Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Мексиканың Канкун қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде екінші матчын өткізді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Фото: ktf.kz
Қазақстандық теннисші әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен кортқа шықты.
Елена Рыбакина кездесуді тамаша бастап, небәрі 22 минутқа созылған бірінші партияда қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:0.
Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте грекиялық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:4).
Үшінші, шешуші партияда есеп 3:2 болған мезетте Елена брейк жасай білді – 4:2. Бірақ ізінше Марияның брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Ақыры матч тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда қазақстандық теннисші матчты эйспен түйіндеді – 7:6 (7:2).
Бакалар тобында сынға түсіп жатқан Рыбакина алғашқы бәсекесінде әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегулаға есе жіберген еді. Пегула содан кейін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, өз тобында көш бастаған америкалық спортшының есебінде 2 жеңіс бар.
Елена 3 қараша күні таңға қарай Соболенкомен шеберлік таластырады. Егер оны жеңген жағдайда жартылай финалға жолдама алады.