Қолданыстағы көптеген жоғары вольтты электр беру желілері 40-50 жыл бұрын салынған және олардың пайдалану уақыты жобалық мерзімнен едәуір асады. Бұл туралы Энергетика министрлігі ашық талқыға шығарған Интеллектуалды энергетикалық жүйе тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясын әртүрлі меншік нысанындағы 200-ден астам электр станциялары жүзеге асырады. Ал елдегі ұлттық электр желілерінің құрамына жалпы ұзындығы 27 мың километрден астам 0,4-1150 кВ электр беру әуе желілері және кернеуі 220-1150 кВ 79-дан астам электр қосалқы станциялары кіреді. Өз кезегінде тарату желілерінде Қазақстан үшін айтарлықтай шығындар бар. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған көптеген жоғары вольтты электр беру желілері 40-50 жыл бұрын салынған және пайдалану мерзімі жобадан едәуір асады», - делінген құжатта.
Осы мәселелердің шешімі ретінде министрлік Интеллектуалды энергетикалық жүйе тұжырымдамасын бекітуді ұсынып отыр. Оның негізінде 2035 жылға дейін елдегі электр беру жүйелерін жаңарту, электр энергиясын «ақылды» технологиялардың көмегімен өндіру және саланы цифрландыру шаралары қабылданбақ.
Құжатты ашық талқылау 30 желтоқсанға дейін жалғасады.