17.07.2024, 9:00
Оқылды: 81

Елімізде газдың ресурстық базасын арттыру үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр

Экономика қарқыны артқан сайын көгілдір отын көзіне де қажеттілік туындап отыр. Еліміздің газ саласын дамытуда күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралған Үкімет отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндама жасады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды.

F3540286-F883-4D2A-8535-462995A5ABDD

Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі

С. Жаркешовтің айтуынша, елімізде соңғы жылдары газ саласының потенциалы артып келеді. Экономика қарқынды дамып, карбонсыздандыру мәселесі күн тәртібіне шыққан уақытта, газдың да өзектілігі артуда.

Осы орайда, QazaqGazдың 12 бағыттан тұратын кешенді стратегиясы әзірленіп, жұмыс барысына енгізілген.

«Былтыр Мемлекет басшысы, Үкімет, Энергетика министрлігі және Самұрық-Қазына қорының қолдауымен газ транзиті мен экспорты бағытында маңызды келісімдерге келдік. Газдың ресурстық базасын арттыру жолында қарқынды жұмыс жасалып жатыр. Соның арқасында, алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымындағы газ тапшылығы мәселесі жойылды. Әлсіз топтарға жүктеме түсірмей, әлеуметтік-әділ баға реформасын сатылай енгізу жұмысы жалғасады», — деп атап өтті баяндамасында С.  Жәркешов.

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушылардан газдың жаңа көлемін сатып алу бағасына ынталандыру формуласы жасалған. Мұндай қадамдар саланы анағұрлым тиімді етеді.

Бұл тұрғыда, ешқандай қиындыққа қарамастан халықты газбен үздіксіз қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Соңғы екі жылда газ тасымалдау жүйесіндегі 3 мыңнан астам ақау жойылды. Тиісінше, еліміздің газ тасымалдау жүйесі нығайтылды.

Айта кету керек, QazaqGaz компаниясы 2023 жылы газ тасымалдау жүйесін өз қаражаты есебінен жаңғыртып, 400 млрд теңгеден астам қаражатқа инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырған.

«Республика бойынша әкімдіктер салған газ объектілерін қабылдау мәселелерінің көбісі шешілді. Бір жарым жылда еліміздің 14 өңірінде газбен жабдықтау жүйесіне 127 елді-мекен қосылды, яғни 237 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізді. Осы жылдың екінші жартыжылдығында қосымша 68 елді-мекенге газ жүргізіліп, тағы да 276 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етіледі», — деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

Сондай-ақ жыл сайын компания ішкі нарық үшін газ бағасын орташа алғанда 200 млрд теңгеге субсидиялап отыр.

Көктемгі тасқын су кезінде Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында газ тасымалдау жүйесінің жұмысы үздіксіз қамтамасыз етілді. Компания тасқын сумен күреске өз есебінен 2,1 млрд теңге жіберді. Қыруар техника мен қызметкерлер жұмылдырылды.

«Газпроммен Өзбекстанға тарихта бірінші рет реверсті режимде газ транзиті бойынша келісімді жүзеге асырдық. Елімізге ресей газын ұзақ мерзімді импорт бойынша келіссөздер жалғасуда. Сондай-ақ CNPC/PetroChina компаниясымен 2023-2026 жылдарға арналған жаңа экспорттық келісім-шартқа қол қойдық. QazaqGaz табиғи газдың экспорты мен транзиті бойынша өз міндеттерін толық көлемде орындап жатыр», — деп мәлімдеді С. Жаркешов.

Сонымен қатар Chevron компаниясымен Ақтөбе облысының КТ-III учаскесінде (Жәлібек) геологиялық барлау жүргізу бойынша келісімге қол қойылды. Бұл жерде келісім 100% carry-қаржыландыру шартымен жүзеге асырылады. Инвестор геологиялық барлау сатысында барлық шығындар мен тәуекелдерді өз мойнына алады. Бұл еліміз үшін тиімді. Бұл тұрғыда елімізде ірі газ немесе газ конденсатты кен орны ашылады деп күтілуде.

Одан бөлек, Қатар мемлекетімен құны 11 млрд долларды құрайтын бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша үкіметаралық келісімге қол қойылды. Олар: «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының 2-ші тармағы, Қашағандағы газ өңдеу зауыттары және Ақтөбе-Қостанай газ құбыры жобалары.

Түркиялық инвестормен бірлесіп, құны $1,35 млрд құрайтын карбамид зауытының құрылысы жоспарланған.

Жамбыл облысында жаңа Анабай газ кен орны пайдалануға берілді.

Сондай-ақ Қашаған кен орнынан сұйытылған газ терминалын салу құрылысы жобасы басталды. Басты мақсат – 2025-2026 жылдардан бастап, ішкі нарықтағы дефицитті төмендету.

«Ұлттық компанияның қарызы 47 % төмендетілді. "QazaqGaz ҒТО" Ғылыми-техникалық орталығы құрылды. Сәтпаев Университеті мен ҚБТУ университетінің газ мамандығына оқитын үздік студенттеріне стипендия тағайындалды. Халықаралық Morningstar Sustainalytics агенттігі QazaqGaz ұлттық компаниясына алғаш рет 19,2 деңгейінде ESG-тәуекел рейтингін берді. Бұл Қазақстанда ең жоғары көрсеткіш саналады. Әлем бойынша халықаралық газ компаниялары арасында 7-ші орынға тұрақтадық», — деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Былтыр кәсіпорын өз бюджетінен 400 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асырды. Олар:

- «Сарша елді-мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағын газдандыру жобасы;

- «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының лупингі» жобасы;

- Маңғыстау облысында «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының 2-ші тармағы;

- Алматы облысында жылу электр орталықтарына газ инфрақұрылымы жүргізілді;

-«Талдықорған-Үшарал» газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының 2-ші тармағының құрылысының басталуы.

QazaqGaz-дың геологиялық барлау жұмыстары портфелінің учаскелері үшін инвесторлар тартылуда, отандық бизнес тарапынан газ саласына қызығушылық байқалып отыр.

«Газ саласы реформасының әрі қарай жүзеге асырылуы өте маңызды. Саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру жолында да біраз жұмыс жасалып жатыр. Нақты инвесторлар да бар», — деді С. Жаркешов.

Мемлекет басшысының еліміздің ішкі жалпы өнімін әлдеқайда ұлғайту тапсырмасын орындау жолында газ саласы ірі драйверге айналуы тиіс. Саланың потенциалын одан әрі ашу үшін нақты жұмыстар атқарылмақ.

«Ашығын айту керек, жылдар бойы жиналып қалған жүйелі проблемалар бар. Оларды шешу жолында жұмыс жасап жатырмыз», — деді компания басшысы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале