1.09.2022, 9:46
Оқылды: 28

Елдің ықыласына бөленген

Таяуда «Атамекен» өнер ордасында «Ақжайық» халықтық би ансамблінің 45 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті.

3

Шығармашылық концерт басталмас бұрын жарты ғасырға жуық тарихы бар ансамбльдің алғашқы қарлығаштары мен мәдениет саласының ардагерлері дөңгелек үстелде бас қосты. Аталмыш конференция барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов ұжымды айтулы күнімен құттықтады. Сонымен қатар ансамбль құрамында еңбек еткен ардагерлерге облыс әкімі Ғали Есқалиевтің және орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің алғысхаттарын табыстап, «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегерлерін марапаттады. Айта кетейік, концерттік бағдарламаны аталған басқарма қолдап, облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған болатын.

– Ұлттық билерімізді кеңінен насихаттап, мәртебесін биікке көтерген ансамбльдің еңбек жолында алғашқы жетекшісі Құрамыс Ғаббасовтың орны ерекше. Ол кісі студент жастардың бимен қатар оқу үлгеріміне де қатты көңіл бөлді. Мен өзім 1975 жылы ансамбль құрамына мүше болдым. 1977 жылы «Халықтық ансамбль» атағын алып, Норвегияда, Мәскеуде өнер көрсеттік. Кейін 1979 жылы мамандығыма байланысты мұғалім боп қызмет атқаруға тура келді. Бүгін, міне, еліміздің басқа да өңірлерінен келген сол кездегі құрамның мүшелерімен қауышқаныма қуанып отырмын, – деді зейнеткер Гүлсайран Махитова.

4

«Ақжайық» халықтық би ансамблінің шығармашылық кешіне жиналған халықтың қарасы қалың болып, зал ішінде ине шаншар орын табылмады десек, артық айтқандық емес. Кеш басында қоғам қайраткері Мұстахым Ықсановтың қолдауымен құрылған ансамбльдің тарихын еске түсіретін арнайы бейнеролик көрсетілді. Әрі қарай «Жайық өрнектері» биімен жалғасып, артына өшпес із қалдырған Құрамыс Берғалиұлының асыл жары Айсұлу апайға құрмет көрсетіліп, гүл ұсынылды. Кез келген шығармашылық ұжымның алтын қоры болатыны белгілі. Би өнерінің талай белестерін бағындырған ансамбльдің 2007-2019 жылдар аралығындағы бишілері алтын қордағы «Қос алқа» биін мың бұрала билеп, жиналған жұртты тәнті етті.

Жалпы, өнер деген ұғымның адам өміріне өзгеше өң беретінін ұғындырған кеште би де, ән мен күй де орындалды. ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші Ермек Қазиев «Бұлбұл» атты Құрманғазы Сағырбайұлының күйін күмбірлетсе, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Марат Сарбөпеев «Жұлдызым» әнін шырқады. Сондай-ақ кештің құрметті қонақтары, Қазақстанның эстрада жұлдыздары Ұлықпан Жолдасов пен Фарида Жолдасова сахна төрінен көрініп, әуезді әндерімен кештің сәнін келтірді.

– Алғашында ансамбльді құру мақсатында бірнеше күнге созылған байқау өтіп, өңіріміздің талантты, жүзден жүйрік ұл-қыздары іріктелді. Одан бері қарай «Халықтық ансамбль» атағын алуы көлденең кезіккен кедергілерге сынбайтын төзімнің арқасы деп ойлаймын. Қазіргі таңда ансамбльдің кәсіби деңгейге жетіп, шетелдерде өнер көрсетіп жүргені көпке мәлім. Үздіксіз еңбектің қашанда оң нәтижесі болатыны сөзсіз, – деді әнші-композитор Донеділ Қажымов.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале