1.04.2025, 20:00
Оқылды: 37

Елордалық театр ұжымы БҚАТУ жастарымен кездесті

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ұжымы келді. Театр актерлары жоғары оқу орнындағы шығармашылық ұжымдарға шеберлік сағаттарын өткізді.

WhatsApp Image 2025-04-01 at 17.12.23
Театр директоры, режиссер Асхат Маемиров пен оның шәкірттерін университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов бастаған оқытушылар мен студенттер ыстық ықыласпен күтіп алды. – Біз елордалық өнер ордасының басшылығымен және ұжымымен ұдайы байланыстамыз. Біздің білім алушыларымыз да театр қойылымдарын Оралға келген сапарларында тамашалап жүр. Аграрлық-техникалық бағытта жоғары білім беретін оқу ордасы болғанымен, біздің студент-жастарымыз өнерге құштар. Университетімізде «Мәдениет және өнер студиясы», студенттік театр, би, вокал, ұлттық аспаптар ұжымдары бар, – деді өз сөзінде Асқар Мырзахметұлы. Бұдан соң театр директоры А.Маемировті Жәңгір хан университетінің 60 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.
Өнерді құрметтейтін университет жастарына ризашылығын жеткізген Асхат Максимұлы: – Өнерді сүйетін адамнан жан-жақты тұлға шығады, ол жаман әдеттерге бой алдырмайды. Ежелден қазақ пен өнер – егіз ұғым екеніне ешкім талас туғызбайды. Білім ордасының шығармашылық ұжымдарының жеткен жетістіктеріне біз де қуаныштымыз. Бұл қара шаңырақтан аудан мен облыс әкімдері, сенаторлар, жауапты тұлғалар түлеп ұшты. Бүгінде олар еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, ұлттың игілігіне қызмет етіп жүр. Сіздердің араларыңызда да болашақ сондай білікті мамандардың, іскер азаматтардың отырғанына сенімім мол, – деді. Сонымен бірге театр өнері, қойылымдарға дайындық барысы, режиссерлік қызметі, актерлар құрамы туралы әңгімеледі. Студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Кездесуге елордалық өнер ұжымымен бірге бір жыл бұрын ашылған Атырау жастар театрының актерлары да қатысты. Қонақтар қосыла әдемі әуендер шырқап, тыңдаушыларға рухани демалыс сыйлады.
Сонымен қатар Музыкалық жас көрермендер театрының өнерлі жастары университетіміздегі шығармашылық ұжымдарға шеберлік сағаттарын өткізді. Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейіне экскурсия жасады.
Астаналық театрдың актрисасы Альбина Хамидуллина Жәңгір хан университетінің өнерге құлшынысы жоғары жастарымен жүздескеніне қуанышты екенін жасырмады.
– «Ұшқын» студенттік театрының мүшелерімен өткен шеберлік сағатында олардың бойындағы қызығушылықтарына тәнті болдым. Біздерге сұрақтарын қойып, театр өнерінің қыр-сырын үйренуге талпынып жатыр. Соның өзі – олардың болашақта жақсы нәтижелерге жететіндерінің дәлелі. Дейтұрғанмен, оларға әлі де іздену керек. Осындай шеберлік сағаттарына, кездесулерге қатысып, қойылымдарға, концерттерге жиі барып тұру керек, – деді актриса.
2020 жылы Музыкалық жас көрермендер театры ашылғаннан бастап жұмыс жасайтын Альбина Оралдағы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының түлегі екен.

Әсерлі сәттерге толы болған кездесуден кейін астаналық театрдың басшысы Асхат Максимұлы университет ректорына алғысын білдіріп, студенттерді Музыкалық жас көрермендер театрының Оралда өтіп жатқан қойылымдарын тамашалауға шақырды.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале