2023 жылдың қаңтар айы қосымша кәсіптік білімге деген бұрын-соңды болмаған сұраныспен ерекшеленді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанда жыл басынан бері жол саласы мамандарының өз біліктілігін жетілдіруге деген қызығушылығының арта түскенін айта кеткен жөн. Қаңтар айындағы 2 аптаның көлемінде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының оқу орталығына 105 жолшы жүгінген екен. Бұл 2022 жылдың I тоқсанындағы көрсеткіштен 3 есе көп. Яғни, былтыр бұл уақыт аралығында курстарға қатысуға тек 28 адам ниет білдірген.
«Жолшылар әрқашан соңғы әзірлемелерден хабардар болуы керек. Салалық білімге деген сұраныс арта түскенін көріп отырмыз. Егер бұрын-соңды біздің курстар тек 7 тақырыпты қамтыса, қазір олардың саны 22-ге дейін көбейді. Онлайн сабақтармен қоса, мамандар барып дәріс беретін курстар да пайда болды», деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ Оқу орталығының директоры Гүлжамал Омарова.
Қазіргі уақытта Астанадағы ҚазжолҒЗИ зертханасында біліктілікті арттыру бойынша алғашқы курстар өтіп жатыр. Бұған дейін институт дәрістерді тек Алматы қаласында өткізген. Оқыту бағдарламасы жол-құрылыс материалдары мен жұмыстарының сапасын бақылау тақырыбына арналған. Курсқа қатысушылар топырақ, минералды ұнтақ және тас материалдарын сынау әдістерімен танысады. Сонымен қатар арнайы белгіленген уақытта мамандар өзара тәжірибе алмасады.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанның жол құрылысы саласында білікті мамандардың тапшылығы байқалады. Осыған байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі орын алған жағдайды жақсарту үшін Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтына зертханалық жағдайда жол салу теориясы мен практикасын оқытатын оқу орталығының жұмысын дамытуды тапсырған болатын.