Аты аңызға, тірісінде абызға айналған Әбіш Кекілбайұлының бүгін туған күні. Тірі болса Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері бүгін 80 жасқа толар еді, деп жазады ҚазАқпарат.
Жазушының есіміне көше беру салтанатына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Көше астананың сол жағалауында ЭКСПО аумағына жақын маңда орналасқан. Мәңгілік ел көшесімен қиылысады.
«Бүгінгі күн – үлкен қуанышты сәт деп ойлаймын. Өйткені, Тұңғыш Президентіміз – Елбасының ұсынысымен осы Еуразияның төрінде Сарыарқаның төсінде жаңа астанамыз салынды. Елбасы көтерген осы бастамасына тілегін қосып, шын жүрегімен ниетін білдіріп, қолдау көрсеткен Әбіш ағаның атында көше ашылып жатыр. Біз Алла тағалаға «Әбекеңді алып кеттің» деп өкпе айта алмаймыз. Қазақта осындай ұлы абыз адам болғаны үшін рахмет айтайық. Екі ғасырдың тоғысында, тәуелсіздіктің елең-алаң кезеңінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы, Әбіш Кекілбайұлы секілді ұлы тұлғалардың болуы – біздің қазаққа Алланың көрсеткен қолдауы, жақсылығы деп есептейміз. Даңғылдың бойында жүретін өскелең ұрпақ Әбіш Кекілбайұлының кім екенін, осы Нұр-Сұлтан қаласының не үшін салынғанын ескеріп, тәуелсіздігімізді баянды етуге үлестерін қоса берсін деп тілейміз», - деді жиын барысында Қырымбек Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде салтанатты шараға келген жазушының жары Клара Жұмабайқызын құттықтады.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорда көшелерінің біріне Әбіш Кекілбайұлының есімі берілуін тарихи оқиғаға теңеді.
«Елбасының қасында жылдар бойы серік бола жүріп, қазақ елін Мәңгілік ел етуге үлкен еңбек еткен ағамыз мәңгі есімізде болары сөзсіз. Әбіш ағамызға бүгін ас беріліп, кешке еске алу кеші өтеді. Бұл - мемлекетіміздің мәдениет қайраткерлеріне, жазушыларға, қазақ елінің бірлігін көтеріп жүрген азаматтарға деген үлкен құрмет. Сондықтан, бүгінгі іс-шара баршамызға құтты болсын», - деді қала басшысы.
Айта кетсек, Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы (бұрыңғы Гурьев облысы) Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Жаңайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген топтан.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер