша кәсіби сұрақтар қойылмайды.
Конкурстық комиссия құрамының үштен бір бөлігі бос лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда үш жыл жұмыс тәжірибесі бар бағалаушылардан тұрады. Нәтижесінде, осы жоба азаматтарға шынайы бәсекелестікке жол ашатын, іріктеу кезеңдеріне ыңғайлы уақытта қатысуға мүмкіндігін беретін, рәсімдері толық цифрландырылған іріктеу жүйесі болып, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді», деп хабарлады аталған департаменттен.