4.04.2022, 14:53
Оқылды: 71

Елімізде әскери дәрігерлерді даярлау қалай жүріп жатыр

Отандық әскери дәрігер мамандарды даярлаудың барысы туралы ҚР Қарулы күштер бас әскери-медициналық басқармасы профилактикалық емдеу басқармасының басшысы, медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220404121835621e

- Әскери дәрігерлерді қай жерде, қандай жоғары оқу орындары даярлап жатыр? Шетелде оқыту тәжірибесі бар ма?

- Қазіргі кезде Қазақстанның қарулы күштерінде әскери медициналық мамандарға сұраныс өте жоғары деп айтуға болады. Әскери дәрігерлерді даярлау Ақтөбе қаласындағы әуе қорғанысы күштері Әскери институтының базасында Батыс Қазақстан медицина университетімен бірлесе отырып жүзеге асырылады. Болашақ әскери дәрігерлер бейінді медициналық білімді медицина университетінде, ал әскери білімді әскери институтта алады. Ал шетелде оқу мәселесіне келетін болсақ, біздің курсанттарымызды Санкт-Петербургтегі С.Киров атындағы әскери-медициналық академияға, сондай-ақ Ереван медициналық университетінің әскери-медициналық факультетіне даярлауға жіберіп отырамыз.

- Биыл әскери дәрігер мамандығына қанша курсантты қабылдау жоспарланып отыр?

- Биыл оқуға 40 курсант қабылдауды жоспарлап отырмыз. Оның 25-і – әуе қорғанысы күштері әскери институтына қабылданса, 10 курсантты Ресейге және 5-ін Ереванға жібереміз деп отырмыз.

- Ал қыздар арасында оқытуға іріктеу бола ма?

- Әрине, әскери дәрігер болуға ниет білдірген қыздарды шетелде ғана дайындаймыз. Ол мен айтып өткен Сант-Петербургтегі немесе Еревандағы әскери мекемелерге оқуға құжаттарын тапсыруға мүмкіндіктері бар.

- Болашақ әскери дәрігерлерді оқуға қабылдауда қандай талаптар қойылады?

- Жалпы әскери оқу орындарына түсуге қойылатын талаптармен бірдей. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының азаматы, сотталмаған болуы керек, құпия мәліметтермен жұмыс істеуге ешқандай қарама-қайшылықтары болмауы тиіс. Болашақ курсанттың денсаулық жағдайы, психологиялық және дене дайындығы, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері де маңызды. ӘОО-ның қабылдау комиссиясына ұсынылатын құжаттардың толық тізбесімен жастар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында таныса алады.

- Білім алушылар үшін қандай басымдықтар қарастырылған?

- Курсанттар тегін оқиды, жататын орын, үш мезгіл тамақ, киім-кешек тегін беріледі. Одан бөлек, тегін медициналық көмек қарастырылған. Бакалавриатта оқуды аяқтағаннан кейін курсанттар әскери интерн лауазымына тағайындала отырып, «медицина қызметінің лейтенанты» әскери атағы беріледі. Интернатурада оқу кезінде оларға ақшалай үлес, яғни жалақы төленеді. Жалпы жалақының мөлшері бүгінгі күнде 220 мың теңгені құрайды. Азаматтық университетте оқитындар степендия алып жүрсе, олар жалақы алады, содан кейін олар оқуды бітіргенде жұмыспен қамтылады. Ең бастысы, барлық түлектердің мансаптық өсуіне мүмкіндіктері бар.

- Медициналық мамандықтары бар запастағы офицерлерді шақыру үшін шекті жасты ұлғайту бойынша заңға өзгерістер енгізу ұсынылды. Бұл өзгерістер не үшін қажет?

- Қазіргі қабылданып жатқан заңда, медициналық мамандығы бар азаматтар үшін шақыру жасын 29-дан 32 жасқа дейін ұлғайтылды. Осы заңмен некеде тұрған және бір және одан да көп баласы бар запастағы офицерлерге екі жылға әскерге шақыруды кейінге қалдыру алынып тасталады. Бұл заңнамалық шаралар әскери-медициналық бөлімшелерді дәрігер кадрлармен жасақтау мәселесін шешеді деген үмітіміз бар.

- Қазіргі уақытта әскери дәрігер болу беделді ме?

- Бұл бағытқа айтарлықтай назар аударылуда. Әскери дәрігерлердің беделін арттыруда бірқатар шаралар қабылдап жатырмыз. Сондықтан әскермен, әскери медицинамен өзінің өмірін байланыстыратын адамдар көбейеді деген үміттеміз.

Сұхбатыңызға рахмет!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале