– Жалпы, осы заңда екі бағыт бойынша түзетулер бар. Атап айтқанда, профилактаға қатысты отбасыларға көмек ұйымдастыру, қиын жағдайдан шығару функциясын әлеуметтік басқармаға енгіздік, себебі бұрын акиматта осы функцияға жауапты басқарма болған жоқ, - деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева.
Ол сондай-ақ қиын жағдайда тұратын отбасыларды анықтау үшін, зорлық-зомбылықты анықтау үшін жедел әрекет ету топтарына қатысты түзетулер көзделгенін жеткізді.
– Ең маңыздысы әр ауданда отбасын қолдау орталықтарының ашылуына байланысты түзетулер көзделген. Бұл орталықтар психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек көрсетеді. Онда уакытша төсек орындар болады, - деді ол.
Закиеваның айтуынша, осы норамалар 3 жылдық пилотқа негізделген.
Бұған қоса, заңда агрессорды үйден көшіру, олармен психологиялық жұмыс жүргізу сияқты ерекше талаптар көзделген.
– Балалар арасындағы зорлық-зомбылықты, буллингті, суицидтік көңіл-күйді анықтау үшін және оларға арнайы көмек ұйымдастыру, бірыңғай тәсілді енгізу үшін Балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарының ашылуына қатысты нормалар көзделген, - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Сонымен қатар, 111 сенім телефонына қатысты нормалар мен өңірлік балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер институты заңмен бекітілді.