Еліміз бойынша 17 ауыл қала мәртебесін алуы мүмкін, деп хабарлайды 24.kz.
Сурет: turkystan.kz.
«Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына» өзгеріс енгізу жобасы жарияланды. Құжатта көрсетілген тізімде Маңғыстаудың Бейнеу ауылы, Түркістан өңіріндегі Қарабұлақ ауылы және Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылы бар.
Айта кетсек, қазір Бейнеу мен Қарабұлақта 50 мыңнан аса адам тұрады. Ал мұндай жаңашылдықтың халыққа қандай тиімділігі бар?
Бейнеу – тоғыз жолдың торабы
Бейнеу – ел аумағында халық саны ең көп ауылдың бірі. Мұнда 55 мыңдай адам тұрады. 1973 жылы аудан болып құрылған елдімекен тоғыз жолдың торабында тұр. Ежелгі «Жібек жолы» өткен Бейнеудің әлеуеті тәуелсіздік жылдары қарқынды дамып, еліміздің Орталық Азияға шығатын қақпасы атанды. Қала мәртебесін алса, әлеуметтік нысандар салынады. Өндіріс орындарын құру үшін инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік болады - дейді мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ақмоншақ Баужанова. Ақмоншақ Баужанова, мемлекеттік қызмет саласының ардагері:
– Әр жағы Өзбекстан, Қарақалпақстанмен шектеседі. Қуғын-сүргін кезінде кеткен халық әлі де келіп жатыр, келе береді де. Көшуге дайын отырған халық көп. Біздің Ақтауда еркін экономикалық аймақ бар. Көптеген инвесторлар келіп, жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Басқа елмен шекаралас Бейнеу қала болған уақытта еркін экономикалық аумағын ашып, жұмыс жасауға мүмкіндік болар еді деп ойлаймын. Халықтың жағдайын жақсартуға да оң әсерін тигізеді.
Қарабұлақ жаңа мәртебеге лайық
Түркістан облысының Қарабұлақ ауылында адам саны ресми түрде 58 мыңнан асты. Тұрғындардың негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы саласында. Төрт түлікті семіртіп, жылына 11 мың тоннадан аса ет өнімін ел аумағында саудалап келеді. Соның нәтижесінде өңдеуші кәсіпорындар салына бастады.
– Адам көп, халық көп. Өзіміздің ауруханамыз, базарымыз бар. Берілсе болады негізі.
– Ұстап отырғанымыз – мал бағу, ауыл шаруашылығы, соларға көмектеседі деп ойлаймын. Халқымыз көтеріледі, әл-ауқаты жақсы болады.
Ал сарапшылардың пайымдауынша, экономиканы әртараптандыру үшін шағын қалаларды дамытуға басымдық берудің маңызы зор.
– Қала статусын алып жатса, біріншіден – ол жердегі мәдени-ұлттық идеологиялық мәселенің артуы қала деген статусы болғаннан кейін. Екіншісі – бизнестің жандануы. Сонымен қатар ұтатын жағы – бұл жерге қаржының бөліну мәселесі. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бар, - дейді саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 17 ірі ауылдық елдімекеннің мәртебесін өзгерту кезең-кезеңімен жүзеге асады. Құжат 26 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауында болады.
zhaikpress.kz