Қазақстанда жиналатын электронды қалдықтардың 8,8% ғана қайта өңделеді. Ал қалғанының қайта кетіп жатқаны белгісіз. Аталған деректі тәуекелдерді басқару жүйесі орталығы қалдықтар және химиялық қауіпсіздік департаментінің директоры Юлия Душкина келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Қазақстандағы электронды қалдықтар мәселесімен көптен бері жұмыс істеп келеміз. Аталған проблема әлем бойынша өзекті. Жыл сайын электронды қалдықтардың көлемі артып келеді. Себебі электронды заттар мен құрал-жабдықтарды тұтыну артып, ал олардың қызмет ету мерзімі қысқарған. Қазақстанда электронды қалдық проблемасын шешу бағытында соңғы жылдары белгілі көлемде жұмыс жүріп жатыр. ЮНИТАР (БҰҰ оқу және ғылыми-зерттеу институты) ұсынған мәліметке сәйкес, Қазақстанда жылына адам басына шаққанда 7,3 келі электронды қалдық келеді. Егер халық санына есептесек, жыл сайын 130 мың тоннадан астам электронды қалдық шығады. Дегенмен нақты статистикаға қатысты проблема бар. Яғни электронды қалдықтардың қанша пайызы қайта өңделеді, бағасы қанша деген секілді», - деді Юлия Душкина Астанада өтіп жатқан электронды қалдық мәселесіне арналған ұлттық форумда.
Спикер келтірген ЮНИТАР дерегіне сай елімізде жиналатын электрондық қалдықтардың 8,8% ғана қайта өңделеді. Ал қалған қалдықтардың қайта кетіп жатқаны белгісіз.
«Сондықтан да бүгінгі ұлттық форумда аталған салаға қатысты проблемалар мен оларды шешу жолдарын құзырлы мемлекеттік орган өкілдері және сала мамандарымен бірлесіп қарастырудамыз», - дейді ол.
Сондай-ақ департамент басшысы электрондық қалдықтармен күресте заң нормаларын орындау мәселесін көтерді.
«Біріншіден, нақты заңнамалық талаптар болуы тиіс. Иә, экология кодексінде талаптар көрсетілген, Қазақстанда ұлттық стандарт та бар. Бірақ олардың жүзеге асу жағы ақсап жатады. Айтар болсақ, заңнамада әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Өкінішке қарай, электрондық қалдықтарды полигонға апара жатқан көліктерді көріп жүрміз. Оларды полигонда сақтауға болмайды, қалдықтарды мамандандырылған кәсіпорындарға өткізу керек. Қазақстанда электрондық қалдықтарды қабылдайтын арнайы кәсіпорындар бар. 2018 жылы біз 25 компанияның барын анықтадық», - дейді Ю. Душкина.
Айта кетсек, елордада электрондық қалдықтар, оны жинау, қайта өңдеу және жою мәселесіне арналған ұлттық форум өтіп жатыр.
ЮНИТАР дерегінше, 2050 жылға қарай еліміздегі электронды қалдықтың көлемі 422 мың тоннаға жетуі мүмкін.
Яғни адам басына 18 келі электронды қалдықтан келеді деген болжам жасалып отыр.
Фото: GETTY IMAGES