Елімізге белгілі ақын-жазушылар елордада бас қосып, қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевты еске алып, ақынмен кездескен сәттерден естелік әңгімелер айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде Мұқағалидың көзін көріп, араласқан адамдардың қарасы азайып келе жатыр. Ақынды көріп, біліп, араласқан адамдардың бірі – біз. Мұқағали кездескен сәтте аңқылдап әңгімесін айтып жүретін ақжарқын жан еді. Ол кезде мен қазіргі ҚазҰУ-де оқытушымын. Бір күні талапкерлерден оқуға түсу емтиханын қабылдап жатып, терезеден қарап қалсам, балаларын қолдап келген ата-аналардың қатарында Мұқаң да отыр. Сөйтсем, оның да баласы оқуға түсуге емтихан тапсырып жатыр екен. Астына газет төсіп алған, ағаштың көлеңкесінде көпшілікпен бірге отыр екен. Байқап қалып, дереу сыртқа шықтым, айтпағым ұлылар қарапайым болады деген осы шығар», - деді көрнекті қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков.
Мемлекет қайраткерінің айтуынша, Мұқағали Мақатаев өте қарапайым кісі болған.
«Бір күні Шона Смаханұлы ағамызға сәлем берейін деп Жазушылар одағына келдім. Ол кезде ағамыз одақтың поэзия бөлімін басқаратын еді. Сол бөлімнің алдында Мұқағалиды көріп қалдым, қолында биттің қабығындай кітапшасы бар, өткен-кеткенге тыңдашы деп кітабынан үзінді оқып бергісі келіпті, бірақ оған тоқтап жатқан ешкім жоқ. Мен қасына келіп ем, Мырзаш сен тыңдашы деп деп маған оқып берді. Сол әлі есімде «Көгершіндер» деген өлеңін оқып берді. Осыдан түйетін ой, адамның барында қадірі жоқ деп бекер айтылмаған», - дейді ол.
Сондай-ақ, ақын туралы жылы лебізімен жазушы, драматург әрі ақын Ақұштап Бақтыгереева да бөлісті.
«Мұқағали ағамыздың көзін көргендер азайып келеді деді Мырзатай үлкеніміз. Соның бірі мен едім, қолыма қалам алғалы Жазушылар одағына барып жүріп сол кездегі алыптардың бәрін көрдім десем де болады. Соның бірі өкінішке қарай, Мұхтар Әуезовті бірақ рет көру бұйырды. Ал Мұқағалиға келсек, мен ағаммен сол кездегі Жұлдыз журналында әріптес болдым, ол 1971-1972 жылдар еді. Көзбен көргеннен кейін Мұқағали туралы көп нәрсе айтуға болады. Бірақ мен Мұқаңмен алғаш танысқан сәтті еске түсіріп, әңгімелегеннен гөрі өлеңмен жеткізсем деймін», - деді А.Бақтыгереева.
Және ақын М.Мақатаевқа арналған жаңа өлеңін жиналған қауымға оқып берді.
«Біздің отбасымыз Мұқағалимен аса жақын араласты, оның жақсы жағында, өмірдегі қиындыққа ұшыраған сәттерінде білеміз. Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов мен бәріміз Мұқағалидың үйіне қонаққа жиі баратынбыз, не үшін бара беретінімізді білмеймін. Лашын етін асып күтіп алатын бізді, әрине ол кезде жаспыз. Олар 4 бөлмелі үйде тұратын. Оның 2 бөлмесінде Мұқағали әйелі және 4 баласымен тұрса, қалған 2 бөлмесінде Тайыр Жароктың баласы тұрып жатты. Үйіне барғанда бізге жаңа шығарған өдеңдерін оқып беретін», - деген естілігімен бөлісті белгілі ақын Алтыншаш Жағанова.
Айта кетсек, бүгін елордадағы Ұлттық музейде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қазақ поэзиясының классигі Мұқағали Мақатаеватың 90 жылдығына арналған «Поэзия алыбы – Мұқағали Мақатаев» атты дөңгелек үстел өтті.
Аталған жиынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Ұлттық музейі және Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтті.
Шараға елімізге белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
inform.kz