Республика күні қарсаңында Астана қаласында «Қазақстан – алтын ұям, бесігім» атты жас патриоттардың I Республикалық слеті өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам оқушы арнайы келіп қатысты.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Аталмыш шарада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев отансүйгіштік - еліміздің тұрақты дамуының басты кепілі екенін атап өтті.
«Қазақтың ұлы ойшылдары Отанға деген сүйіспеншілік – бұл әрқайсымыздың бойымыздағы шынайы патриотизмнің нақ өзі деп айтқан. Патриотизм дегеніміз - жақсы оқу, күнделікті еңбектену, әдептілік, өз тарихыңды, мемлекеттік рәміздерді және ұлттық дәстүрлерді құрметтеу. Мемлекет сіздердің – өскелең ұрпағымыздың сапалы әрі лайықты білім алуларыңыз үшін барлық жағдайды жасауда. Сендердің міндеттерің – елді сүю, туған халқыңа адал қызмет ету», – деді Ғани Бейсембаев.
Ведомство басшысы министрліктің білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстарды қолға алғанын атап өтті.
Биылғы қыркүйек айында Біртұтас тәрбие беру бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы азамат тәрбиелеу.
Сонымен қатар Балаларды зорлық – зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Құжатта профилактикалық жұмыстар мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 53 іс-шара қарастырылған.
Айта кетейік, слетте бас қосқан мектеп оқушылары Қазақстандық жас патриоттар академиясының мүшелері.
Ұйым 2016 жылы құрылған.
Ол бүгінде 3000-нан астам мектеп оқушыларын яғни өз елінің жас патриоттарын біріктірді. Олар еліміздің әр өңірінде өтетін патриоттық шараларға белсене қатысып келеді.