ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев кәріздік-тазарту ғимарттары ең алдымен қай қалаларға салынатын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Президент тапсырмасымен 2023-2028 жылдары кәріздік-тазарту ғимарттары салынады.
«Бүгінгі күні республика бойынша 89 қаланың 27-сінде кәріздік-тазарту ғимараттары жоқ, 41 қалада тозу деңгейі 60%-дан жоғары. 3 қалада жобаларды іске асыру басталды, олар: Сарыағаш, Атырау, Форт-Шевченко қалалары. Келесі жылы Ақтау, Ленгер және Шымкент қалаларында 3 жобаны жүзеге асыруға қаражат қаралған», - деді деді министр Үкімет отырысында.
Қалған 62 қала бойынша министрлік қаржыландырудың екі тәсілін әзірлеген.
«Біріншісі – халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын мемлекеттік кепілдікпен тарту. Аталмыш тәсіл халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қалада кәріздік-тазарту ғимарттарының құрылысына қолданылады. Екіншісі – республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылады. Бұл тәсіл халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын қалада жүзеге асатын жобаларға қатысты», - деді Қ. Өскенбаев.
Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында кәріз тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мәселелері қаралып жатыр.
Фото: gov.kz