Таяуда әлеуметтік желіден Максим есімді қазақстандық блогердің электронды темекісі жарылып кеткені жөнінде оқыған едім. Ол аталмыш шылымды интернет-дүкен арқылы тапсырыспен алдырыпты. Содан оны қуаттау үшін электр тоғына қосып кетеді. «Электронды темекіге менің де қызығушылығым оянып, интернет-дүкен арқылы тапсырыс бердім. Алып келген соң қуаттауға қойдым. Қолдану әдісі қытайша жазылған екен. Ұқпадым. Содан бір-екі сағат тоқта тұрса, ештеңе болмас деп дүкенге шығып кеттім. Үйге келсем, күйген пластиктің иісі шығып тұр. Жаңа электронды темекім жарылып кетіпті. Тапсырыс берген интернет-дүкенді табуға тырыстым. Бірақ ондаған жарнаманың арасынан байланыс нөмірін таба алмадым. Шылымды тұтынып тұрған кезде жарылса, қайтер едім деп, оны лақтырып тастадым. Енді пайдаланбайтын болдым» депті парақшасында.
Жуырда Оралдағы «City Center» сауда-ойын-сауық орталығы маңындағы дәмханада отбасымызбен түстендік. Тамаққа тапсырыс берген соң қызым «Анашым, қарашы. Көк жемпір киген бала қаламсаптан бу шығарып отыр» деді. Ойымда ештеңе жоқ, «Қой, не дейді?!» деп жан-жағыма қарай бастадым. Көзім, қызым айтқандай, көк жемпір киген балаға түсті. Жас шамасы 12-13-терде. Жанында өзі қатарлас үш бала отыр. Қолдарындағы бір электронды темекіні кезек-кезек шегуде. Жандарына барып, «Қай мектепте оқисыңдар? Есімдерің кім? Ата-аналарың темекі шегетіндеріңді біле ме?» деп едім, әлгі электронды шылымды қалталарына салып, жым-жылыс болды. Сол сәтте электронды темекіні ермек ететін жасөспірімдер қатары көбейгенін айтқан мұғалімдердің сөзі есіме түсті. Мұны Орал қалалық басқармасы ювеналды полицияның аға инспекторы, полиция майоры Мәдина Құспанова да қостады.
– Биылғы оқу жылы басталғалы, жасөспірімдердің электронды темекі шегу мәселесімен бетпе-бет кездесіп отырмыз. Өйткені ер бала былай тұрсын, жасөспірім қыздар да темекінің осы түріне үйір. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерден сыныпқа кіріп келгенде электронды темекінің иісі шығып тұрады деген шағыммен шақыртулар түседі. Биыл тоғыз айда мектепте электронды темекі шеккен 12 жасөспірімге хаттама толтырылып, ата-аналарына ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексі бойынша айыппұл салынды. Былтырға дейін электронды темекіге тыйым салынбаған еді. Мәселе ушығып бара жатырған соң аталмыш кодекстің 441-бабына өзгеріс енгізілді. Онда "16 жасқа дейінгілерге, яғни жасөспірімдерге темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салынады" делінген. Егер қоғамдық орындарда, мектепте оқушының электронды темекі шегіп тұрғаны бейнебақылауға түсіп қалса, оның ата-анасына 15 АЕК (43 755 теңге) көлемінде айыппұл саламыз. Бір алаңдататын мәселе – заң талабы бойынша бала 16 жасқа толғаннан кейін әкімші-лік айыппұл салынатындығы. Яғни бұл жасқа дейін хаттама толтырылмайды. Бейнефиксация жасап, дәлел-айғақтармен мектеп жанындағы жасөспірімдер ісі бойынша профилактикалық кеңестің қарауына ұсынамыз. Бірақ қа-зір 11-12 жастағы балалар да электронды темекіні будақтатып жүр. Перзентінің шылымға үйір бола бастағанын ата-анасы уақытылы біліп, тиісті шара қолданса, жасөспірімнің зиянды әрекетін қойдыру оңайға түседі. Сондай-ақ 21 жасқа дейінгілерге темекі өнімдерін жасырып сататын сауда желілері мен дүкендерді де тексереміз. Биыл тоғыз дүкеннің иесіне әкімшілік айыппұл салынды. Мектеп оқушылары электронды темекінің зиянды тұстарын білмегендіктен, түрлі жеміс-жидектің иісін қызық көріп тұтынады. Көбіне олар интернет-дүкендерден тапсырыс беріп алуда. Электронды темекілердің бір реттік және бірнеше мәрте қолданатын түрі болады. Бір реттікті, яғни "одноразканы" жасөспірімдер бір-біріне беріп, тұтынып жатады. Ата-анасы баласының сөмкесін, қалтасын тексеріп тұруы керек. Алайда шаһарда перзентінің күндіз түгілі, түнгі уақытта қайда, кіммен жүргенін қадағаламайтын ата-аналар бар. Түнгі мезгілде үй-жайдан тыс жүрген балаларды анықтау мақсатында рейд жүргіземіз. Биыл тоғыз айда көшеде сағат 23:00-ден кейін қыдырып жүрген 1400-ден астам жасөспірімді анықтадық. Былтыр бұл көрсеткіш бойынша 800 бала тіркелді, – дейді полиция майоры Мәдина Құспанова.
Снюс пен пауч туралы не білеміз?
Орал қаласының тұрғыны, көп балалы ана Айымгүл Ермұратова электронды теме-кіні осыдан бір жыл бұрын тоғыз оқитын ұлының сөмкесінен тауып алыпты.
– Бірде ұлымның сөмкесінен қаламсап алып жатқанда кішкентай фломастерге ұқсас, бірақ құтысы бар затты тауып алдым. Әкесі жұмыста болатын. Содан оны фотоға түсіріп, уатсап әлеуметтік желісі арқылы әкесіне жібердім. Темекі екенін айтты. Сосын ашуға булығып, ұлымды сабап, әлгі «фломастерді» өртеп жібердім. Кейін мұғаліміне айтып, бақылауын өтіндім. Балаларды тәртіпке салмаса, қадағаламаса, өз беттерімен кетеді. Қазір дүкендерде мұндай заттар ашық сатылуда. Сатушылар ақша үшін кәмелет жасына толмаған балаларға да сатады. Соған алаңдаймын, – дейді ол.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын темекінің салдарынан 25 мыңнан астам қазақстандық көз жұмады екен. Электронды темекі қолданушыларының арасында бұл құрылғы кәдімгі темекіден пайдалы деген қате түсінік қалыптасқан. Жасөспірімдер оны зияны жоқ деген оймен жиі пайдаланатын көрінеді. Алайда Орал қалалық көпбейінді аурухананың эпидемиолог дәрігері Қайрат Төлегенов «Электронды темекінің зардабы кәдімгі темекіден асып түспесе, кем емес» дейді.
– Электронды темекі, вейп, айкос секілді бу шығаратын өнімдер темекіге қарағанда қауіпті екенін көбі біле бермейді. Мәселен, электронды темекінің құрамында глицерин, прополингликоль, никотин, дәм беруші ароматизатор мен бояулардан құралған химиялық сұйықтықтар бар. Глицерин мен прополингликоль адамның тыныс алу жүйелерін зақымдап, өкпенің қатерлі ісігі мен созылмалы обструктивті ауруы, демікпе, қан айналым жүйесі, жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады. Сондай-ақ ағзаның инфекциямен күресу қабілетін төмендетіп, иммундық жүйеге кері әсерін тигізеді. Снюстың құрамында химиялық зат көп. Олардың қатарында канцерогендер де кездеседі. Тіс пен қызыл иек, асқазан жүйесінің аурулары пайда болады. Жеткіншектің бой өсу үрдісі баяулап, есте сақтау қабілеті мен назар аударудың концентрациясы нашарлайды. Табактың құрамындағы бензопирен қатерлі ісік талшықтарын тудырады. Шылымқорлар салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға қарағанда обыр аурымен (өкпе 10 есе, көмей 6-10 есе, өңеш 2-6 есе) жиі ауырады. Олардан басқа өкпенің созылмалы қабынуы, туберкулез, тыныс демікпесі дерттеріне де жиі ұшырайды. Ал никотиннің денсаулыққа зиян екені бесенеден белгілі. Тіпті, электронды темекі адамның жүйке жүйесін әлсіретіп, ашушаңдыққа бейім қылады. Сол себепті электронды темекіні балалар мен жасөспірімдердің тұтынуына жол бермеу керек. Шылым шеккен ата-анасын, туыстарын көрген бала соған үйір болатынын ұмытпаған дұрыс, – дейді дәрігер.
Оның айтуынша, бүгінде жастар мен жасөспірімдер снюс пен паучтарды жиі тұтынады екен. Яғни снюс – бұл түтінсіз темекінің бір түрі. Снюстің басты қауіптілігі – құрамында никотиннің мөлшері темекімен салыстырғанда бірнеше есе көп болуында. Мәселен, 1 дана темекіде 1,5 миллиграмм никотин болса, снюста 20 милли-грамнан 250-ге дейін болуы мүмкін. Оны қолданғаннан кейін темекі сияқты иіс шықпайды. Бірақ әсері миға жетеді. Ал паучыңыз кәдімгі насыбай сияқты қолданылады екен. Темекі тастаймын деушілер немесе жасөспірімдер электронды темекінің салдарын білмей, жарнамасына алданып, «құрығына» жиі ілігетін көрінеді.
«Вейптің уыты антибиотиктерге төзімді»
Орал қалалық №1 емханадағы салауатты өмір салты кабинетінің мейіргері Нұржан Болатов мектеп оқушыларына денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын ұстану төңірегінде дәріс оқып жүр. Жуырда №36 ЖОББМ-ның жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, оларға электронды темекінің денсаулыққа зияны төңіре-гінде ақыл-кеңесін айтыпты.
– Электронды темекі 2003 жылы Қытайда жасала бастаған. Бұл шылымның кәдімгі темекіден айырмашылығы – никотинінде. Электронды темекідегі никотин бензой қышқылының тұзы түрінде кездеседі. Ол будың ағзаға тез сіңуін қамтамасыз етіп, ауыз бен тамақта ащы дәмнен болатын ыңғайсыздықты сездірмейді. Электронды темекіге арналған капсулада кәдімгі темекінің 20 данасындағы никотин, яғни бензой қышқылы болады. Бұл шылымның құрылғысы батареялармен жұмыс істейді және ішінде арнайы қыздырғыш бар. Жанғыш химикаттарды буға айналдыратын бүріккіш те жабдықталған. Құрылғы никотин, су және пропиленгликольдің ерітіндісін буландырады. Пропиленгликоль никотиннің суда еруіне көмектеседі. Содан шылымқор түтінді емес, буды жұтады. Бу ағылшын тілінде «vapor» деп аталады. Сондықтан электронды шылымды «вейп», темекі шегу үрдісін «вейпинг» дейді. Бұл темекі жасөспірімді хош иістерімен тартуда. Байқасаңыз, жеміс-жидектің, кәмпиттердің, соданың дәмі шығатын түрі болады. Химиялық хош иістерді деммен ағзаға жұту денсаулыққа өте зиян. Вейп-тің жоғары уытты аэрозолы кәдімгі темекі секілді өкпеде қысқа мерзімді қабыну реакциясын тудырады. Электронды темекі тұтынатын адам стафилококк жұқтырса, дерттің бактериялары антибиотиктерге төзімді болады. Ондай адамдарды антибиотиктермен емдеу көп жағдайда тиімді емес. Ең өкініштісі, ата-анасы баласының мұндай зиянды заттарды қолданып жүргенін білмеуі мүмкін. Баласының ашуланшақ болып кеткенін өтпелі кезеңнің ерекшеліктеріне балап, жүре береді. Ал бұл уақытта никотинге бойы үйренген жеткіншек одан да күшті әсер ететін заттарды қолдануы бек мүмкін, – дейді Нұржан Болатов.
«Азапты өлімнен» бас тартыңыз
Негізінде, дәстүрлі және электронды деп бөлетін темекінің адамға тигізер зияны шаш-етектен. Табак өнімін сатып алғанда, қораптың сыртындағы «Азапты өлім», «Өлі туу», «Қатерлі ісік», «Тамақ обыры» секілді жазуды көріп тұрса да, шылымқор одан бас тартар емес. Керісінше, күнделікті бір қорабын бір өзі тауысып, мүшкіл халге түсуде. Қытайдың құрт жемейтін алмасының өзі халқымыздың денсаулығына зиянын тигізіп жатқаны айтылуда. Енді электронды темекінің адам ағзасына басқа да аурулар таратпасына кім кепіл?! Америкалық ғалымдар қазірдің өзінде оның қатерлі ісік ауруына алып келетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп отыр. Ал темекіні қою әр адамның өзінің ішкі ерік-жігеріне байланысты жүзеге асатынын айтады мамандар. Электронды темекі сатып аламын деп қатерлі ісік ауруын «жамауыңыз» мүмкін. Сондықтан темекі қорабында жазылып тұрғандай, «Азапты өлімнен» бас тартыңыз.
Гүлсезім Бияшева,
Орал өңірі
zhaikpress.kz