Өзгерісте негізінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын тұрғын үймен қамту көзделген.
Енді мұндай адамдардың Тізіміне 1 немесе 2-топтағы мүгедектік белгіленген 18 жасқа толған баласы бар отбасылар кіреді. Ал мұндай отбасы мүгедек балалары бар немесе мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы ретінде тіркеледі.
Бұдан бөлек үй мына адамдарға беріледі:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- 1 және 2-топтағы мүгедектер;
- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен аурулардың тiзбесiне енгiзiлген кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
- жасы бойынша зейнеткерлер;
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар. Мұндай адамдар әскери қызметке шақырылған кезде жасы міндетті әскери қызмет мерзіміне ұзартылады;
- қандастар;
- экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде тұрғын үйлерінен айырылған адамдар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көп балалы аналар, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
- мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау, ғарыш кеңiстiгiне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру, адам өмiрiн құтқару, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
- толық емес отбасы.Қаулы 2022 жылдың 9 сәуірінен бастап күшіне енеді.