22.11.2021, 15:10
Оқылды: 144

«Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік»

1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған сәттен бастап, оның құрамындағы елдер өз алдарына тәуелсіз мемлекет бола бастады. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасы Егемендігі туралы Декларациясын жариялады. Бұл заң Қазақ елінің елдігін нығайта түсті. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Қазақстан  Республикасының Тәуелсіздік күні – тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Биылғы жылы Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік тек Қазақстан тұрғындары үшін емес, сонымен бірге шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Кеңес Одағының әміршіл-әкімшіл жүйесі салдарынан өрбіген «Желтоқсан оқиғасына» биыл 35 жыл толады. Желтоқсан оқиғалары тәуелсіздікке серпін берген алғашқы қадам еді.

1620805420884

Еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде аз нәрсе жасалған жоқ. Сонау қиын-қыстау 90-шы жылдардың да ауыртпашылығы ел жадында қалары анық. Жұмыссыздық белең алған тоқырау заманда таршылық жағдайды бастан кештік. Еліміздің экономикасын нығайтуға бағытталған Елбасымыздың сындарлы саясаты арқасында шетелдік компаниялардың ел экономикасына инвестиция қаржыландыруы арқылы елімізде зауыттар мен фабрикалар көптеп салынып, жұмыс көздері ашыла бастады. Жеке кәсіпкерлер өз істерін бастап, халық игілігіне жұмыс жасауда. Еліміздің түкпір-түкпірінде қалаларда, аудандарда тұрғын үйлер салынуда, қалалар мен аудандарды көркейтуде көпшілік демалатын саябақтар мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, республикалық және облысаралық жолдар салынып жатыр. Қоршаған ортаны көгалдандыру мақсатында, сенбіліктерде тал көшеттер мен ағаштар отырғызылып, еліміз жылдан-жылға көркейіп келеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша еліміздің сакралды жерлерінің картасы жасалып, туризм саласы жыл сайын дамып келеді. Елбасымыздың жүргізген саяси экономикалық реформаларының арқасында Қазақстанды қазіргі таңда бүткіл әлем таныды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: - «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы», - деп атап өткен болатын. Мәңгілік ел» идеясын ұстанған қазақ халқының алар белестері әлі алда. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр.

Дулат Темірболатұлы,

М.Мералиев атындағы тарихи-өлкетану

 музей меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале