2024 жылдан бастап елімізде еуропалық хаттама сақтандыру қызметі енгізілді. Ол – жол-көлік оқиғасы (ЖКО) кезінде сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген түрі. Еуропалық хатта-маның ерекшеліктері мен артықшылығы неде? Соны бір саралап көрсек.
Фото: istockphoto.com
Биылғы қаңтардың бірінен бастап енгізілген хаттама міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтан-дыру төлемдерін онлайн реттеуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, еуропалық хаттама аясында жол-көлік оқиғасы кезінде көлікке келген залалды реттеудің жеңіл-детілген жүйесі қолданысқа енгізілді. Мұның қалай жұмыс істейтінін білу үшін БҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы, подполковник Александр Плешаковқа жолықтық.
Ол өз сөзінде еуропалық хаттаманың басты артықшылығы – полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз және сот шешімінсіз жүзеге асырылатын жол-көлік оқиғасына қатысты құжаттардың оңай рәсімделуі екенін айтты.
Яғни, сөз болып отырған хаттама жәбірленушінің сақтандыру төлемін алуға қатысты өтінішін және қажетті құжаттарды сақтандыру ұйымына электронды түрде жіберуге, олар қаралғаннан кейін көрсетілген банктік шоттан ақша алуға мүмкіндік береді. Осылайша сақтандырудың толық үдерісін (процесін) цифрландыру қамтамасыз етілген. Шарт жасасудан бастап сақтандыру төлемін алуға дейінгі барлық жұмыс электронды түрде жасалады.
Маңыздысы сол, еуропалық хаттаманы рәсімдеуге жол-көлік оқиғасына түскен екі көлік қатыса алады. Сондай-ақ ЖКО (жол-көлік оқиғасына) қатысушыларының қолданыстағы сақтандыру полистері болуы керек. Бұған қоса, ешкімнің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілмегені де маңызды.
Тағы бір айта кететін ақпарат, тараптар ЖКО-ға кім кінәлі, кім зардап шеккен және залал мөлшері 100 АЕК-тен аспайтыны туралы келісімге келуі керек. (қазір ол сома шамамен 370 000 теңге). Егер ЖКО осы критерийлерге сәйкес келсе, онда жол апатына қатысушылар ұялы телефондағы арнайы қосымша арқылы сақтандыру жағдайын тіркеп, сақтандыру төлемін алу үшін құжаттарды тапсыра алады.
Еурохаттама ЖКО қатысушылары арасында дау туындамай, тараптар өзара келісімге келген жағдайда жасалады.
2024 жылдың үш айында еліміз бойынша сөз болып отырған хаттама арқылы жеңілдетілген есеп айырысу үшін 1906 өтініш берілген. Сақтандыру төлемдерінің жалпы мөлшері 273 млн теңгеден асқан. Ал сақтандыру төлемін алудың орташа мерзімі – 6-дан 10 күнге дейінгі аралықты құрап отыр. Бұрын бұл процесс орта есеппен екі айға созылатын.
Сондай-ақ еуропалық хаттама бұрын жария болмаған шағын және маңызды емес ЖКО-лар туралы статистиканы жинақтауға да мүмкіндік береді. Жол-көлік оқиғасына қатысушы тараптар кейде жол полициясын шақырмай және сақтандыру төлеміне жүгінбей, жай ғана сол жерде уағдаласып, жөндеріне кететін. Ал жаңашылдық енгізгелі елеусіз ЖКО-лар статистикасын да жүргізуге болатынына көз жетті.
Сондай-ақ сақтандыру төлемдерінің артқаны да байқалды. Еуропалық хаттаманың арқасында болашақта сақтандыру төлемдерін ұлғайтуға ықпал етуге де болады. Сонымен қатар еуропалық хаттаманың қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Еуропалық хаттаманы қалай рәсімдейміз, ол туралы толық ақпаратты қайдан алуға болады деген сауал туындайтыны анық. Ол сауалдың жауабын елдегі ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сақтандыру нарығы және актуарлық есептеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Елена Филимоновадан алдық.
– Еуропалық хаттаманы «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-мен бірлесіп әзірлеген еуропалық хаттама қосымшасы арқылы немесе сақтандырушылардың өздері әзірлеген баламалы қосымшалар арқы-лы рәсімдеуге болады. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін 2570 нөмірі бойынша «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді, ол нөмір бойынша еуропалық хаттаманы рәсімдеу процесінде туындайтын барлық сұрақтарға жауап алуға болады. Осындай сервистерді сақтандырушылардың өздері де ұсынады. Сіз өзіңіздің сақтандыру ұйымыңыздың веб-сайтына кіріп, еуропалық хаттаманы қолдану туралы қажетті кеңес ала аласыз, – деді Елена Филимонова.
Елімізге енгізіліп жатқан цифрлық өнім сенімді ме? Дербес деректерді қорғай ма? Сақтандыруда тағы қандай жаңа цифрлық қызметтер пайда болады?
Қазірдің өзінде көп адам қызметтің жылдам әрі қолжетімді болғанын қалайды. Сол себепті аза-маттар кеңсеге баруға немесе сақтандыру делдалдарына жүгінуге қосымша уақыт пен ақша жұмсамай, бір рет басу арқылы көлігін, мүлкін, өмірін немесе денсаулығын сақтандыруға мүмкіндік беретін жүйеге жүгінуге пейілді. Ал олар өз кезегінде клиенттерінің қауіпсіздігіне кепіл болады. Қазіргі заманда бұл тұрғыда цифрлық өнім сенімдірек бола бастады.
Облысымызда еуропалық хаттама қалай жұмыс жасауда? Өңір тұрғындары одан хабардар ма? Кішігірім жол-көлік оқиғаларын онлайн рәсімдеуге мүмкіндік беретін хаттаманың игілігін облыс халқы пайдаланып жүр ме? Өкінішке орай, біздің өңірде аталған сақтандыру қызметінің жаңа түрі ене қоймаған.
Азаматтардың уақытын үнемдейтін жүйе не себепті әлі күнге дейін облыста сұранысқа ие бола алмай отыр? Бұл сауалды сақтандыру компаниясының өкілі Александр Морозовқа қойдық.
Оның айтуынша, ең басты себеп – тұрғындардың цифрлық сауатсыздығында екен. Одан кейін жол-көлік оқиғасына түскен жандардың азаматтардың бірбіріне сенбеуі де жаңашылдықтың жаппай қолданысқа енуіне кедергі болып отырған көрінеді.
– Еуропалық хаттаманың әлі жөнді жұмыс жасамай жатқанына облыстағы мобильді интернеттің сапасыздығы да кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар кейбір құжаттардың электронды нұсқасы табылмайтыны да хаттама жұмысын тежеп отыр, – деді А.Морозов.
Айта кететін тағы бір жайт, еуропалық хаттама жол-көлік оқиғасы тіркелген жағдайдағы әкімшілік жауапкершілікті шектейді. Сондай-ақ сақтандыру мекемелерінің шығынды өтеу мерзімін қысқартады.
– Егер жол-көлік оқиғасын стандартты түрде, яғни жол полициясы қызметкерлерін шақырып рәсімдейтін болсаңыз, ол процесс 90 күнге созылады. Сол себепті сақтандырудың жаңа тәсілін меңгеріп алған кімге болса да ыңғайлы, – дейді подполковник Плешаков.
Электрондық үлгідегі жаңа бастама сақтандыру, сот, полиция салаларындағы ашықтықты қамта-масыз етеді. Азаматтар жаңа жүйені жетік меңгерген сайын жұмыс тиімділігі арта түседі. Мысалы, былтыр әкімшілік сотта жол-көлік оқиғасына қатысты 2892 іс қаралған. Ағымдағы жылдың 7 айында сот 1595 іске төрелік жасаған.
Иә, биылғы жыл басынан бері сақтандырудың оңайлатылған жүйесі енгізілгенімен, әлі күнге дейін оны пайдаланушылар саны артпай отыр.
Ол ақпаратпен қаладағы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрайымы Ботакөз Нұрмағамбетова бөлісті. Оның айтуынша, өңірде еуропалық хаттама әлі жұмыс жасамай тұр.
– Ұсақ істердің санын азайтып, азаматтардың бір-біріне деген сенімін арттыратын жаңа хаттаманың толыққанды жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін сақтандырушылар мен жол полициясы қызметкерлерінің басын қосып, жаңаша жүйенің қалыпты жұмыс жасауын бірлесіп қамтамасыз етуге шақырдық, – деді Б.Нұрмағамбетова.
Сонымен қатар Ботакөз Темірбекқызы аталған хаттама қағазбастылықты азайтып, азаматтардың өзара ымыраға келуіне ықпал ететінін атап өтті.
– Осы кезге дейін қалыптасқан жүйе жүргізушілерге де, полицейлерге де қиындық туғызатын. Өйткені іс қозғалады, жол-көлік оқиғасының схемасын сызу керек болады. Бұл дегеніміз, ең алдымен, адамның уақытын алады, екіншіден, сот, полиция, сақтандыру мекемесі арасында әрлі-берлі жүріп жүйке тоздырасыз. Содан соң сот. Оның өтетін уақытын да күтуге тура келеді. Кейде сот уақыты әлсін-әлсін өзгереді. Ал еуропалық хаттама арқылы екі жақ келісіп, барлық істі бір күннің ішінде тындыра алады, – деді Ботакөз Нұрмағамбетова.
Біздің өңірде аталған хаттама арқылы сақтандыру ақысын алғандар бар ма? Өкінішке орай облыс аумағынан ондай адам таба алмадық. Тіпті кей тұрғындар ол туралы естімеген болып шықты. Сол себепті полицейлер мен сақтандырушылар алдағы уақытта аталған жүйе туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz