Өткен бейсенбіде Тәуелсіздік күніне орай Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған облыстағы зиялы қауым өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен жастар қатысты.
– Құрметті жерлестер! Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік мұрат жоқ. Еліміздің тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің жеңісі. Биыл 25 қыркүйекте Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгілейтін заңға қол қойды. Нақтырақ айтсақ, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленетін өзгерістер енгізді. Сондай-ақ ел Президенті Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болатынын және сол күнді еліміздің егемендік алуына үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өту қажеттігін айтты. 1986 жылы желтоқсанда қазақтың қаһарман ұл-қыздары ұлт намысы үшін алаңға шықты. Содан тура 5 бес жыл өткенде еліміздің Тәуелсіздігі жарияланды. Осы орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары, Желтоқсан қаһармандарының есімдері жоспарлы түрде насихатталуда. Былтыр біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Осы уақыт ішінде еліміз біраз қиындықты еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті, – деді жиынның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Басқосуда өлкетанушы, тарихшы Жайсаң Ақбай Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын паш еткенін жеткізді. Оның айтуынша, Желтоқсан көтерілісіне қатысты деген желеумен Алматы қаласында білім алып жүрген облыстың 60 студенті оқудан шығарылған. Олардың дені елге қашып келіпті. Тіпті «Қылмыстық жауапкершілікке тартыламыз, түрмеде қор болып өлгенше, үйімнен сүйегім шықсын» деп өз-өзіне қол жұмсағандары да бар екен. Сондықтан еліміздің егемендігі үшін орын алған оқиға толыққанды зерттеліп, қоғамда өз бағасын алуы керек екен.
– Тәуелсіздіктің қай жылының да ерекше маңызды екендігіне ешкім шүбә келтіре қоймас. Тәуелсіз ел болып қала алсақ қана жоқтықты да, қиындықты да, әділетсіздікті де жеңе аламыз. Ал оған дәтіміз шыдамаса, бәрінен де үмітімізді үземіз. Ең жаманы, өзіміздің ғана емес, кейінгі ұрпақтың обалына қаламыз. Сондықтан өз елімізде, өз жерімізде болып жатқанның барлығы көңілімізден шыға бермеді екен деп Тәуелсіздік туын қолдан сусытып алмауымыз керек. Дүниеде тәуелсіздік пен бостандықты, теңдікті аңсамайтын бірде-бір адам, бірде-бір халық жоқ. Сол жолдағы тынымсыз күрес те тоқтап көрген емес. Сондықтан осы ақиқатты терең ұғып, қастерлеп, қолымыз жетіп отырған тәуелсіздікті түпкілікті баянды етуге күш салуымыз керек. Өйткені татулық пен тұрақтылық бар жерде ғана байырғы тұрғындар өз ұрпағының келешегіне зор сеніммен қарай алады. Қазақстанда да дәл солай. Демек, біз үшін бүгінгі таңда тәуелсіздік қандай қымбат болса, ұлтаралық татулық та сондай қымбат. Осы себепті ынтымақтастық пен ауызбіршілікті нығайта түсуге барынша күш-жігер жұмсауымыз керек. Биыл тәуелсіз ел болғанымызға 31 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл қас-қағымдай ғана уақыт. Әйтсе де, осы өте қысқа уақыт аралығында Қазақстан өз тәуелсіздігін әлем жұртшылығына мойындата алды. Өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси негізін бекітті. Нарықтық экономикаға енді. Ел ішіндегі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтай білді. Сонымен бірге әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесіне айналды. АҚШ, Қытай, Ресей секілді алып державалармен терезесі тең әріптестік қатынас орнатты. Бұған азға қанағат тұтқан, көпке салауат айтқан халқымыздың арқасында жеттік. Еліміз бұдан да дамыған, гүлденген, халқы бақуатты мемлекетке айнала алады. Оған кедергі болып отырған елімізде кеңінен орын алған сыбайлас жемқорлық, өнеркәсібіміз бен ауыл шаруашылығымыздың баяу дамуы. Жаңа, әділетті Қазақстанды гүлдендіруге ел Президенті мен облыс басшыларының білек сыбана кірісуі керек, – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Рысбеков.
Сондай-ақ басқосуда зиялы қауым өкілдері де Желтоқсан көтерілісінің шығу себебін және алаңға шыққан қазақтың қаһарман ұл-қыздарының батырлығы туралы ойларын ортаға салды.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz