Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының көрме залында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, кескіндемеші-мүсінші Бақытқали Оразовтың «Елес» атты дербес сурет көрмесі өтті.
Ұлтымыздың рухани мұраларын үлгі ету мақсатында оздырылған көрмеге өңіріміздегі сурет өнерін жоғары бағалайтын талғампаз жұрт жиналды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов пен Қазақстан Суретшілер одағы БҚО филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиев суретшінің ұлы өнерге қосып жүрген үлесіне ерекше тоқталып, алғысхат табыс етті.
– Құрметті қонақтар, елімізге танымал суретші Бақытқали Қараұлының бүгінгі дербес көрмесіне қош келдіңіздер! Сурет өнері – шоқтығы биік өнер. Жаның сезінгенді, түйсігің қабылдаған дүниені сала білуге де талант керек екені бәріне белгілі. Сондықтан да біз осындай талантты азаматтарды бағалауымыз қажет, – деді Сайран Темірғалиұлы.
Бақытқали Қараұлы 2019 жылы Кипр мемлекетінде өткен Халықаралық симпозиумға қатысып, дербес көрме ұйымдастырған. Нәтижесінде халықаралық сертификат пен Кипр мемлекетінің күміс кілтіне ие болды. Көрмені тамашалауға келген қонақтар, соның ішінде студент жастар суретшінің шығармаларына таңғалып жатты. Аталған орталықтың өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, жиналған жұртқа ерекше әсер сыйлады.
– Жалпы, өнер адамының жанын түсіне қою өте күрделі. Олардың көңілдері лезде құбылып отырады. Сол үшін де осындай көрменің артында біраз еңбек жатыр деп сеніммен айта аламын. Қолдап келген әріптес, аға-достарымызға алғысымды білдіремін. Кейде жаңбырдан кейін шыққан күндей жарқырап, жаныңды керемет сезімге бөлейтін осындай сәттерді сүйесің, – деді суретшінің жары Тұрсын Оразова.
Сонымен қатар іс-шараның соңында Құрманғазы атындағы саз колледжінің «Сәндік қолданбалы өнер және дизайн» бөлімінің оқытушысы, әріптесі Бауыржан Нұрашев 1986 жылы Бақытқали Оразовтың портретін салғанын айтып, кеш иесіне сыйға тартты.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz