Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова салада қолға алынған жобалар туралы баяндады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сурет: министрліктен
Министр келтірген дерекке сәйкес, халықты жұмыспен қамту шараларын тиімді жүзеге асыру мақсатында қаңтар айында барлық өңір әкімдерімен бекітілген Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында биыл 948 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бүгінгі күннің қорытындысына сәйкес жалпы 353 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, бұл жалпы көрсеткіштің 37 пайызын құрайды.
«Олардың 148 мыңы жастар екендігін атап өту қажет. Жалпы, жыл басынан бері жұмыспен қамтылған азаматтардың 137 мыңы мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған болса, 97 мыңнан астам азамат мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орындары» бастамасы аясында, 103 мыңнан астамы жұмыс берушілер тарапынан ұсынылатын бос жұмыс орындарына, ал 16 мыңға жуығы елімізде жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында іске асырылып жатқан жобаларға жұмысқа жолдануда», — деді С. Жақыпова.
Бұл ретте, Өңірлік жұмыспен қамту карталарымен жоспарланған көрсеткішке Абай облысы (53%), Солтүстік Қазақстан (47%), Қызылорда (45%), және Жамбыл облыстары (45%) қол жеткізіп отырғанын атап өткен жөн. Ал ең төмен деңгей Ақтөбе облысы (30%) мен Алматы қаласына (30%) тиесілі.
«Өз кезегінде, Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар аясында жүргізіліп отырған жұмыс орындарына тек 16 мың адам ғана тартылғандығын айта кету керек. Жұмыс орындарының басым көпшілігі «Мемлекеттік жастар саясаты» (2915), «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» (1999), «Жасыл экономика» (1739) тұжырымдамалары аясында ашылып жатса, ал ең төменгі көрсеткіш «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (38), «Газ саласын дамыту» (66), «Дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың» (68) тұжырымдамаларына тиесілі»,— деп мәлімдеді министр.
Бұл тұрғыда министр сапалы жұмыс орындарын ұлғайту арқылы тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан жұмыстарға жеке тоқталды. Былтыр Мемлекет басышысының тапсырмасын орындау аясында «Қазақстан Республикасының Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған» тұжырымдамасы бекітілген болатын.
Оның негізінде тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті, болжамды және жеңіл бейімделетін нарықты құру жоспарланған. Олардың қатарында:
- тұрақты жұмыс орындарына сұранысты ынталандыру;
- адами капиталды дамыту;
- еңбек нарығы инфрақұрылымын дамыту сияқты негізгі үш механизм көзделген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлер мен салалардағы тұрақты жұмыс орындарын мониторингілеу жүйесін әзірлеп жұмыс барысында қазірдің өзінде қолдануда.
«Біздің деректеріміз бойынша, 2023 жылы Қазақстанда тұрақты жұмыс орындарының көрсеткіші 2,27 миллионға жетіп отыр (2022 жылы – 2,07 млн), оның ішінде жаңа жұмыс орындарының саны 198 мың болды. Тұрақты жұмыс орындарының өсімі Астана, Алматы қалалары (11,9%) мен оңтүстік макроөңірлеріне (10,3%) тиесілі болып отыр. Сондай-ақ тұрақты жұмыс орындары санының ұлғаюына индустриализацияландыру картасы және инвестициялық жобалардың да қосар үлесін әрбір макроөңірге бөле отырып зерделеп отырмыз», — деді С. Жақыпова.
Сонымен қатар бөлінетін бюджет қаражаты әлеуетінің артуы да жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретіндігі анық. Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесін жобалардың іске асырылуын және тұрақты жұмыс орындарының құрылуын мониторинг істей алатындай етіп трансформациялау ұсынылып отыр.
«Бұл шара, бір жағынан, жобаларды іске асыру үшін іс жүзінде қажетті еңбек ресурстары жоқ өнім берушілерді жобадан алып тастауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, мемлекет қалған жұмыс берушілердің міндеттемелерін орындауын бақылауға мүмкіндік алады. Біздің министрлік осындай жүйенің прототипін әзірледі, бірақ, оны одан әрі іске асыру үшін мемлекеттік сатып алуға, бюджеттік жоспарлауға және жобаларды іске асыруға қатысты басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет»,— деп атап өтті министр.
Бұдан басқа, жастарды жұмыспен қамту бағытында да жасалып жатқан шаралар бар. Бұл ретте, студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу үшін Электронды еңбек биржасында тиісті маркет-плэйс әзірленіп қазіргі таңда тиімді жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстар жасалуда.
