Жыл сайын жер жүзінде электрокарларға сұраныс еселеп артып келеді. Қазақстанда да электрлі көлікті таңдайтындардың қарасы көбейді. Шамасы, болашақта әлем елдерінің көшелерін электромобильдер жаулайтынын сенімді болжауға болатындай. Әйтсе де кейінгі уақытта электромобильдерге қатысты түрлі пікір туындады. Табиғатқа зиянсыз болғанымен, адам денсаулығына қаупі туралы қауесеттер бар. Kazinform тілшісі аталған тақырыпты сараптап көрді.
Фото: istockphoto.com
Нарықтағы өзгерген бағыт
Кейінгі жылдары Қазақстанда электромобильдердің саны едәуір артқанын байқауға болады. 2019 жылы елде 200-дей ғана электрлі көлік бар болса, 2022 жылы олардың саны 570-ке жеткен. Дегенмен қарқын еселене берді, электромобильдер саны 2023 жылдың қорытындысында 7680-ге, 2024 жылдың тамызында 10700-ге жетті. Жаңа трендті алматылықтар тез қабылдап жатыр, 10700 электрлі көліктің 6300-і оңтүстіктегі астана көшелерінде жүр.
Ұлттық статистика бюросының есебінше, 2024 жылдың 1 маусымында Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны 5,4 миллионнан асты. Егер шамалайтын болсақ, біз жоғарыда айтқан 10700 электромобиль елдегі жалпы автокөліктер санының 1 пайызына да жетпейді. Сондықтан жаһандық трендте тұрған электромобиль саудасы Қазақстан нарығын толық билей қойған жоқ.
Қазір бейресми электрокар нарығында кім көшбасшы екені туралы нақты статистика беймәлім. Бірақ сұр нарық – тұрақсыз, жаз ортасына дейін Қазақстанда Zeekr-ге сұраныс көп болған, бірақ телематика бұғатталып қалуы мүмкін деген жаңалықтан кейін қызығушылық лезде төмендеді. Қазір ел тұрғындары Lixiang сияқты гибрид маркаларға көңіл бөлуде.
Ал ресми және бейресми электромобиль сататын дилерлерде Tesla емес, BYD танымал. Бұл бренд ресми нарыққа шықса, Қазақстан тұрғындарының Build Your Dreams-қа қызығушылығы арта түсуі мүмкін. Бұл пікіріміз негізсіз емес, өйткені қытайлық электромобиль алыбы BYD компаниясы тоқсандық табысы жағынан алғаш рет америкалық Tesla-ны басып озды. BBC ақпаратына сүйенсек, Қытайдың автомобиль өндірісіне берілген субсидия әсерінен BYD кірісі 2024 жылдың үшінші тоқсанында 24% өсіп, шілдеден қыркүйекке дейін 28,2 млрд доллар кіріс түсірген. Айтпақшы, Өзбекстанда BYD зауыты ашылды, енді Ташкентте марка өнімдері көбейіп келеді. Еуразия аумағындағы көлік нарығы жылдам өзгеріп жатқанын ескерсек, алдағы уақытта елімізде бұндай электрлі машиналар көбеюі мүмкін.
Негізі Қазақстандағы электромобильдердің көбін иелері шетелден алып келеді. Дегенмен ресми автосалондардан көлік алып жатқандар жетерлік.
Негізі электромобиль саудасында кәрі құрлық елдері алдына жан салмай келеді. Our World in Data дерегінше, 2023 жылдың қорытындысында Норвегияда сатылған жаңа көліктердің 93 пайызын, Исландияда – 71 пайыз, Швецияда – 60 пайыз, Финландияда – 54 пайыз, Данияда 46 пайызын электромобильдер құраған.
Тиімділігі толық дәлелденбеді
Энергетика саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, әлемде электромобильдердің көбеюі жанармай тапшылығына емес, жанармай бағасының қымбат болуына байланысты. Мұндағы баға айырмашылығы Қазақстанда қатты білінбегенімен, Еуропа мен АҚШ-та жанармайға қарағанда электр энергиясының құны арзандау болып келеді. Екіншіден, электромобильдер ауаны дәстүрлі көліктерге қарағанда азырақ ластайды немесе мүлде ластамауы мүмкін делінген. Бірақ бұл тұрғыда зерттеуді қажет ететін мәселелер бар. Электромобиль иесі моральдық жағынан «мен экологияны ластамаймын» деп ойлауы мүмкін, дегенмен электр энергиясы қайдан шығады? Мысалы, Қазақстанның жағдайында электр энергиясының 70 пайызы көмір жағу арқылы өндіріледі. Көмір – ауаны ең қатты ластаушы отын. Таза энергия көздерін пайдаланбайынша, экологиялық тұрғыда электромобильдер толыққанды зиянсыз деп топшылауға ерте.