Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Мельбурн корттарында өзінің жеңісті шеруін жалғастырып отыр. Қатарынан алтыншы жекелей жеңіс оған ауқымды турнирдің финалына шығуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жартылай финалда Рыбакина Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен кездесті.
Бірінші партияда теннисшілер тартысты ойын өткізді. Бір сағатқа созылған шайқаста Елена Рыбакина басымдық танытып, алғашқы сетте 7:6 (7:4) есебімен озық болды. Айта кетсек, Қазақстан өкілінің қарсыласы, яғни Виктория Азаренко - қазіргі Австралия чемпионатының ең үздік қатысушыларының бірі. Ол 2012 және 2013 жылдары чемпион атағын иеленген еді.
Екінші сеттің басында Қазақстанның бірінші ракеткасы брейк жасап, 2:1 есебімен алға шықты. Елена бұл артықшылықты матчтың соңына дейін жеткізіп, екі сетте 7:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Елена Рыбакина мансабында алғаш рет AusOpen-2023 финалына шықты.
Енді шешуші матчта Елена Польша өкілі Магда Линетт пен Беларусь теннисшісі Арина Соболенко арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен айқасатын болады.