«Әрбір азаматқа өз мансабының траекториясын басқаруға мүмкіндік беру үшін Mansap compasy жүйесі әзірленді. Шет елдерде жұмыс істеуге ниеттенген жастарға халықаралық келісімшарттарға сәйкес Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында даярлық курстарын ұйымдастыру орталықтарын ашу көзделіп отырғандығына назар аударамын. Бұған қоса, қазіргі кезде орын алып отырған техникалық мамандықтар бойынша маман тапшылығын ескере отырып аталған мамандықтар бойынша оқу орнын аяқтап мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатқан техникалық мамандық иелерін әскери борыншын өтеуден босату мәселесін қарастыруды және оларды әскери дайындықтан өткізу үшін колледждерде сержант құрамын дайындауға бағытталған әскери кафедраларды ашуды ұсынамын», — деді С. Жақыпова.
Маңызды бағыттың бірі – еңбек қатынастарының декларациясы, атап айтқанда, бейресми қызметкерлерді, компаниялардағы нақты штат санын және ұжымға берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді есепке алу мәселесі. Бұл мәселенің орын алуы бизнесті және халықты жұмыспен қамтуды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды мониторингілеу жұмыстарын қиындатуда.
Аталған мәселелерді шешу үшін министрлік ең алдымен, еңбек шарттарын жасасудың цифрлық форматына көшуді жоспарлауда. Бұл ретте, пилоттық режимде электрондық форматта үш мыңнан астам еңбек шарты жасалған.
Екіншіден,министрлік электрондық штаттық кесте жобасын іске асыруда. Бұл еңбек қатынастары декларациясының ақпараттық жүйелердегі барлық жұмыс орындарын кодификациялау функционалы.
Бұл құрал еңбек ресурстарын, жұмыс орындарын құруды, еңбек жағдайларын қалыптастыруды, жеке қорғаныс құралдарымен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуді дұрыс есепке алуға мүмкіндік береді.
Келесі мәселе – бұл мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарының тиімділігін бағалауға қатысты. Бұл құралдың алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерін талдау нәтижесі осы шаралар арқылы әйелдер, жастар, ауыл тұрғындары және мүгедектігі бар адамдар сияқты санаттардағы алушылардың санының өскенін көрсетеді. Мұндағы тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша тиімділіктің төмендегенімен қатар бюджеттің ұлғайғаны байқалуда.
Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар жұмыстарды атқаруда:
Біріншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын салалар мен өңірлердегі дамудың басым жобаларымен үндестіру;
екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тиімсіз шараларын оңтайландыру;
үшіншіден, дағдыларды дамыту және білім беру бағдарламаларын жетілдіру арқылы ұзақ мерзімді жұмысқа орналасуды жұмыс орындарын субсидияламай ынталандыру қарастырылған.
Бұған қоса, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тиімділігін мониторингілеу үшін біз геолокация және биометрия технологиялары негізіндегі құралдар енгізілмек.
«Еңбек министрлігі тарапынан еліміздегі мансап орталығы мамандарына еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін, яғни жұмысқа орналастыру нәтижелері бойынша еңбекке ақы төлеу қағидатын енгізу бойынша тұжырымдамалық тәсілдерді әзірленді. Жалақыны есептеудің ұсынылып отырған тәсілі жұмыс нәтижесіне сәйкес, яғни азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған мансап орталықтары қызметкерлерінің біліміне, машығы мен дағдыларына байланысты «Кейс-менеджмент» қағидатын енгізе отырып жасалды. Жалпы, пилоттық жобаны нәтижелі жүргізу мақсатында Сіздің тапсырмаңызға сәйкес 1 шілдеден бастап Мансап орталығы мамандарының жалақыларын есептеу әдісімен жүргізу қамтамасыз етіледі», — деп хабарлады министр.
Аталған пилоттық жобаны жүргізу үшін Түркістан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары таңдалып алынған. Жалпы, аталған жұмыстарды жүзеге асыру елдегі сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға мүмкіндік бермек.
2029 жылға қарай экономика 3,8 млн тұрақты жұмыс орындарымен қамтылуы болжануда (жалпы жұмыспен қамту құрылымының 45 % құрайды). Нәтижесінде, еліміздің 1,7 миллион азаматының табысы орташа жалақыдан жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік ашылады. Светлана Жақыпова аталған баяндамасында министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қажетті шараларды уақтылы атқаруды қамтамасыз ету үшін жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.