Бүгінде дамыған елдер электр энергиясының көмегімен қозғалатын көліктерді көбейтуге назар аудара бастады. Тауар өндірушілердің пікірінше, мұндай көліктер, ең алдымен, экологиялық тазалығымен және электр қуатының арзан болуымен тиімдірек. Қазақстанда да электрмен жүретін көліктер шығару күн тәртібінде тұр. Бүгінгі айдарда елдегі және шетелдегі электр көліктер жөнінде сөз етпекпіз. Жалпы, мұндай көліктер екі ғасыр бұрын пайда болған деседі. Алғаш рет 1891 жылы америкалық инженер Уилльям Моррисон электромобиль құрастырып шығарған.
Қазақстанда 200 электромобиль бар
Биыл елде аутобустарды қоса алғанда, түрлі үлгідегі 1200 электр көлігін шығару жоспарланған. 2022 жылы олардың саны 2000-ға дейін жеткізіледі. Көліктер ішкі нарыққа және шетелге экспортқа шығарылмақ. Бұл туралы primeminister.kz сайты мәлімдеді.
Өткен жылдың соңында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Ұлттық аутомобиль павильо-нында болып, елде шығару жоспарланған электр аутомобильдерінің модельдерімен танысты. Олардың қатарында «JAC IEVS4» және «JAC IEV7S» электромобильдерінің модельдері, сондай-ақ толық өлшемді «NIO ES6» және «NIO ES8» кроссоверлердің үлгілері де бар. Нұр-Сұлтан қаласында электромобильдерге арналған 50-ден астам қуаттандыру станциясы жұмыс істейді. Сонымен бірге Ұлттық павильон аумағында орнатылған арнайы аймақтарда бір мезгілде 25 электромобильді қуаттандыруға мүмкіндік береді.
Аталмыш сайттың жазуынша, қазақстандық машина жасау экологиялық таза көліктің дамуымен байланысты жалпы әлемдік трендтен қалыс қалып жатқан жоқ. 2014 жылы электромобильдердің бірінші партиясы шығарылған болса, отандық өндірістің 15 электроаутобусы қолданысқа берілген. Бүгінгі таңда қазақстандық «Сарыарқа-
АвтоПром» зауыты «JAC iEv7S» электромобилінің сериялық өндірісін іске қосуға дайын. «JAC iEv7S» электромобилі Ресей Федерациясындағы «НАМИ» автополигонында сертификаттық сынақтан өткен. Сонымен бірге ЕАЭО-ның барлық аумағында аутокөлікті айналысқа шығаруға мүмкіндік беретін Кеден одағы көлік құралының типін мақұлдау сертификатын алды. Кәсіпорын «ANKAI» және «Yutong» электроаутобустарының өндірісін де игеріпті. Оларды Нұр-Сұлтан, Ақтау және Павлодар қалаларының аутопарктері пайдалануда. Сондай-ақ «Hyundai Trans Auto» кәсіпорнында «Golden Dragon» электр аутобустарының өндірісі игерілген. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 130-дай жолаушы сиятын 12 метрлік электр аутобусы сынақтан өткен.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өндірісті дамыту және қажетті инфрақұрылымды құру жөніндегі жол картасын бекітті. Құжат шеңберінде электромобиль құнының бір бөлігін субсидиялау, электромобильдердің аутобус белдеулерімен қозғалысы, бөлінген тұрақ орындарымен қамтамасыз ету мүмкіндігі және басқа да мәселелер пысықталуда.
Бүгінгі таңда электромобиль иелері көлік салығын төлеуден босатылған. Ал электромобильді есепке қою кезінде қайтадан кәдеге жарату алымының мөлшері төмен, яғни 416 700 теңгені құрайды. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелеріне оператор қызметі ретінде қуат толтыру станцияларының желісін құру және дамыту да бекітілген. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтып өткендей, Қазақстанда 200-ге жуық электромобиль бар. Оның 6-7-сі «Сарыарқа авто-өнеркәсіп» пен «Азия авто» компанияларында құрастырылған.
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) өнеркәсіп саясаты департаментінің директоры Николай Кушнарев Sputnik-ке берген сұхбатында ЕЭК-сы экологиялық таза көлікті танымал ету бағытында 2015 жылдан бері жұмыстанатынын айтты. Оның сөзінше, Ресейде 440 тез және 330 жай қуаттайтын станса құрылады. Олар 30 ірі қала мен 30 негізгі магистральда орнатылады. Белоруссияда жеке пайдалануға арналған электромобильдерді елге әкелу үшін қосымша құн салығының нөлдік ставкасы белгіленген екен. Ал осындай көліктерді өндірушілер мен көлік иелері үшін түрлі жеңілдіктер бар.
Санжардың электромобилі
Қазақстандық өнертапқыш Санжар Тайжан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа жаңа жобасы – қазақстандық электромобильді таныстырды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің фейсбук парақшасы жариялады.
Санжар Тайжан америкалық бизнесмен Илон Маск ұйымдастырған «Not-A-Boring Competition» байқауына қатысуда. 23 жастағы өнертапқыш командасымен бірге бензинмен жүретін аутомобильдерді батареямен қозғалатын электр көліктер етіп қайта жаңғыртады. «Қазір электр көлігі жақсы ауа райында 100 шақырымнан астам қашықтыққа жүре алады. Ал біз оны 500-600 шақырымға дейін арттыра аламыз. Басты мақсатымыз – электромобильдердің қазақстандық алғашқы брендін жасау. Жақын арада дизайны мүлдем жаңа 30 прототип әзірлеп, модельге 200-ден астам патент алуды жоспарлап отырмыз», – дейді Санжар Тайжан.
Елдегі таксилермен қоса, қоғамдық көлікті де электр түріне ауыстыру көзделген. Министр Бейбіт Атамқұлов болса, табиғатты сақтауға және жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға ықпал ететін жаңа технологияларды дамытуды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. ҚР ИИДМ мен Санжар Тайжанның компаниясы жобаны іске асыру үшін бірлесіп, инвесторлар іздестіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ министрлік стартапты дамытуға және оның өнімдерін ілгерілетуге жәрдемдеседі.
Жаңа кроссовер
Жапонияның «Lexus» компаниясы концептуалды электрлі «LF-Z Electrified» кроссоверін таныстырды.
https://iz.ru хабарлағандай, ол 2025 жылдан бастап шығарылатын электркөліктердің үлгісі іспетті. Аталмыш көлік алдыңғы шанағының Х-пішінімен, жіңішке жарықдиотды оптикасымен ерекшленеді. Сонымен бірге әдеттегі ішкі әйнектің орнына бүйіріне камера қондырған. Көлік ішінде спорттық орындық және цифрлық тақта орнатылған. Өткен жылы «Lexus LX Heritage V8» жол талғамайтын көліктің ресейлік ресми дилерлерде бар екені айтылды.
Он минутта қуатталады
Биыл «Toyota» компаниясы 10 минут ішінде толық қуат алатын, жинаған қуаты 500 шақырым жол жүруге жететін электромобиль ұсынады деп хабарлайды www.ixbt.com.
Көлікке қатты күйдегі батарея қолданылады. Аталмыш компания қатты күйдегі қайта зарядталатын батареялармен жүретін элек-тромобиль шығарумен 2017 жылдан бері айналысып келеді. Прототипі белгілі көлікті дайын қалыпта ұсыну үшін екі жылдай уақыт керек. Қатты күйдегі қайта зарядталатын батареялардың жай түрлеріне қарағанда көптеген артықшылығы бар. Оларды жасау да қымбатқа түседі. Мұндай батареялар электрмобильдерде шамамен 2025 жылдары жаппай қолданылуы мүмкін.
Екі орындық электрокөлік
Швейцариялық «Micro Mobile Systems» компаниясы «Microlino» екі кісілік электромобиль шығарады.
https://iz.ru сайтының жазуынша, оның сыртқы пішіні 1950 жылдардың соңында шыққан «BMW Isetta» аутокөлігіне ұқсайды. Екі орындық көліктің есігі алдыңғы жағынан ашылады. Электромобильдің салмағы 512 келі болса, максималды жылдамдығы 90 шақырым/сағат. Microlino электромобильінің екі нұсқасын ұсынады. Қуаты 125-200 шақырымға жетеді. Алдын ала деректер бойынша аутокөліктің бағасы 12 000 еуродан (1,1 млн рубль) басталады.
«Kia»-ның E-GMP-і
Корейлік «Kia» компаниясы қуаты 500 шақырымға жететін EV6 электромобилін шығарды. https://iz.ru сайтының жазуынша, Оңтүстік Кореяда шығарылатын көлік биылғы екінші жартыжылдықта саудаға шықпақ.
Жаңа модель «E-GMP» (Electric-Global Modular Platform, «Глобальная модульная платформа для электромобилей») платформасында жасалған. Электромобильдің дизайны «Kia»-ның Намьян (Корея), Франкфурте-на-Майн (Германия) және Ирвайндағы (Калифорния, АҚШ) дизайн орталықтарының ғаламдық желісіне кіретін студиялары жұмысының нәтижесінде дайын болған. Оның көлемді бампері, түпнұсқа радиатор торы, жіңішке жарықдиодты шамдары бар. Артқы шамдары өзара секіргішпен жалғанған. Салонның алдыңғы панелінде кең дисплей орнатылған. Электр көліктің орындықтары қайта өңделген пластиктен жасалған матамен қапталған.
Дайындаған Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz