Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина Цинциннатида (АҚШ) өтіп жатқан WTA 1000 сериялы турнирінің ширек финалына жолдама алды, - деп жазады olympic.kz.
Төртінші айналымдағы матчта қазақстандық спортшы әлемнің алтыншы ракеткасы саналатын америкалық Мэдисон Кизді 6:7 (3:7), 6:4, 6:2 есебімен жеңді.
Кездесу 2 сағат 26 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Рыбакина алты эйс жасап, бір қос қателікке жол берді және 14 брейк-пойнттың алтауын тиімді пайдаланды.
Ширек финалда Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы беларусьтік Арина Соболенкоға қарсы ойнайды.