Биылғы маусым айындағы мәлімет бойынша, елімізде 4 млн 350,5 мың көлік бар. Оның 87,7 пайызы жеңіл теміртұлпар болса, ауыр жүк көліктерінің үлесі – 10,4 пайыз. Ал Қазақстандағы автобустар – 1,9 пайыз. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бюро ақпаратына сәйкес, елімізде бензинмен жүретін көліктер - 87,8 пайыз. Дизельмен қозғалатын темір тұлпарлардың үлесі - 1,9 пайыз. Ал аралас отын арқылы жүретін автокөліктер 8 пайыз құрайды.
Ел территориясында тіркелген көліктердің басым бөлігі 20 жылдан астам қолданыстағы теміртұлпарлар. Яғни, бүгінде қазақстандықтардың 50,4 пайызы ескі көлік мінеді. Ескі автокөліктер көбіне Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстанда тіркелген.
Ал жаңа көліктердің (шығарылған уақыты 3 жылдан аспайтын көліктер) үлесі - 7,4 пайыз. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, көпшілік су жаңа темір тұлпарлардың иелері Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласының тұрғындары.
Еске сала кетейік, бұған дейін шетелден көлік тасушылар тауар бағасын 53 млн долларға кемітіп көрсеткенін жазған болатынбыз.