Биыл 18 жасқа толып, елдегі сайлауға өз үлесін қосу құқығына ие болғандардың қатарында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Агротехнология институтының 1 курс студенттері Балауса Ильясова мен Зухра Ержанова да бар.
Жыл басында ғана кәмелет жасқа толған жас арулардың бүгінде оқу үлгерімдері жақсы, университеттің қоғамдық өміріне де белсенді араласуда. Балауса сурет салуды, спортпен айналысуды, шама келгенше қайырымдылық жасауды ұнататынын айтады. Сонымен қатар қазір «Жәңгір хан» ұрпақтары волонтерлік қозғалысының белді мүшесі. Ал Зухра болса би билеп, домбыра тартуды жанына серік еткен.
-Бұрын ата-аналарымыз бен аға-апаларымыздың сайлауға қатысатынына қызыға қарайтынбыз. Енді бүгін бізге де елдің болашағы үшін таңдау жасау мүмкіндігі туғандығы қуантады. Дәл қазір өзіміздің есейіп, мемлекеттің ертеңі үшін үлес қосқанымызға қуанып тұрмыз. Осы оқу орынын сәтті аяқтап, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосу біздің басты мақсатымыз, - дейді қос құрбы.