Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің шылым шегу бойынша жүргізген мониторингтік есебіне сүйенсек, соңғы төрт жылда жалпы бір реттік шылымды сатып алатын 12 мен 15 жас аралығындағы жеткіншектер саны үш есеге артқан. Бұл - әр мектептегі ер балалардың 15%-ы, қыз балалардың 6%-ы темекі түтінін будақтатып көрді деген сөз.
inform.kz
Балаларға темекі сатуға қатаң тыйым салынған. Алайда олар үшін синтетикалық никотин толтырылатын электронды темекілер, вейптер, сондай-ақ IQOS («айкостар») әбден қолжетімді: интернет және әлеуметтік желі арқылы оқушылар арасында кеңінен жарнамаланады.
Бұл құрылғы ингалятор секілді. Ішіндегі сұйықтық қызған кезде бу шығады. Сұйықтықтың құрамында глицерин, пропиленгликоль (Е1520), хош иісті қоспалар, никотин (кей кезде қосылмайды) бар.
Қауіптісі сол, біріншіден, электронды темекілер мен айкостар шылымға қарағанда зияны аз деп насихатталады. Шынында олай емес екенін зерттеулер дәлелдеді. Екіншіден, әсем безендірілген кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде ұсынылады. Мәселен, вейптерда батарея заряды, картридждегі өнімнің қанша қалғанын көрсететін индикатор-лампа қарастырылған. Нәтижесінде, жастар оны девайс, гаджет деп таниды. Үшіншіден, бозбала түгілі, бойжеткендер де туған күнге бір-біріне вейп сыйлайтын жаман дәстүр қалыптасуда. Демек, бұрын қызықпаған қыз бала сыйлық ретінде алған соң әрі достарының көңілін қалдырмау үшін оны татып көруі, сөйтіп тұрақты тұтынуға көшуі ғажап емес.
Бүгінде ағзаға зиянсыз деп айтылған электронды темекі, керісінше, денсаулыққа өте қауіпті өнім. Адам ағзасында түрлі ауыр ауруларды тудырады. Яғни, электронды темекі шегу процесінде никотин, хош иісті, тәтті дәмі бар басқа да химиялық заттар ағзаға зиянды әсер етеді.
Сонымен қатар электронды темекі шегу (вейп), әдеттегі темекі сияқты, өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларын, иммунитетті әлсіретеді. Атап айтқанда, бұл өнім орталық жүйке жүйесіне теріс әсер етіп, темекі шегушілердің тәуелділігін тудырады. Жасөспірім шақ - ми дамуының маңызды кезеңі, ал электронды темекі шегетін балалар мен жасөспірімдерде мидың дамуында бұзылулар, есте сақтау мен танымдық қабілеттің төмендеуі, қауіпті невроздар болады.
Вейп темекі шегушілерге ғана емес, айналасындағылардың денсаулығына да үлкен қауіп төндіреді. Яғни, қайталама түтіннің құрамындағы никотин - темекі шегетіндерге қарағанда, айналасындағылардың денсаулығына зиянды.
Зарина Ажигалиева,
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің
бас маманы