Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакинаның жаңа маусымды қай жарыстан бастайтыны белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform.
Е.Рыбакина Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңа маусымында Брисбен (Аустралия) турниріне қатысу туралы шешім қабылдады.
Жарысты ұйымдастырушылардан түскен ақпаратқа қарағанда, Брисбен додасына әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко да қатыспақшы.
WTA 500 санатындағы Brisbane International турнирі 31 желтоқсан – 7 қаңтар аралығында өтеді. Бұл Australian Open қарсаңындағы додалардың бірі болмақ.
Биыл Елена Рыбакинаның Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жетіп, Индиан-Уэллс (АҚШ) және Рим (Италия) WTA 1000 турнирлерінің чемпионы атанғаны белгілі.