12.10.2022, 15:00
Оқылды: 46

Елімізде 5,5 мыңнан астам адам әлеуметтік төлемді Отбасының цифрлық картасы арқылы алды

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда "Цифрлық отбасы картасы" ақпараттық жүйесі пилоттық түрде енгізіліп, 20 мың адамға SMS-хабарлама жіберілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
4f7ae00bf5644f3a85813a7c0285ca1a

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпарат бойынша, жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін өтініш бермей-ақ 5,5 мың адам немесе 29,4% пайдаланды.

Министрліктің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді:

  • жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем;
  • бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем;
  • жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем;
  • асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы;
  • мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;
  • атаулы әлеуметтік көмек.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек.

Мұнан соң өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Отбасының цифрлық картасы – бұл әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Отбасының цифрлық картасында Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Жобаны іске асыру кезеңдері:

  • осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алуға мүмкіндік берілді;
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;
  • 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.

Министрлік өкілдері алаяқтықтың алдын алу мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет екенін атап өтті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале