10.10.2022, 15:01
Оқылды: 31

Елден 3 млрд теңге жинаған қаржы пирамидасының құрылтайшылары 12 жылға сотталды

Еліміздің 6 облысындағы 2 мыңнан астам адамды «сазға отырғызған» қаржы пирамидаларының басшыларына сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚР Ішкі істр министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

221010120110904e

«Қаржы пирамидасы бойынша Түркістан облысы полицейлерінің тергеуінде болған екі мыңнан астам жәбірленушінің ісіне нүкте қойылды. Нақтырақ айтсақ, полицияға 2020 жылдан бастап «Evolution Corporation» мен «Индиго 24» ЖШС қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түскен. Олар республиканың 6 облысы мен қалаларының тұрғындары.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасты. Жедел қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстады. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді», - деді ІІМ өкілі.

Оның айтуына қарағанда, полицейлер мен прокурорлар күдіктілердің кінәсінің дәлелдерін жинап, 15 түрлі сараптама жасаған.

«Тергеушілер қылмыстық топтың бірнеше жылдар бойы салымшыларға ақшалары еселеп қайтатыны бойынша уәде етіп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 миллиард теңгеден асатын қаражатты иемденгенін анықтады. Қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғаны, жоспарланған түрде әрекет еткені және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгені дәлелденді. Нәтижесінде тәжірибелі тергеушілер мен прокурорлардың келісімімен айыптау актісімен 1000 томдық қылмыстық іс сотқа жолданды. Бүгін осы қылмыстық іс бойынша соттың үкімі шықты. Атап айтсақ, қаржы пирамидасының ұйымдастырушы, құрылтайшылары болып саналатын 3 адам 12 жылға, ал олардың орынбасарлары болған 5 күдікті 10 жылға, қалған 17 күдікті 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың ең үлкені 55 жастағы әйел болса, ең жасы – 31 жаста», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале