Ел кубогі бәсекесінің финалында "Ақжайық" жанкүйерсіз қалмайды. Астанада тұратын оралдықтар команданы қолдау үшін қарашаның он екісі күні "Астана Арена" стадионына жиналмақшы. "Ақжайық" командасының тілеулестері стадионның E1 және E2 секторына орналасады.
- Оралда туып өстім. Қазір жұмыс бабымен Астана қаласындамын. Жастайымнан "Ақжайыққа" жанкүйер болдым. Осы кезге дейін сүйікті командамның елордада болған матчтарын жіберген жоқпын. Ал кубоктің финалы сияқты маңыздылығы жоғары ойындарда командамен бірге болу – азаматтық борышым. Бұл финал Орал футболы үшін тарихи ойын, - дейді Астанадағы "Ақжайықтың" жанкүйері Артур Искалиев.
Осы күні тек команда ғана емес, жанкүйерлер де финалдық ойынға қызу дайындалуда. Клуб түсіндегі байрақтар мен футболшыларға рух берер баннер дайындалыпты.
Айта кетейік, қарашаның он екісі күні "Ақжайық" пен "Ордабасы" командалары ҚР кубогін сарапқа салады.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz